Жаңалықтар

Ғалияның «электр әлемі»

Мемлекет басшысының бастамасымен биыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтарының жылы» жарияланды. Осы орайда еліміздің тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын техникалық мамандардың жұмысына ерекше назар аударылды. Қарағандылық Ғалия Бердімұратқызы «Tranco Industrial Railways Transportation» ЖШС мекемесінде жұмыс істейді. Сегіз жыл бойы теміржол саласының электрмонтері қызметін атқарған ол кәсіби шеберлігін үздіксіз жетілдіріп, еңбекқорлығының арқасында әріптестерінің құрметі мен сеніміне ие болды.

Сурет кейіпкер мұрағатынан

Кәсіби еңбегі, шыдамдылығы, табандылығымен және жауапкершілігімен қатар жұмысына тыңғылықты энергетик – кәсібі тек ер адамға тән деген жалпы пікірді жоққа шығарды. Оның айтуынша, инженерлер, диспетчерлер және электрмонтерлердің жұмысы ер мен әйелге бөлінбейді. «Мен бұл салаға бұрын келмегеніме өкінемін. Уақыт өте келе дұрыс таңдау жасағаныма қуанамын. Ауа райының қолайсыздығы, тәулік уақыты мен басқа да қиындықтарға қарамастан берілген тапсырмаларды нақты орындаймыз. Біздің басты міндетіміз – аудандық желілердің сенімді және сапалы жұмысын қамтамасыз ету», – дейді Ғалия.

Оның пікірінше, әріптестері жұмысқа келгенде мейірімді әрі жанашыр, кез келген жағдайда қолдау көрсетеді. Өйткені, электрмонтер мамандығы – жоғары деңгейдегі шеберлікті, техникалық білімді және үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Қазіргі заманның талаптарына сай, электрмонтерлер тек қарапайым электр құрылғыларын орнатып қана қоймай, заманауи технологияларды тиімді пайдаланып, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Кәсіби білім мен тәжірибені ұштастыра отырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, электрмен жабдықтаудың болашақтағы тұрақты дамуына үлкен үлес қосады. Энергетика саласындағы кез келген жетістік – бұл ең алдымен, мамандардың еңбегі мен шеберлігінің нәтижесі.

Ғалия сондай-ақ әңгіме барысында Президенттің жұмысшы мамандарды қолдау жөніндегі бастамасының маңыздылығына тоқталды.

– Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жарияланғанына қуанып жүрмін. Бұл бастама жұмысшы мамандардың маңыздылығын көрсетіп қана қоймай, жастарды техникалық мамандықтарға тартуға септігін тигізеді, бұл еліміздің дамуы үшін аса маңызды. Нақты кәсіпке баулып, жолын табуға, еңбекке деген құрметті арттыруға үлкен мүмкіндік береді, – дейді электрмонтер.

Жұмысшылардың сөзіне сүйенсек, «Tranco Industrial Railways Transportation» ЖШС мекемесінің мамандары қызметкерлердің кәсіби өсуіне ерекше көңіл бөледі. Мұнда олар бастамашылық пен кәсіпқойлықты бағалайды, сонымен қатар дамуды қолдайды және карьералық өсу үшін жағдай жасайды. Дәл осы қасиеттер компанияның өз саласында көшбасшы болып қалуына ықпал етуде.

– «Tranco Industrial Railways Transportation» ЖШС – жылдар бойы Қушоқы кентіндегі көптеген тұрғындарға тұрақты жұмыс пен сенімді табыс ұсынып келе жатқан, өзін жақсы жағынан дәлелдеген кәсіпорын. Жалақы уақытында беріледі, ұжымда ұйымшылдық бар. Жалпы сенімді жұмыс орны. Сол үшін де жастар тарапынан қызығушылық басым, – дейді ол.

Әріптестерінің айтуынша, Ғалия сондай-ақ өз міндеттерін мінсіз орындайтын сауатты және жауапты маман.

– Бұған дейін «Қазақмыс» корпорациясының политехникалық колледжінде білім алып, электрмеханик мамандығын бітірдім. Бұл мамандықты таңдаған себебім техника мен энергетика саласына бала кезден қызығушылық болды. Тұрақты және сұранысқа ие нақты сала болғандықтан, қиын әрі оңай тұстары қатар кездеседі.
Жұмыстың оңай тұсы – тәртіпке, жүйелілікке негізделген. Ал, қиын тұсы кез келген ауа райында жұмыс жасауды талап етеді.
Электрмен жұмыс істейтін кез келген маман үшін қауіпсіздік –бірінші орында тұрады. Электрмонтерлердің жұмыс күні әрқашан қауіп-қатерге толы. Электр тогымен байланыс жасау, оның ақауларын тауып, жөндеу жұмыстарын жүргізу – зор шеберлікті, білім мен жауапкершілікті талап етеді. Олардың жұмысы тек жеке қауіпсіздікке ғана емес, бүкіл қоғамның қауіпсіздігіне жауапты. Сондықтан олар жұмысты бастамас бұрын, арнайы сақтық шараларын жүргізіп, барлық қажетті құрал-жабдықтарды тексеріп, қауіпсіздік ережелерін мұқият сақтайды.
Бұл мамандыққа қызығушылық танытқан адам алдымен электр жүйелері мен құрылғыларын терең меңгеруі қажет. Электрмонтер мамандығы көптеген техникалық білім мен дағдыларды талап етеді. Мамандар арнайы оқудан өтіп, сапалы теориялық білім мен тәжірибе алады. Сонымен қатар, электрмонтерлердің еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуы үшін үнемі жаңашылдықты қабылдай алатын, инновациялық технологияларға бейім болғаны жөн, – дейді Ғалия Бердімұратқызы.

Біздің кейіпкер басты жұмысы ең алдымен қауіпсіздікпен байланысты екенін алға тартады. Өзі айтып өткендей, электр энергиясымен жұмыс істеу барысында пайда болуы мүмкін қауіптерді болдырмау үшін мамандар арнайы қауіпсіздік шараларын үйретеді. Электр соғуынан, қысқа тұйықталуынан, өрттен және басқа да төтенше жағдайлардан қорғану үшін олар техникалық құрылғыларды дұрыс пайдаланып, жүйенің жұмысын қадағалауды да үйренеді.

Сондай-ақ ол жұмыстан тыс уақытта 3 баланың анасы ретінде отбасының берекесін кіргізеді. Ал, қосымша жеке кәсібі оған шағын дүкен ашуға мүмкіндік берген.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button