Бас тақырып

АЛЕКСАНДРА. Жоғалған балалық

Латвия. Қанқұйлы шайқас жүрсе де, республиканың аумағын немістер тез басып алды. Қырық бірдің 26 маусымында-ақ Даугавпилс, 29 маусымда Лиепая басқыншылар қолына өтті. Ал, 1 шілдеде екі-ақ күндік шайқаста Рига да берілді. Жетпей желкесінен қиылған 39 835 баланың қаны судай аққан «Саласпилс» концлагері де осы жерде орналасты, дәл осы жерден 279 615 адам Германияға жөнелтілді. Адам қолынан жасалған қанды қырғынға шыдамаған жер тітіреніп, қалың орман жантүршігерлік ыңырсыған дауыспен қоса күңіренді. Осы сұмдықтың бәрін алты жасар шынашақтай қыз Саша, Александра ГУДЗЕБА көзімен көрді. Әуел бастан Қарағандының дәмін тату маңдайына жазылды ма, әлде, періштесі қақты ма, қанды қасаптан аман қалды.

…Таңертеңгілік алтындай жарқыраған бұйра шаштарына шағылысқан күннің сәулесінен оянған кішкентай Саша аспан түстес көкпеңбек тұнық көздерін аша алмай біраз жатты. Өзімен тетелес әпкесі Вера әлдеқашан тұрып кеткен сыңайлы. Асүй жақтан анасы пісірген құймақтың иісі мұрынды қытықтайды. Терезе түбіндегі жасыл жапырақтары желмен ойнап, әлсінәлсін сыбдыр қаққан қайың да өзіне бас изеп амандасып, «Тұрсаңшы, асыр салып жүгірмейсің бе?» дейтіндей. Алтыға енді ғана келетін тұлымды қыздың шынында да, ойыннан бөлек басқа уайымы да жоқ.

Әкесінің жұмыс бабымен Ленинград түбіндегі Рогавка станциясына көшіп келгендеріне көп болмаса да әуелден өзгелермен араласа кетуге бейім қыз талай дос тапты, алаңсыз асыр салды. Бірақ, осы алаңсыз күндері көп кешікпей көзден бұлбұл ұшатынын сол кезде кішкентай Саша да, басқалары да білмеген еді.

Қорқыныш, қорқыныш, қорқыныш! Қорқыныштан басқа ештеңе емес. Әкесі Иванды соғысқа шығарып салғанда анасы жылады, бұл күлген. Қайтып келеді емес пе, не жылайтыны бар?! Бірақ, әкесімен бірге кеткендердің түстері неге суық екенін білген жоқ. Әншейінде әпкесі Вера екеуіне қарағанда ерекше мейірлене қалатын көздері де бүгін жансыз. Сол кеткеннен мол кетті. Анасы ағаш тілетін зауытқа жұмысқа шықты. Үйде құймақтың иісі шықпағалы қашан. Көзін ашса да, жұмса да көретіні ағаш жаңқасы. Кейінгі кезде сол ағаш үгіндісі қосылған қара нанның өзіне де зар болып қалатыны бар. Бүгін де, ертең де, бүрсігүні де балаңа жейтін тамақ тауып бере алмаудың қиынын-ай. Бала болса да анасының аштықтан көгерген жүзінен соны ұқты. Естігені ғана болмаса, неміс атаулыны көрген жоқ әлі. Тек күнде де, түнде де ішегі шұрылдайды да тұрады. Кейде орманға барып, сәті түсе қалса қолдарына бірді-екілі бүлдірген ілігеді. Аналары жұмыстан келіп, бәрі қылдай қылып бөліп жегенге дейін әпкесі Верамен бірге күтіп отырады.

Рогавка станциясы арқылы өтетін теміржол Ленинградқа апаратындықтан немістердің соққысын өздеріне қабылдаған да, қоршауда қалған да осы станцияның тұрғындары еді. Біресе Совет армиясының, біресе немістердің қолына өтті.

Сашаның көзінің түсіндей көк аспанды да көруден қалған. Әрі-бері жөңкілген истребительдер, тарс-гүрс атыс, жарылған бомба. Вера мен Саша ұшақтың кімдікі екенін дауысынан-ақ ажыратуды үйренді. Тіпті, бомба тастай ма, әлде, тек барлау үшін жүр ме, оны да біледі.

Неге екені есінде жоқ, бір күні бәрі жапа-тармағай орманға барып тығылды. Анасының бауырына тығылған шынашақтай қыз үшін сол күні ағаштар өздерін паналап келген бейбақтардың жанын алып қалу үшін зорайып кеткендей көрінген. Жапырақтары да ерекше шуылдап, айбынымен жаудың бетін қайтарғысы келгендей. Сол күні аман қалды.

Үйлеріне оралған кезде айналаның бәрі қып-қызыл өрт. Себебі, станция қолдан-қолға өткенде шегінгені өртеп кете беретін. Өртті қойшы, көше толы аштықтан ісініп өлген өліктер. Неге екенін, уайымнан еріндері күлдіреп кете береді. Бір күні станция Совет әскерінің қолына өткенде әкесінің ағаштан қиып салған үйінен госпиталь жасады. Ыңырсыған дауыстан құлақ тұнады. Жаралы солдатқа тірілей операция жасағанда құлындағы дауысы құрыққа жетіп, құлағыңды еріксіз жабасың.

Бірде ұрыс даласынан қашқан өрімдей солдат тап болды станцияға. Ол кезде станция Совет әскерінің қолындатын. Халықты жинап жауап алды. «Неге қаштың?» дейді ғой. Сонда берген жауабы «Анамды сағындым!» еді. Қашқын ретінде көз алдыларында атылып кете барды.

Көргенінің барлығы Сашаның есінде қалмаған. Бала психикасына нұқсан келмеуі үшін сананың осылай жасайтыны бар. Еміс-еміс есінде қалғанының бірі, немістер қолға түскен партизандарды тұрғындардың көзінше дарға асатыны. Қанша есіне түсірмеуге тырысқанымен, дәл осы жағдай санасынан кетер емес.

Аптаның бір күнінде ат арбамен өлік жинауға келеді. Көше аралап, ісіп-кебінген мүрделерді қайда алып кететіні белгісіз.

Осылай 4 рет қолдан-қолға өтіп, соңғы рет станция тұрғындарын «Мясной бор» атанған ауылға жібермекші болғанда, солдаттармен бірге 3 ай қоршауда қалып, блиндажда тұрды. Күндіз-түні соғыс. Біздікілер қоршауды бұзып шықпаққа жанталасты, немістер де ар жақтан тықсырып барады. Үйілген өліктен аяқ алып жүргісіз. Тамақсыз, сусыз, оқ-дәрісіз қалған әскерді үш айдан кейін немістер алып тынды.

Неге екенін солдаттарды бір бөлек, өздерін бір бөлек алып жүрді. Тұтқынға түскендермен бірге бірнеше күн жаяу жүргені есінде. Құлауға болмайды, тоқтауға болмайды. Өлдім дегенде вагондарға малша айдап кіргізіп, бір қалаға алып келді. Не қала екенін де білмейді. Кейіннен білді. Латвияның Рига қаласы екен. Келгеннен кейін үй шаруасына жарайды-ау дегендерін жергілікті сол жерге орналасқан латыш әйелдері алып кетті. Концлагерден жақсы әйтеуір. Жейтіндері бұрынғыдай ағаш ұнтағынан жасалған көже емес, қожайындарынан қалған қалдық. Көзіңді көтермейсің, балаларына жоламайсың, сұрамайсың ештеңе, сөйлемейсің. Үй иесінің әйелі биді жақсы көреді, өзі сияқтыларды жинап, күнде кешкілік би ұйымдастырады. Бәрін ұмытқысы келеді, мұндайды ешқашан көргісі келмейді. Бірақ, есінде.

Ригаға күндіз де, түнде де ағылып келіп жатқан тұтқындар. Қайдан әкелінеді, қайда әкетеді. Беймәлім.

Бір күні анасын комендатураға шақыртты. Германияға жіберілетіндердің тізіміне іліккен. Анасы да жылады, екі қызы да жылады. Бірақ, жіберіп үлгермеді. Көрер жарықтары бар екен…

Совет әскері Риганы неміс басқыншыларынан босатқанда қуанышында шек болмады. Тозақтың ортасында жүріп, үшеуінің де қалай тірі қалғаны белгісіз. Барар жері, басар тауы да қалмаған бұларды Қазақстанға, Қарағандыға ашық эшалонмен жөнелтті. Қап-қара түтін көзге кіріп, ашытса да, Ригада көрген қорлықтарының қасында эшалон жұмақтың төріндей еді…

* * *

…Әкесі сол кеткеннен оралмады. Қара қағаз да келмеді. Жүзі де есінде қалмаған. Бары – суреті ғана. Қастерлеп, үйінің төріне ілген фотосуреттен отызға да толмаған әкесі өзіне алаңсыз жүзбен қарайды. Кейін іздеу де салды, еш хабар болмады.

Анасы елуден асқан шағында бір ақ күн ауырып, дүниеден озды. Жүйке жүйесі әбден тозғаннан дейді дәрігерлер. Тозақ отында жүріп, бір сыр бермеген жүйкесі, бейбіт өмірде бір-ақ күнде алып тынды.

Соғыс туралы кино көре қалса көз жасы тоқтамайды. Көп дүние есінде қалмаған, сұрайтын да ешкім жоқ. Анасы да, әпкесі Вера да о дүниелік болған.

Әрине, Қазақстанға келгеннен кейін де әуелде шекелері шылқи қойған жоқ. Аштықты да, жоқтықты да көрді. Бірақ, қандай болса да бір күндік бейбіт күнге жететін ештеңе жоқ екенін, бір тілім нанның қадірін біледі.

…Немістің шеңгелінен аман оралып, бақытын Қарағандыдан тапты!

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button