ЖаңалықтарМәселе

Қалдықты жою ма, халықты жою ма?

Қарағанды қаласында медициналық қалдықтарды жоюмен шұғылданатын зауыт қаланың Михайловка аталған бөлігінде орналасқан. Кәсіпорын 13 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Өндірістен қоршаған ортаға тарайтын қалдықтар осы маңдағы тұрғындарды алаңдатып отыр. Бұл маңда негізінен, жекеменшік үйлер орналасқан. Тұрғын үйлердің кәсіпорыннан қашықтығы небары 300-400 метр ғана. Тұрғындардың айтуынша, бұл жерде ауруханаларда қолданылған шприцтер, мақта, сырқаттардың жарасын таңған дәкелер мен адам денесінің кейбір мүшелері жағылады.

Коллажды жасаған Айбек Рахымжан

Тұрғындар тілегі ескерілсе…

– Зауыттан шыққан қолқаны жарар жағымсыз иіс пен ащы қою қара түтін әбден титықтатып отыр. Үйдің терезесін ашсақ, жақтауларын лезде қара күйе басады. Түтіннің иісі мұрынды жарады. Балалар мен ересектер арасында тыныс алу ауруына шалдыққандар жылма-жыл көбейіп жатыр. Солай бола тұра, біздің жанайқайымыз­ды ешкім құлағына ілер емес, – дейді тұрғын Мәриям Найман.

– Мен зауыттан үш жүз метр жерде тұрамын. Оның үстіне үйім желдің өтінде. Әсіресе, түнгі мезгілде қоқыс жағу үдейді. Балаларым жөтелден бас көтермейді. Күндіздің өзінде айнала қара шаңға бөгіп, жолда келе жатқан көліктің сұлбасы көрінбей қалады, – дейді байырғы тұрғын Игорь Мазаков.

Халық зауытты бұл маңнан көшіру жөнінде қала әкімдігіне талайдан бері өтініш жасап келеді. Алайда, тұрғындар тілегі ескерусіз. Ал, кәсіпорын басшылары өндірісті өзге жерге қоныстандыру қып-қызыл шығынға батырады деп безек қағып отыр.

– Зауытты бүтіндей көшіру үшін 100 млн.теңге қаржы қажет. Бізді таза шығынға батырады. Технологиясы ескі деп жауырға жаба тоқитындарға айтарымыз – 5 жыл бұрын ғана өндіріс қондырғыларын түгелдей жаңарттық. Сондықтан, басқа аумаққа орын ауыстыруға негіз жоқ, – деп кесіп айтты «Утилизация ЛТД» ЖШС атқарушы директоры Зеза ­Берадзе.

 

Қара түтіннің жыры бітер емес

Медициналық қалдықтарды жоятын зауыттан шыққан түтіннің адам мен қоршаған ортаға қаупі жоғары екенін аймақ экологтары да теріске шығармады. Облыстың экология департаментінің инспекторлары тұтынушылар шағымына орай өндіріске тексеріс жүргізген. Бақылау қорытындысы бойынша экологтар қоқыс өртейтін пештен бірқатар кемшіліктер тапқан.

– Бұл жерде қалдықтарды залалсыздандыру процесі инсинераторлық пеште жүргізіледі. Осы пештен шығатын түтін ауаға зиянды заттар таратады. ЖШС анықталған заң бұзушылықты 15 қарашаға дейін жоюы тиіс. Ол жөнінде кәсіпорын басшыларына ауызша және жазбаша ескерту жолдадық, – дейді облыстық экология департаментінің мемлекеттік экологиялық инспекторы Әділет Қоянбаев.

Серіктестік басшысы экологтардың ұйғарымын орындауға құлықсыздық танытқанымен, артынша тайсақтаудан бас тартып, кемшіліктерді түзетуге уәде берді.

– Зиянды қалдықтар қалыпты жағдайдан сәл ғана асып отыр. Ал, ақау бір учаскедегі пештен табылды. Әйткенмен, айтылған кемшіліктерді уақытында жоямыз, – деді «Утилизация ЛТД» ЖШС атқарушы директоры Зеза ­Берадзе.

 

Шыдамның да шегі бар

«Шешінген судан тайынбас» деген рас. Тұрғындар елдің мүддесін ескерусіз қалдырған зауыт басшылығын сотқа беруге бекініп отыр. Олар прокуратураға да арыз дайындап қойған. Жағымсыз түтіннен мезі болған жұрт медициналық қалдықтарды жоюға қарсы емес. Елдің көксегені – зиянды кәсіпорынды халық шоғырланған жерден алыстату.

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button