Алда – ауқымды істер
Бұқар жырау ауданында Қарағанды кешенді қорытпалар өндіру зауыты салынады. Бұл жөнінде Бұқар жырау ауданының әкімі Нұркен ҚОБЖАНОВ аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, «Сарыарқа» арнайы экономикалық аумағында 73 млрд. теңгені құрайтын 1000-ға тарта жұмыс орынын ашуға мүмкіндік беретін зауыттың ірге тасы қаланбақшы. Ауданда көмір, барит концентратының, мыс рудасының қоры мол. Сонымен қоса, ауданда жер қойнауынан алынатын шикізат та жеткілікті. Атап айтқанда, компаниялар әктас, құрылысқа қажетті құм мен қиыршық тастарды өндірумен айналысады.
2016 жыл аудан үшін табысты жыл болыпты. Өнеркәсіп кешені, аумақтағы кәсіпорындардың, орта және шағын бизнестің кірісі көбейіп, ауданның экономикалық өсімі артып, 2,5 млрд. теңгені құраған. Өңірдің өркендеуіне үлес қосып отырған 2703 шағын кәсіп субъектілері құны 11 млрд. 311 млн. теңгені құрайтын өнім өндірген. Сонымен қатар, аудан аумағында республикалық әлеуеттік қаржылай көмек көрсететін «Өрлеу» қанатқақты жобасы қолға алынған. Өткен жылы «Өрлеудің» «Келісілген ақшалай көмек» жобасына 6 отбасы қатысқан. Бұған жергілікті бюджеттен 880 мың теңге бөлінген. Биылғы жылы аталмыш жобаға 1 млн. 960 мың теңге қарастырылған. Елбасының отандық өнімді өндіруді ұлғайта түсу туралы тапсырмасына орай, үстіміздегі жылы ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру және ет-сүт өңдеу орталығын құру ісі қолға алынған. Ауыл шаруашылығы саласында кооператив құру бойынша жұмыстардың атқарылып жатқандығы бар.
Журналистер қойған сұрақтарға толымды жауап қайырған Н.Қобжанов алдағы кезеңде іске асыратын жұмыстарды да құлағдар етті.
Нұрдос КӘРІМ