Алаштың тәжі – Астана
Жезді кентінде ел ордасы – Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай «20 жылға – 20 жұлдызды іс-шара» бағдарламасы аясында ересектер арасында қысқы спорт ойындары өтті.
Жарыстың ашылу салтанатының шымылдығы жас әнші Әсет Қожахметов шырқаған «Астана» әнімен түрілді. Мәдени-сауық орталығы директорының міндетін атқарушы А.Смағұлов, аралас мектеп-интернат директоры С.Күнтуғанов пен дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Б.Базылбеков жарыстың маңызына тоқталды. Орталық жаттықтырушысы Б.Алшынбек жарыстың ережесімен таныстырды.
Сайыс барысында ерлер – үш шақырым, қыздар – бір шақырым қашықтыққа шаңғымен жарысты. Бұдан кейін сайыскерлер 100 метр қашықтықты шаңғымен жүріп өтті.
Жарыс тартысты өтті. Жанкүйерлер қатысушыларға дем беріп, қолдау көрсетіп отырды. Күн райы да жаймашуақ мінезін танытты.
Сайыс нәтижесінде А.Кішкенбаев, Е.Ақылбеков, М.Сұлтанғали, Ж.Көшекова, Н.Өмірзақ, Г.Қордан жүлдегерлер қатарынан көрінді. Қыздар арасындағы бір шақырымдық жарыста І орынды – Д.Мырзабекова, 100 метрлік сында – Ж.Кушекова еншіледі. Ал, ерлер арасындағы қос бәсекеде де Ө.Әлмағанбетовке тең келер жан болмады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сыйлықтарға ие болды.
Астананың 20 жылдық мерейтойына орай Жезді кентінде қолға алынған іс-шаралар легі алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Айдана ОҚАП.
ҰЛЫТАУ ауданы.