Қаланың тынысымен танысты
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Асылбек ДҮЙСЕБАЕВ жұмыс сапарымен Саран қаласына барды. Алдымен, «Горняк» шағын ауданындағы үш қабатты жалдамалы тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Қазіргі уақытта тұрғын үйдің инженерлік- жарықтандыру жабдықтары, жылу жүйесі және ішкі жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, жұмыс сапары барысында қаланың өндірістік кәсіпорны «Казметаллпласт» ЖШС-не ат басын тіреді. Жоғары сападағы фитингтер және қазіргі нарықта сұраныс жоғары су мен газға арналған жабдықтар, төмен қысымдағы желілерге тартылатын кәрізбен телекоммуникацияға тиімді полиэтелендік құбырлар, болат фланецтер дайындайтын кәсіпорынның жұмысын көрді.
Сондай-ақ, “Саран тігін және тоқыма фабрикасы “GALEX PLUS” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде де болды. Бір айта кетері, 1956 жылы алғашқы өнімі ұсынылған фабрика бүгінгі күнге дейін түрлі жұмыс киімдерін тігуде талаптың үдесінен шығып келеді.
Жұмыс сапарынан кейін жиналыс өткізген Асылбек Дүйсебаев қаланың 9 айдағы даму көрсеткіші мен бюджетін және проблемалық мәселелерді талқылады. Жиын соңында Асылбек Жексенбайұлы «Горняк» шағын ауданындағы үш қабатты жалдамалы тұрғын үйдің құрылысын аяқтауға қосымша қаржы қарастыру үшін нақты тапсырмалар беріп, міндеттер жүктеді.
Нұрдос КӘРІМ