Тұлға

Қаламының бабы – қазағының қамы

     Алаштың ардақ тұтар ұлдарының бірі – Алдан СМАЙЫЛ. Түп-тұқияныңда, қаныңда, тегіңде бар қарымды қарекет қана өрге басады. Өркен жайып, өрісі кеңиді. Оны, яки, асыл сүйекті бекзада екеніңді дәлелдеу үшін әуелі шыққан тегіңе, зәузатыңа барлау жасау керек. «Жеті атасын білмеген жетесіз» деп бекер айтпаған. Ендеше, әңгімемді әріден бас­тайын…

Алданның атасы Смайыл 1871 жылы туып, 1971 жылы тура жүз жасында дүние салған. Ескіше сауатты, оң саусағынан өнер тамған һас шебер болған көрінеді. Ағаш пен темірден түйін түйген. Өле-өлгенше көзілдірік кимеген. Сақина, білезік, жүзік соққан зергер. Смекең әрі саяткер болған деседі.

Кезінде Сәкеннің әкесі Сейфолламен, Қажымұқанмен, Балуан Шолақпен жолдас, дәмдес, сырлас болған. Ақмоладағы Куприн мен Майкоп деген ең атақты көпестермен араласып тұрған. Әңгімешіл, шежірешіл, күйші, әнші және найзагерлердің бірі болған.

Ал, жазушының әкесі Зейнолла ақсақал (1917-1998) – өмір бойы бала оқытқан ұлағатты ұстаз. «Атадан жақсы ұл туса, елдің қамын жейді» дегендей, ұлы әкесінен де, кіші әкесінен де алған тағылымы мол тарланбоз қаламгердің тағдыры талайлы.

Қашанда ұлттың қаймағы саналған зиялының дуалы аузынан шыққан уәлі сөзі өзі өмір сүріп отырған заман мен қоғам көшінен қалмауға барынша ұмтылып, жарық жалғанның әрбір сәтіне ой көзімен қарайтын саналы да сезімтал адамды тебірентіп, қалың ойға батырары анық. Алмағайып заман дерлік бүгінгідей қым-қуыт, дәргүмән шақта бойын кеудемсоқтықтан алшақ ұстап, әбеқоңыр тірлік кешіп, әліптің артын баққан сергек те елгезек қарапайым халық та әулекі әумесердің емес, сабырлы да байсалды естінің сөзін ес тұтады. Сондай ақылшы аға тұтқан қарымды қаламгеріміз Алдан Смайыл да – замандастарымызды толғандырған көкейкесті мәселелердің мәніне терең үңіліп, толғамды ойлар айтып, қаламмен қазып, тереңірек жазып жүрген жазушы екенін көзі қарақты оқырман жақсы біледі.

Болашақ жазушы 1946 жылы 3 қазанда Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы Ақтау кеңшарында туған. Жазушы-публицистің өнегелі өмірінің бертіндегі он бес жылының өзі де көп жайды аңғартқандай. Соншама бедерлі де айшықты. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты (2001 ж.), Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері (2005 ж.), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2005 ж.), ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2006 ж.), ҚР Парламенті Мәжілісінің ІҮ (2007-2011 жж.) және Ү шақырылымының (2012-2016 жж.) депутаты.

Әлқисса деп, өмір өткелдеріне орала кетейік. Алдан 1963 жылы Қаражал орта мектебін бітірген соң шопанның көмекшісі болып жұмыс істейді. 1965 жылы Алматыдағы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Еңбек жолының 35 жылын бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы қызметке арнаған. 1970-1975 жылдары «Қазақ радиосының» редакторы, 1975-1990 жылдары Целиноград (қазіргі Ақмола) облыстық «Коммунизм нұры» газетінің бөлім меңгерушісі (мен осы жылдар ішінде Алдекеңмен етене таныс болдым), 1990-1995 жылдары Ақмола облыстық «Қараөткел» газетінің бас редакторы, облыстық «Тіл және мәдениет» қоғамының төрағасы, 1995-1997 жылдары Ақмола облыстық телерадиокомпаниясы төрағасының орынбасары, 1997-2002 жылдары Қазақстан телерадиокорпорациясы Астана студиясының бас директоры, 2002-2007 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының директоры, «Астана жазушылары кітапханасы» сериясының бас редакторы қызметін атқарып, 2007 жылдан бері екі мәрте Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды.

Алдан Смайыл есімі республикаға белгілі қаламгер, тұңғыш көркем шығармасы «Тамыздың таңы» 1979 жылы жарық көрді. Кейінгі «Ақ жалын» (1982), «Найзақара» (1985), «Сағынтып келген көктем» (1987), «Арқаның Бетпақ деген даласы бар» (2000) хикаяттар жинақтары мен «Тамұқтан келген адам» (2004) романында адам мен қоғам, өмір мен өлім туралы толғайды.

Алдан есімі публицист ретінде де белгілі. Оның 1980-1995 жылдар аралығындағы өткір публицистикалық мақалалары қазақ баспасөзінде жалындай бастаған тәуелсіздік рухына арналды. Облыстық және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстанның саяси дербестігі туралы дабыл қақты. Қазақ халқының ресми де, рухани да тәуелділікте қалып отырғандығына Целиноград облысының экономикалық – әлеуметтік өмірінен нақты деректер келтіре жазды. «Жер қазақтікі, билік кімдікі?», «Халықтың киесі, жердің иесі бар», «Қазақтың сыртынан тон пішіп», «Саясатты саудаға салғандар», «Қазақ үшін қармандық», «Казак қозғалысының мәні неде?», «42 Калинин, 14 Ворошилов және жалғыз Бөгенбай» секілді өткен ғасырдың 80-жылдарында екінің бірі қалам тарта бермейтін, саяси салмақты, әлеуметтік терең мәнді публицистикалары зиялы қауымға ой салды.

Оның осы ұмтылысы қоғамдық күрескерлікке ұласты. 1990 жылғы 10 мамырда Целиноград қаласында облыстық «Тіл және мәдениет» қоғамының құрылуына ұйытқы болды және оның төрағалығына сайланды. Қоғам осы тектес ұйымдардың республикадағы алғашқы қарлығашы еді.

Аз ғана уақытта халықтық беделге ие болған ұйым төл жұртының әлеуметтік-рухани талаптарын нақты жүзеге асыру мақсатын алға қойды. Целиноград қаласында қазақ музыкалық-драма театры ашылды. Қазақ музыка мектебі шаңырақ көтерді. Көнеруге айналған жалғыз қазақ орта мектебінің жаңа ғимараты мен мешіт үйі салынды. Қажымұқанның туған ауылына балуанның есімі берілді. Ақмола облысы мен қаласының тарихи атауы қайтарылды. Облыс орталығындағы мұғалімдер институтының қазақ бөлімдері кеңейтілді. Инженерлік-құрылыс, ауыл шаруашылығы және медицина институттарының барлық факультеттерінде қазақ тілінде білім алу мүмкін болды.

Ұлттық мұрат-мүддені түгелдеген мұндай ірі шаралар облыс көлемінде де жүзеге асырылды. Барлық аудандар мен кеңшарларда, өнеркәсіп орындарында ұйымның бөлімшелері құрылып, қазақ балабақшаларының қатары – 92-ге, қазақ мектептерінің саны – 62-ге жеткізілді. Тапшылығы айқын сезілген қазақ тілді ұстаздарды көбейту мақсатымен облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтында орыс тілді педагогтарды қайта даярлау бөлімі ашылды. Жоғары оқу орындарындағы оқулықтар қазақ тіліне аударылды. Қазақ тілінде сабақ беретін ұстаздарға 10 пайыз үстемақы төлеуге қол жеткізілді.

Тележурналист ретінде астананың Ақмолаға ауысуының саяси-әлеуметтік маңызын кеңінен насихаттауға елеулі үлес қосты. Қазақстан телерадиокорпорациясы Астана студиясының бас директоры ретінде «Ақшам» ақпараттық бағдарламасының Ақмоладан эфирге шығуына үлес қосты. Қаланың тарихи, геосаяси мәні туралы бірнеше телехабарлардың авторы.

Алдан Смайыл осы бағыттағы журналистік және жазушылық қызметін күні бүгінге дейін сәтті жалғастырып келеді. Ол Астана тарихы көне дәуірден бері қарай зерттелген «Ежелден Елордаға лайық деген», «Өңір тарихының зерттелуі» тағы басқа ғылыми мақалаларымен жақсы таныс. Сондай-ақ, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Астананы қалыптастыру жолындағы қайраткерлік қызметі сараланған «Дәуірді таң қалдырған даналық», «Елорда – Елбасы ерлігі», «Тарихтың жоғалтқанын бүгіннен іздеген» және басқа публицистикалық еңбектерімен белгілі.

Қаламгердің ұйымдастыруымен дүниеге келген «Астана жазушыларының кітапханасы» сериясы арқылы «Қазақтың шаңырақ қаласы», «История столицы и края: ХІҮ- ХІХ вв.», «История столицы и края: ХҮІІ-ХІХвв», «Елорда сәулеті», «Гидрологическое описание южной части Акмолинской области», «Қанжығалы қарт Бөгенбай» тарихи еңбектерін құрастырып, жарыққа шығарды.

«Жазушы Алдан Смайыл «Тамұқтан келген адам» атты романында адам мен адам, табиғат пен адам, өткен және жаңа қоғам арасын әңгімелей келе, өлім мен өмірдің психологиялық және адамдық философиялық құдіретін айқындауды мақсат тұтқан.

«Тамұқтан келген адам тамұқтан оралған жалғызымен қауышқан соң өлім жайлы ойламайтын болған-ды, – дейді жазушы романның соңында. – Өлім туралы рухтар да жақ ашпайтын, тек әредікте біздер таптап жүрген көнбіс жерде бір кездері тозақ оты жаланғанын ұмытпау үшін үнсіз еске алатын. Ал өмірді осы күнге дейін ешкім түсінген жоқ».

Өмір жайлы ойлана-толғана жүру, сірә, әрбіріміз үшін міндет емес пе!

Міне, роман осындай философиялық ой түюімен құнды, психологиялық астарымен мәнді, трагедиялық ауыр да ащы ойларымен маңызды.

Қорыта келгенде, Алдан Смайылдың аталған романы бүгінгі қазақ прозасындағы шоқтығы биік туындылар қатарына қосыла алады. Бұл туындыны әдеби орта елеусіз қалдырмай, тиісінше бағасын беріп жатса, нұр үстіне нұр болар еді», – дейді жазушы Жолтай Әлмашұлы.

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Әнес Сарай өзінің «Ақиқаттан адасудың азабы» деген мақаласында романды талдай келіп: «Қазақ қай қоғамға бейімделіп, қай заманның төріне шығып еді?! Әсіре адалдық пен ақ көңіл қазіргі заманда да қапы қалдырмасын деңіз… Қазақ бақытсыздығын тарихтың тепкісін мол көрген Африка континентімен салыстыра алар едің. Осы құрлықтың қазіргі қаламгері Андре Бринк: «Оңтүстік Африканың өмірі – қорқынышты оқиғаларға құрылған роман. Менің Отаным – қайғыдан рекорд жасаған ел» дейді. Төл жұртыңның ақтабан-шұбырындыларына қарап отырып, ондай рекорд қазақ жұртына таңсық емес дегің келеді», – деп, көптен бері көкейімізде жүрген түйткілді ойымызды жалғанның жарығына шығарды.

Шындығында да, біз таптық, ұлттық тепкімен қоса отаршылдық, нәсілшілдік тепкіні де қоса көрген жұртпыз. Біз көрген қиянат, біздің басымыздан кешкен қиямет-қайым орыстың данышпан жазушысы Достоевскийдің түсіне де кірмес еді.

Бұдан әрі рецензент: «Иә, қазақ мехнатынан қиянатшыл дүние азат бола алса, Алаш елінің ұлттық санасы мен рухы қиямет-қайымнан азат болуға талпынып жатыр. Сол талпынысқа дем беретін қазақ тарихының философиясы керек, өткен замандарда неге ұтылғаныңды айғайлап айтып беретін философия. «Тамұқтан келген адам» романы осы қажеттікті сезінуден туған, кешегінің өзегінен ой сауған дүние, алыс-жақын тарихтың көркемдік философиясы, әдеби-эстетикалық жаңа ізденіс. Шығарманың өне-бойында әлдебір құдіретті үн: «Халқыңды азат еткің келсе, рухын азат ет!» – деп жар салып тұрғандай», – деп түйіндейді.

Арамызда өткенді аңсап, кешегіні көксейтіндер жоқ емес. Олар Стекеңдікіндей (Сталин) мықты қол, қатаң тәртіп керек деп жатады. Әрине, ақылға сыйымды тәртіптің қажет екендігін ешкім жоққа шығармайды. Десек те, қылышынан қан тамған түзімдік (режимдік) тәртіптің керегі жоқ. Тоталитаризм мен диктатура демократиялық қоғамға жат. Бұл – бүгінде аксиома болған ақиқат. Сондықтан, әрі қарай тәптіштемей-ақ қояйын.

Ел аманатын арқалаған азаматты алаңдатар түйткілді жайлар жетерлік. Бір мезет Алдан ағамыздың ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімовке жолдаған депутаттық сауалына назар салайық:

«Биыл 1932 жылғы алапат аштыққа 75 жыл толып отыр. Атамыз қазақтың арғы-бергі тарихында бұрын-соңды дәл осындай нәубет болған емес. Көрген қорлық, шеккен азаптың ащылығы мен қырылған халықтың көптігі жағынан атышулы «Ақтабан-шұбырындыдан» да асып түскен зұлмат бұл.

Шетелдер зерттеушілері мен Алаш асылдарының тарихи еңбектерінде аталған апат коммунистік режимнің қазақ халқына қасақана жасаған геноцидтік қатыгездігі екені ашық айтылады. Бұған дәлел жеткілікті.

«История Казахстана. Народы и культуры» академиялық еңбегіне сүйенсек, Қазақстанда 1926 жылдан бастап көшпелі шаруашылықтарды жою саясаты қарқынды жүргізілген. Елдің мүмкіндігінен 17 есе артық жоспарланған егін және мал салығы ұлан даланы айтақырға айналдырды. 1928-1932 жылдардың ішінде халықтан 6 миллион 509 мың ірі қара, 18 миллион 566 мың қой, 3 миллион 516 мың жылқы тартып алынып, жүген-құрығын ұстап қалған жұрт басы ауған жаққа шұбырды. Сүрінген жерінде үзілді, жығылған жерінде жан тапсырды. Аш өзегі азынамаған аймақ қалмады. Солтүстік Қазақстан өңірінде – 385 мыңнан астам, Батыс Қазақстан өңірінде – 395 мыңнан астам, Оңтүстік Қазақстан өңірінде – 618 мың, Орталық Қазақстанда – 30 мың адам қынадай қырылды. Демограф ғалымдардың осы дерегі бойынша барлығы 1 миллион 800 мың жан көз жұмған.

Кейінгі зерттеулер бұл мәліметтің толық емес екендігін анықтап берді. Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың 1917 жылы: «Иншалла, 6 миллион қазақпыз» деген сөзін еске алып, қазақ асылы Мұстафа Шоқаевтың деректеріне жүгінсек, аштықтан көз жұмғандардың қатары 2 миллион 287 мыңға жетеді.

Адамзат тарихында бола қоймаған, ұсақ ұлттарға жасалған геноцидтің удай шындығы, міне, осындай. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Қазақ есімді тағдыры тауқыметті елдің қанға боялған сол бір тарихи кезеңін ескерусіз қалдыру қоғамға да, заманға да, азаматқа да сын. Бүгіннің тамыры – өткенде, тірілердің тамыры – тірліктен көшкендерде. Ресей Федерациясы мен Украина бұл нәубетті мемлекеттік деңгейде атап өтті», – делінген хатта.

Сондай-ақ, жалпыадамзаттық, жалпыұлттық мәселелермен қатар, туған жердің бүгінгі тағдыры төл перзентін алаңдатпай қоймайды. Жаңаарқа ауданына бір келген жұмыс сапарында көкейкесті үш мәселеге көңіл аударды. Оның біріншісі – мектеп-интернаттар жүйесін дамыту. Зерделеп қарасақ, бұл әрі материалдық, әрі психологиялық жағынан қиындық келтіретін елеулі әлеуметтік құбылыс. Шағын ауылдардың арасы кемі 50-60 шақырым, әрісі 90-100 шақырым. Бұрын Бетпақдаламен шектес ауылдардың балалары Ақтауға келіп, басқа елді мекендердің балалары аудан орталығына және Қаражалға барып, интернатта жатып оқитын. Бүгінде сол мүмкіндік жоқ.

Екінші мәселе – соңғы жылдары Жаңаарқа ауданында мал басының өсуіне байланысты мал өнімдерін бір орталықтан сатуды ұйымдастыру. Өйткені оларды өз күштерімен Қарағанды, Жезқазған қалаларына жеткізуді қамтамасыз ете алмайды. Жеткізген күннің өзінде делдалдарға қолды болады.

Үшінші мәселе – ауыз су мәселесі. Ауданның бірқатар ауылдары суды құдықтан ішсе, кейбіреулері тікелей өзеннен алып ішеді. Бұл мәселені, әрине, тек үкіметтік деңгейде ғана шешуге болады.

Діттеп келгенде, бұл бір ғана ауданның ғана емес, республиканың барлық шалғайдағы аудандарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын арнайы зерделеп, талдаудың және нақты мемлекеттік бағдарламаны әзірлеудің қажеттілігін аңдатады.

Жарғақ құлағы жастыққа тимей, ел елеулісі, халық қалаулысы ретінде көпшілік аманатын орындаудан қолы қалт еткен бір тұста, қабырғалы қаламгер ретінде ұлтының жүрегіне үңіліп, рухын аршып алу жолында тер төгуге тура келеді. Қай істі қолға алса да, заманалық талаптарға төтеп беруге ұмтылыс жасау міндетін бір сәтке ұмытпайтын Алдан ағаның қаламының да, қызметінің де бабы – қазағының қамы екені анық.

Сәбит БЕКСЕЙІТ,

ақын, Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі, ТҮРКСОЙ-дың

«Ұлы Түрік қыраны» медалінің иегері.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button