Қаламын қаруға айырбастағандар
Ұлы Жеңісті жақындатуға үлес қосқан майдангерлер қатарында қолына қалам ұстаған азаматтар да баршылық. Қарқаралы ауданының баспасөз тарихында зор еңбек сіңірген, қаламы жүйрік журналистер Ұлы Отан соғысы жылдарында қалам орнына қару алды. Айташ Омаров, Шаймаран Мезгілбаев, Ғалым Абдуллин, Шәймерден Сатыбалдин секілді қаламгерлердің есімі мен ерлігі ешқашан ұмытылмайды.

Адамзат тарихында үлкенді-кіші он бес мыңға жуық соғыс болған. Соның ішінде сұрапылдығы мен бүліншілігі һәм құрбандары жағынан ең үлкені – Екінші дүниежүзілік соғыс болса, совет халқының 1941-1945 жылдар аралығында неміс фашистеріне қарсы жүргізген Ұлы Отан соғысы мұның ажырамас бөлігі болды. Уақыт соғыс жылдарын бізден алыстата түскенімен, ол туралы айтылар сөз әлі біткен жоқ.
Арын жалау, жанын алау етіп жауға аттанған қаламгерлер өскен өңірін, жерлестерінің өмірін, балдырған балалар толы бақшасын, ақ сүтін емізген анасын, парасатты данасын қорғады.
Қарымды қаламгер Айташ Омаров 1942 жылы майдан даласына аттанады. Шығыс майданның 516-шы атқыштар полкінің құрамында болады. Орыс және қазақ тілдерін жетік меңгерген атамыз жалынды сөздерімен жауынгерлерді шайқасқа дайындап, патриоттық сезімдерін оята білді. Оның бұл жұмысын полктің саяси жетекшісі Ермоленко жоғары бағалаған. Воронеж маңындағы стратегиялық көпірді азат етуде ауыр жараланып, Свердловск госпиталінде ота жасатады. 1944 жылы елге оралып, аудандық газетте журналистік қызмет жолын жалғастырады. Облыстық газеттің меншікті тілшісі болады.

Арқа баспасөзінің дамуына сүбелі үлес қосқан Шаймаран Мезгілбаев алғаш еңбек жолын аудандық «Еңбек майданы» (қазіргі «Қарқаралы») газетінде бастайды. Ұлы Отан соғысында пулеметшілер взводының командирі болады. Прага, Вена қалаларын азат ету жорықтарына қатысады. Соғыстан кейін аудандық газетте жұмысын жалғастырып, редактордың орынбасары лауазымына дейін көтеріледі. Әрі ұзақ жылдар «Индустриальная Караганда» газетінде меншікті тілші болады.
Қарапайымдылық пен ізеттіліктің, еліне міндет артпай, қызмет етудің өнегесін, өмір жолын мұғалімдіктен бастаған Шәймерден Сатыбалдиннен алуға болады десем, артық айтқандық емес. Жас ұрпақтың бойына білім нәрін септі. Солардың алаңсыз тірлігі үшін от пен оққа кеудесін тосты. Бесінші Екпінді майданының құрамында неміс басқыншыларына қарсы шайқасты. Соғыстан кейін жоғары партия мектебін бітіріп, партия қызметтерін атқарады. Алғашында «Еңбек майданы», кейіннен «Коммунизм таңы» атанған аудандық газетте редактор болады.

Батыр бабаның ізін жалғап, мықтылық танытып, жеңіс туы желбірегені ешкімнің ешқашан да ойынан өшпек емес. Жеңіс тек қолына қару ұстағандардың ықпалымен емес, тылда талмай еңбек еткендердің үлесімен де өлшенеді. Үйіне қара қағаз келіп, қайғыдан қан жұтқан отбасылар аз болмады. Жетім мен жесір көбейіп, ел іші қара жамылды. Қабырғасы қайысқан қазақ оған да мойымады, шыдам мен төзімге ерік беріп, иығын тіктеді.
Ұлы Отан соғысы басталысымен әскер қатарына алынған Ғалым Абдуллин Қиыр Шығысқа жіберіледі. Приморск өлкесіндегі әскери округіне қарасты 13 артиллерия полкіне тап болады. Мұнда қатардағы жауынгер ретінде екі жылдай болып, түрлі тапсырмалар орындайды. 1943 жылдың басында Қиыр Шығыс майданының Хабаров өлкесіне ауысады. Сол жердегі бес тілде шығатын орыс-татар тілінде «Тревога», қазақша «Дабыл», өзбекше «Бонг», әзірбайжанша «Аяжай» деп аталатын басылымға газет шығарушы болып жұмысқа орналасады. Қару мен қаламды қатар ұстаған қаламгер бір естелігінде журналистік қызметін былайша еске алады. «Қарқаралыдағы жетіжылдық мектепті бітірген уақытым. Қазақ ауылдарын еріксіз ұжымдастырып, байларды тәркілеп жатқан кез. Мұның арты аштыққа соқтырды. Жан сауғалап, Қарағандыға келдік. Сол кезде жаңадан ашылған «Қарағанды пролетариаты» газетіне корректор боп қызметке қойып кеттім. Ол кездегі редактор Жұмабай Орманбаев, кезінде аудандық «Еңбек майданы» газетіне алғаш басшылық жасаған адам болатын. «Қарағанды пролетариаты» газетіне Саттар Ерубаев, Ғабиден Мұстафин, Әлжаппар Әбішев жиі келіп тұратын. Әсіресе, жасы жиырмаға енді іліккен Саттар өте алғыр еді. Редактордың орынбасары ретінде өз қызметіне жауапкершілікпен қарайтын. Төрт жылдан кейін Қарқаралыға оралып, «Еңбек майданы» газетіне корректор болып орналастым»,– дейді.

Қолына қалам алып, тілшілікті тіршілігіне арқау ете білген қаламгерлердің біз үшін қадірі бөлек. Жауынгерлік рух қазақтың қанына біткен қасиет екені ежелден белгілі жайт. Дегенмен майдан даласында да қаламгерлік қарым-қабілетін қажетіне жаратқан жауынгерлердің еңбегі де ерекше.
Жылдар жылжығанымен, қарқаралылық майдангер қаламгерлер туралы естеліктер қазақ баспасөзінде ойып тұрып орын алары сөзсіз.
Сағыныш ӘБІЛ,
Ortalyq.kz