Қаламгерлердің көшбасшысы еді

Иә, қабырғалы қаламгер, облысымызда орыс тілінде жазатын қазақ журналистерінің бірі, «Индустриальная Караганда» газетінің алғашқы қазақ редакторы Сұлтан Махмұдұлын жақсы білгендердің бірімін.

Мен «Орталыққа» келгенде ол «Индустриалкада» тілші болып істеп жүрген еді. Талай іс-шараларға қатар баратынбыз. Сол кездің өзінде оқырмандардың оны қалай сыйлап, құрметтейтінін өз көзіммен көрдім. Кейде бір кемшіліктер көргенде бетің бар, жүзің бар демей айтып салатын.

Сонау өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында Теміртаудағы Қарағанды металлургия комбинатында ақ қаңылтыр цехының құрылысы қызу жүргізіліп жатқан кез. Ауыр индустрия бөлімінде тілші болып істейтін мен сол ақ қаңылтыр цехына іссапарға барғанмын. Сол жерде «Инудстриалкада» істейтін Сұлтанға кезіктім. Қолында репортері бар, Қазақ радиосының Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі Валерий Розенберг те осында жүр екен. Розенберг қанша дегенмен де республиканың тілшісі ғой, астында машинасы бар. Жұмысымыз біткен соң үшеуіміз бірге қайтқанбыз. Жолшыбай әңгімелесіп келе жатқанда Сұлтан: «Үшеуіміз неге рейд өткізбейміз?» деген пікір айтты. Ақыры сол идея­ны жүзеге асырып, үшеуіміздің атымыздан Қазақ радиосынан үш күн шыққан, «Орталықта» және «Индустриалкада» үш нөмерге басылған рейдтік материал жария еттік. Біздің рейдтік мақалаларымызда орысша және қазақша айтылған (жазылған) орынды сыни пікірлер облыс басшылары тарапынан қолдау білдіріліп, жауапты лауазым иелеріне тиісті шара қолданылғанын кейін естідік.

Сұлтекең барлық саналы ғұмырын баспасөз саласына арнаған, қаламына ғана үміт артқан Арқа баспасөзінің ардакүреңі еді. Не жазса да әділ жазатын, зерттеп жазатын. Өзі редактор болып қызмет атқарған кездерінде қарамағындағы қызметкерлерінен де соны талап ететін.

Облыстың Журналистер ода­ғын басқарған кездерінде де көптеген игі істерге мұрындық бола білді. Облыс журналистерінің форумдарын өткізді.

Талай журналиске тәлімгерлік еткен, ақылшы аға болған Сұлтекеңнің көрмеген көшесінен жарылқасын. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
ҚР Ақпарат саласының үздігі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.