Қаламгерлерді аялайтын уақыт жетті
Аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының жағдайы мүшкіл. Бұл туралы облыс әкімі де атап өтті. Жезқазғанда да бұл жағдай оңып тұрған жоқ. Кадр – тапшы. Мәселен, біз қазір Жезқазған университетін бітірген, қолына қалам ұстай алатындарды топтастырып, тәрбиелеген болып жатырмыз.
Негізі газет, телеарналар туралы көп пікірлер айтылуда. Дегенмен, интернет дегеніміз – меніңше, кез келген желөкпенің қолы оңай жететін желі. Сондықтан, көп мәселеге қатысты ойлар, пікірлер мәселенің байыбына бармай айтылып жатады. Бұл келеңсіздікпен күресудің бірден-бір тәсілі – дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарын қолдау. Сондықтан, бұрыннан тарихы бар бұқаралық ақпарат құралдарының жағдайын нығайту керек. Қаржы жағынан еркіндік болса, телеарна, газет ешкімге жалтақтамайды.
Мәселен, қазір телеарналар жарнама секілді дүниелермен күн көріп, өзінің құрал-жабдығын алады. Бірақ, көптеген басылымдар, әсіресе қазақтілді басылымдарға жарнама берушілер жоқтың қасы. Көбіне, жекеменшік тұлғалар, ірі кәсіпорындар, іргелі серіктестіктер ресми тілдегі ақпарат құралдарына жарнама бергенді құп көреді. Қоғамда «орыс тілінде берілген жарнама өтімді болады» деген пікір қалыптасқан. Бұл мәселе де қазақ тілді ақпарат құралдарының қаржылық тұрғыдан тәуелсіз болуына тұсау болып отыр.
Өздеріңізге белгілі, ақпарат құралдарына әкімдік тарапынан да мемлекеттік тапсырыс беріледі. Бұл биліктің жұмысын бір жақты насихаттауға жол ашады. Қаланың ішіндегі шаруашылық жағымды тұсынан насихатталады. Ал, енді жасалмай жатқан шаруаларды айтсаң шамына тиіп кетесің. Дегенмен, біз оған қарамаймыз. Елдің көкейінде жүрген сөзді, бұқара бұйымтайын телеарна арқылы билікке жеткізіп жатамыз.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «қордаланған мәселелер өте көп, бай мен кедейдің арасы алшақтап бара жатыр» деген сөздерінің бәрі рас. Біз енді осы мәселеге дендеп кірісуді жоспарлап отырмыз. Қоғамның шынайы бет-бейнесін ашып көрсетуге бет бұрмақшымыз. Әрине, ол да қиындықпен келеді. Мен «Дидар» телеарнасын жиырма жылдан бері басқарып отырмын. Соның он бес жылға жуығы соттасумен өтті. Соңғы рет 2016 жылы жоқ жерден қала әкімдігі телеарнаны жекеменшікке сатып жіберді. Біз оны Жоғарғы сотқа дейін барып қайтарып алдық.
Мұның бәрі елдің жүрегін ауыртты. Талай азаматтар тілектестігін білдіріп, қолдау танытты. Ол жігіттерге алғысым шексіз.
Шын мәнінде қазір біздің өз қолымыз өз аузымызға жетіп отыр. Әйтсе де, ескерусіз қалған азаматтарымыз да жоқ емес. Қаламгерлерді алақанға салып ұстайтын уақыт жетті. Мен білетін қаламгерлердің бір де біреуі артық сөз жазбайды. Мен білетін журналистер бекер байбалам салмайды. Бәрі де шындықты жазады. Сондықтан, Елбасымыз айтқандай, билік пен бұқара арасында алтын көпір болуға жиырма жылдан бері ұмтылып келе жатырмыз. Біздің жанкешті жұмысымыз ел тарапынан лайықты баға алатын уақыт әлі алда деп ойлаймын.
Базарбай ӘЛЕУХАНҰЛЫ,
Жезқазған аймақтық «Дидар» телеарнасының директоры, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.