Қаламгер – Қаныш қаласында
Елорданы айтпағанда, облыс орталығынан тым шалғайда жатқан шаһарға әдебиеттің көрнекті өкілдерінің атбасын бұрып, жұртшылықпен жүздесуі – оқырмандар үшін орасан олжа. Сәтбаев қаласының кітапқұмар қауымы жуырда дәл осындай сәулелі сәттің куәгері болды. Қала күні мерекесі аясында шаһар басшысы Асқар ЫДЫРЫСОВТЫҢ шақыруымен арнайы келген қазіргі таңдағы қазақ әдебиетіндегі қабырғалы қаламгерлердің бірі, белгілі қаныштанушы Медеу СӘРСЕКЕ сүбелі сөзге сусаған елмен қуана қауышты. Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер мәдениет сарайында абыз жазушының «Сәтбаев ұлағаты» («Уроки Сатпаева») атты тың туындысының таныстырылымы өткізілді.
Халық сүйіспеншілігіне бөленген жазушы-драматургтің Қаныш қаласына қадам басқаннан кейінгі алғашқы кездесуі қалалық кітапхана қабырғасында жастар өкілдерімен болды. Ұлт руханияты мәселесіне қатысты ой толғап, жас буынға қажетті ұстанымдар хақында сөз қаузаған қаламгер өзінің лебізіне қызыға құлақ түрген жас буынға ақыл-кеңестерін берді. Шығармашылық жолының соқтықпалы-соқпақты кезеңдері жайлы тебірене әңгімеледі. Тиісінше, толассыз түскен сауалдарға тартымды жауаптар қайтарды.
Жас ұрпаққа бата-тілегін арнады.
Иә, саналы ғұмырында өзіне тән дара соқпағын тауып, алты атанға ауыр жүк болардай нәтижелі жұмыс атқару, әлеуетті әрекетімен өзгелерге өнеге көрсету – екінің біріне бұйырмаған ерекше бақыт. Қай жерде болсын, оқырман қошеметіне лайықты бөленіп жүрген 83 жастағы абыз қария осынау бақытқа кенелген жан. Сол жолда көрген қиянаты мен кешкен бейнеті де аз емес. Соның бәрін табиғи таным қабілеті, ізденімпаздығы мен төзімділігі, қайтпас қайсарлығының арқасында еңсерген. «Бәрін айт та, бірін айт» демекші, жазушының «Тамаша адамдар өмірі» сериясымен Мәскеудегі «Молодая гвардия» баспасынан жарық көрген «Қаныш Сәтбаев» атты кітабы мен сол бағыттағы басқа да еңбектерінің әлемдегі 112 елдің кітапханаларынан орын алғаны біраз жайттан хабар берсе керек. Аталған кітаптың Кеңес дәуірінде Қазақстан баспаларынан шығарылуына айтарлықтай кедергілер келтіріп, жылдар бойы қолжазба күйінде жатып қалуы – бөлек хикая. Қажымас қаламгердің қаныштану ісімен 60 жыл бойы үздіксіз шұғылданып келе жатқаны, әрине, ерлікке бергісіз шаруа…
Кітаптың таныстырылымы өткізілер рәсімнің алдында Медеу аға қала басшылары және өзімен бірге келген серіктес-достары – белгілі ғалым, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сағынтай Исабаев және «Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау ұйымының төрағасы Қабікен Зәкірияновпен бірге Қаныш Сәтбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тәжім етті.
Оқырман лықа толған Кеншілер сарайындағы басты кездесуде қаламгер тереңнен тарта тебірене сөйлеп, мейлінше кеңінен көсілді. Көптен бері жолы түспегендіктен, Сәтбаевтағы сырбаз елді, ойлы оқырманды, осындағы байырғы достарын кәдімгідей сағынып қалғанын бүкпесіз мәлімдеді. Өзі тікелей аралас-құралас болып үлгермеген Қазақтың Қанышының ғұмырын зерделеуге қалай келгенінен бастап, күні бүгінге дейінгі басынан өткерген өмір өткелектері туралы аса әсерлі әңгімеледі. Сөз түйінінде өзін арнайы іздеп барып, жаңа кітаптың таныстырылымын қала күні мерекесі шеңберінде Сәтбаевта өткізу туралы ұсыныс берген қала басшысы Асқар Абылайұлына шексіз тәнтілігін білдіріп, алғысын айтты. Жалпы қала тұрғындарына берекелі һәм бақуатты тірлік тіледі. Қалалық кітапхана қорына «Сәтбаев ұлағаты» («Уроки Сәтбаева») және «Феномен» кітаптарын, сондай-ақ, кейінгі жылдары жарық көрген өзге де жинақтарын табыс етті.
Өз кезегінде ғасыр ғұламасы, академик Қаныш Сәтбаевтың ғибрат тұнған ғұмыры туралы соқталы еңбектер жазған азамат-жазушының Қаныш қаласына келуі – ел мерейін өсіретін жайт екендігін айрықша атап өткен шаһар басшысы Асқар Ыдырысов кездесу барысында қозғалған әңгіменің мазмұны Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» мәселесімен үндестігіне назар аударды. Абыз жазушының иығына бабалар дәстүрімен оқалы шапан жауып, Қаныш Сәтбаевтың шағын мүсінін тарту етті. Қаламгермен бірге келген серіктес-достарына да осындай құрмет көрсетілді.
Қаламгердің Қаныш қаласындағы сырлас достарының атынан сөз алған Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Яхия Асатов санада ескірмес көне күндерден есті естеліктер айтты. Медеу ағаның төл туындысы «Тендерге түскен әйел» атты пьесаны Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалы-драма театрында сахналаушы режиссер, ҚР Мәдениет қайраткері Әбілқасым Шоманұлы әсерлі әңгіме легін әдемі жалғастыра білді. Ол сөз түйінінде қайраткер жазушыны аталған қойылымды тамашалауға шақырды.
Орайлы сәтте оқырмандар да өз көкейлеріндегі сан түрлі сауалдарын ортаға салды. Медеу аға Сәрсеке олардың бәріне орнықты әрі толыққанды жауаптар қайтарды.
Келісті кештің жүргізушісі, ақын-журналист Абдолла Дастанов осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын болмысы бөлек жазушы 60 жасқа толғанда жазылған арнау жырын оқып беріп, оның түпнұсқасын кейіпкердің қолына табыс етті.
Шұрайлы кездесуді жыршы-термеші Мұқаш Қожахметов орындаған Шынболат Ділдебаевтың «Ұлытаудың бауырында бас қосайық» толғауы мен әнші Айгүл Күлшікенова әуелеткен «Сәтбаев вальсі» әні шырайлы ете түсті.
Сол күні кешкілік қаланың қадірменді мейманы Жезқазған театры сахнасында маусымашар қойылым ретінде көрермен назарына ұсынылған «Тендерге түскен әйел» пьесасын тамашалады. Шеберлік машығы барынша шыңдалған әртістер ұжымы оқиғаның өрбуі мейлінше шиеленіскен шығарманы мінсіз, жоғары деңгейде ойнап шықты. Шымылдық жабылған сәтте қалың елдің қошеметімен сахна төріне көтерілген пьеса авторы рольдерді сомдаған әртістердің әрқайсына жоғары баға берді. Қуанышты сезімін ірікпеген жазушы-драматург театр ұжымына, қоюшы-режиссер Әбілқасым Шоманұлына шынайы ризашылығын білдірді.
Сапар барысында Медеу Сәрсекеұлы Қарсақбай кентіндегі академик Қаныш Сәтбаевтың мұражай-үйіне арнайы барып, жәдігерлер кешенімен танысты.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ
СӘТБАЕВ қаласы.
Суреттерді түсірген: Н.ИЛЬЯСОВА.