Жаңалықтар

Қаламдос

Сурет марқұмның жеке мұрағатынан

Адамды бай ететін, бақытты ететін оның қанағаты. Әркімнің өз қанағаты бар. Біреуінде жиекті, біреуінде жиексіз… Шығармашылықтағы адамның қанағаты кейінгісі деп пайымдаймын.
Мен де сол тараптанмын. Менің қанағатымның екі қанаты бар десем, оның біріншісі – қалам да, екіншісі – дос.
Менің өмірде жарығаным осы екеуі.
Міне, менің қолыма қалам ұстағаныма да алпыс жыл болыпты.
Досқа жарығаныма да елу жыл болыпты.
Бізді достастырған ең алдымен қаламымыз. Екеуіміз екі өңірде жатып алып жарыса жаздық. Қандай ғана тақырыпқа бармадық. Артық кеткен жеріміз де болған шығар. Жеткізе алмаған кезіміз де аз болмаса керек. Ең бастысы, біздер қаламымызға адал болдық.
Бізде де кеуде болған. Ешкімнің алдында кішіреймеген. Ешкімді алдымызға салмаған. Бірақ, қаламымыздың алдында біздер кішік едік.
Сол қаламымызбен мақтандық.
Қалам жетеді ғой. Алтыны да бар, жезі де бар.
Ондай қаламмен бәрін жазуға болады.
Жазып жұмысқа кіруге болады.
Жазып жұмыстан шығаруға болады.
Құлаш-құлаш арыз жазуға болады.
Етектей-етектей көржерді жазуға болады.
Біздер осының біреуіне де бармадық.
Өйткені біздің қаламымыздың ішкі дауысы болды.
Біздің заманның қаламгерлері барынша сол ішкі дауысына жығылды. Сол дауысымыз бізді қалғытпады. Біздер қашан да ояу болдық.
Өйткені біздер астарлап жазуға күш салдық. Біздің бақытымыз елдің мұңын, іздеп отырған жоғын астарлап жаза алғанымызда.
Сондықтан да, біздер ең алдымен жоқшы болдық.
Біздер кенжелеп қалған халықпыз ғой. Біздің жоғымыз содан да көп. Алғаш бәрі де бар болған. Кейін ажырап қалдық. Біздер сонымызды қайтаруға тырыстық.
Оның да өз ауыртпалықтары болды. Ашық жаза алмайсың. Астарлап жаздым екен деп үн-түнсіз тағы қала алмайсың.
Біздің бақытымыз біздер тақырып іздеген жоқпыз.
Тақырып өзімізді тапты.
Әрқайсымыздың тақырыбымыз өзімізбен жүрді.
Сен өзің таусылғаныңмен тақырыбың таусылған жоқ. Соны қаузап бітіргенше жүре тұрғаның ләзім еді.
Екеуіміздің бұл өмірге бірге келмегеніміз айдай анық нәрсе. Алайда өмірге келген жылымыз бір, айымыз бір, күнімізде ғана сәл айырмашылық бар. Бір үш күндік үлкендігім бар.
Сен менің сол үш күндік үлкендігімді алға салып өттің. Қашан да сіз деп сөйледің. Қашан да соң сөйледің.
Содан да елге айтар сөз қалдырмадың.
Сенің қос қанатың – Ақтоғайың мен Балқашың еді.
Осы өңірде сенің аяғың баспаған жер қалмаған болар. Ақтоғайдың итін де жаздың, мысығын да жаздың. Балқаштың майшабағын да жаздың, жайынын да жаздың.
Ақтоғайдың жиырма төрт сағат бойы ән салып тұратынын жұрт сенің жазбаларың арқылы білді. Балқаш көлі аумағының Бектауатаға дейін жайылғанын да сенің жазбаларың арқылы білдік. Балқаш көлінің өз аралдары болған дегенді де сенен естідік… Осы көл арқылы бабаларымыздың жұт жылдары Құйған жеріне өтіп кетіп, көктем шыға оралатынын да сен жаздың.
Сен бүгін сөйткен қаламыңнан ажырадың.
Біздер осындай қаламдостар едік.
Сен азын-аулақ тіршілігіңде байыпты қалпыңды сақтадың. Қаламыңды көрінген нәрсеге былғамадың. Содан сен бәрімізден де биік тұрсың.
Бүгін де ың-шыңсыз кете бардың.
Ауырмадың, сырқамадың…
Торғын қызым «нұрланып жатты» деді.
Рас еді, сенің жаңың шуақ шашып тұратын.
Бұл сенің заузашуағың еді-ау!
Сен өзің кеткеніңмен, сөзің қалды.
Сол қалған сөздерің сені өлтіре қоймас.
Бақұл бол, қаламдосым!
Бақұл бол, қаламдасым!

Төрехан МАЙБАС,
Қарағанды облысының Құрметті азаматы

Басқа материалдар

Back to top button