АймақТеміртау

Қала тазалығы – басты назарда

2020 жылдың қазан айында облыс әкімдігі ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, 2020-2024 жылдарға арналған облыстың экологиялық проблемаларын кешенді шешудің Жол картасын бекіткен еді. Жоба аясында Теміртау қаласы бойынша мемлекеттік экологиялық инспектор Абылай ҚАБДЫРАШТЫҢ мұрындық болуымен қала әкімдігінде мүдделі тараптармен кездесу өтті. Жиында аталмыш бағдарламаның бастапқы нәтижелері талқыланып, қала мәселесі пысықталды.

Жол картасының жалпы сомасы – 208,8 млрд. теңге. Бағдарламаны жүзеге асыру аясында 57 іс-шара бекітілген. Алғашқы жобалардың бірі ретінде алдағы бес жылда қалдықтарды 30% төмендету жоспарланған.

Облыстық бюджет есебінен қалада 10 газ анализаторы орнатылды. 2021 жылдың 1-қаңтарындағы мәліметтерге сүйенсек, 572 үйге көгілдір отын тартылыпты. Сондайақ, ағымдағы жылы жастар театры, бұрынғы энергетиктер сарайы, қалалық мәдениет және демалыс саябағы, орталық аурухана алаңдарына 868 ағаш және 610 бұта отырғызылыпты.

– Кешенді жоспар бойынша қаланы көгалдандыру, «Сарыарқа» газ құбырының құрылысы шеңберінде газ кезең-кезеңімен тартылуда. Бүгінде кешенді жоспардың 40-ы орындалыпты. Сонымен қатар, былтыр қаладағы 49 рұқсат етілмеген қоқыс орны жойылды. Жауапты орган қоқысты рұқсатсыз сақтағандарды анықтап, жауапкершілікке тарту жұмыстарын жүргізуде. Қаланың экологиялық жағдайы үнемі бақылауымызда, – дейді Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Владислав Цай.

Кездесу барысында облыстық экология департаментінің басшысы Қанат Мұсапарбеков қаланың қазіргі экологиялық жағдайына тоқталып, кәсіпорындардың проблемалық мәселелерін атап өтті. Теміртау қаласы – ластану деңгейі жоғары аймақ. 2020 жылы шығарындылардың жалпы көлемі 242 мың тонна болған. Оның 212 мың тоннасы – «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-қа тиесілі. Пайыздық мөлшермен шаққанда – 87,6.

Көгалдандыру мақсатында біршама жұмыстар атқарылып жатыр. Қаладағы мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы – 5111 гектар. Бұл – 2021 жылдың 1-қаңтарындағы мәліметтер. Ал, 2020 жылы 120 гектар қор аумағына 144 мың көшет отырғызылыпты. Биыл 290 гектар жерге 882 мың көшет егуді көздеп отыр.

«Теміртау электрометаллургиялық зауыты» АҚ шаң жинайтын зауыттарында 2018-2020 жылдар аралығында атмосфераға жылына 51 тонна шығарындылардың алдын алған. Ал, бұл көрсеткіш былтырғы жылға қарағанда 15% төмен.

– Проблемалық мәселелер бойынша «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қоршаған ортаны қорғау шаралары барысында тұрғындармен ашық жұмыс жүргізуге міндетті. Теміртаудағы қалған ірі кәсіпорындар үшін экономикалық қызметтің қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына кері әсерінің деңгейін төмендету керек. Сол үшін жаңа технологияларды енгізіп, жабдықтарды ауыстыру қажет, – деді Қанат Жантұяқұлы.

Шара соңында балалар ойын алаңдарының топырағын ауыстыру ұсынылды. Және бақылау құрылғыларының санын арттыру керек екендігі айтылды. Алдағы уақытта жаңа бастамалар жүйелі түрде іске асса нұр үстіне нұр болар еді.

Ербол ЕРБОЛАТ.

ТЕМІРТАУ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button