Бас тақырып

Қала дамуына серпін берген жобалар

Қазақстанда жетекші орынға ие қуатты индустриялық орталық, ірі өнеркәсіптік өңір саналатын Қарағанды облысы әуелден тау-кен, металлургия кешенімен танымал болса, кейінде өңірде ашылған бірқатар жаңа өнеркәсіп орындары да беделін арттыра түсті. Облысқа құйылатын инвестицияның өсуі, әлбетте әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі индикаторларының бірі болып табылады. Бүгінде облыс экономикасы өсімінің драйверіне айналады деген кәсіпорындар игілігін облыс халқы емес, бүкіл республика көруде. Олардың жұмысымен, атап айтқанда, бірқатар өнеркәсіптік, инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандардың жұмысымен, сондай-ақ жаңа инвестициялық жобалардың іске асырылу барысымен облысымызға жұмыс сапарымен келген Премьер-Министр Әлихан СМАЙЫЛОВ танысып қайтты.

Үкімет басшысы алдымен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның 3-домна пешінің жұмысымен танысты, сондай-ақ облыс және кәсіпорын басшылығымен өнеркәсіп қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

«АрселорМиттал Теміртау» аса жоғары өндіріс саласы екені жасырын емес. Аталған проблема өзекті болса да, кәсіпорындағы еңбек жағдайларын қамтамасыз ету шаралары жағдайды түбегейлі жақсартуға мүмкіндік беріп отырған жоқ.

Үкімет басшысы технологиялық процестерді жаңғыртуға, оның ішінде моральдық тұрғыда әбден тозығы жеткен жабдықтарды жаңартуға бөлінген инвестициялар жеткіліксіз екенін айтады. Әлбетте, бұл – өндірістегі апаттық жағдайлардың туындауына әкелетін басты себептердің бірі.

– Жыл сайын өндірісте 10-12 адам мерт болады. Біз бұл жағдайға көне алмаймыз. Жабдықтардың әбден тозығы жеткен, жаңғыртуға салынатын инвестициялар деңгейі басқа кәсіпорындармен салыстырғанда 2-3 есе төмен. Мұны түзету керек. Инвестиция көлемін кезең-кезеңмен арттырып, ең алдымен, қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек, – деді Әлихан Асханұлы компания басшылығына.

Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері де Премьер-Министр назарында. Бұл орайда ол «Күн тәртібіндегі экологиялық мәселелер өткір тұр. Мемлекет басшысы біздің алдымызға тиісті міндеттер қойып отыр. Сондықтан бұл мәселе бойынша бірлесіп жұмыс істеуіміз керек» дейді.

Бұдан кейін Әлихан Смайылов «Линде Газ Қазақстан» ЖШС өнеркәсіптік газ өндіру зауытының қызметімен танысты. Зауыт Мемлекет басшысының Германияға сапары кезінде Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін іске қосылған. «Бұл орайда екі ел арасындағы уағдаластықтар табысты іске асырылып жатқанын көруге болады. Бұл біздің елге инвестиция салуды қарастыратын басқа шетелдік компаниялар үшін жақсы ынталандыру болмақ», – деді Премьер-Министр.

Әлихан Смайылов компанияның көмірқышқыл газы шығарындыларын азайту жөніндегі шешімдері еліміздің басқа өңірлеріндегі металлургия және химия зауыттарында, мұнай-газ және энергетика салаларының кәсіпорындарында сәтті қолданылуы мүмкін екенін айтты.

Сондай-ақ, Үкімет басшысы Теміртауда балаларды тәрбиелеу мен дамытудың жақсартылған бағдарламасын іске асыратын «Жас таланттар академиясы» балабақшасына барды.

Биыл республика бойынша 322 жаңа балабақшаны іске қосу жоспарланған, оның ішінде 14 балабақша Қарағанды облысында орналасқанын айту керек.

Әлихан Смайылов Қазақстандағы жалғыз шина зауыты

– Саран қаласындағы KamaTyresKZ ЖШС жұмысымен де танысты. Зауыттың өндірістік қуаты жылына – 3,5 млн. жеңіл, жеңіл жүк және жүк шиналары. Одан бөлек, 1 116 жұмыс орны құрылып, Ресей Федерациясы мен Орталық Азия елдеріне экспорт шығаратын болады. Жылдық айналымы 63,5 млрд. теңгені құрайтын жоба 2022 жылы жүзеге асырылады деп күтілуде. Бүгінде Ресейдің Нижнекамск қаласындағы зауыттан оқудан өтіп жатқан жерлестеріміз өздерінің алғашқы шинасын да жасап үлгерген.

«KamaTyresKZ ЖШС алғашқы жұмыскерлерінің қолынан шыққан шинада ешқандай ақау болған жоқ» дейді зауыт басшылығы.

Ал, Әлихан Смайылов болса кәсіпорынның сабақтас өндірістерін оқшаулауды арттыру және арнайы әзірленген білім беру бағдарламалары негізінде кадрлар даярлауды жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Премьер-Министрді Saran индустриялық аймағының инфрақұрылымын дамыту туралы хабардар етті. «Біраз жылғы үзілістен кейін қаланы дамыту драйверлерінің бірі және өсудің перспективалық нүктесі Saran индустриялық аймағын құру болды.

Бұл жергілікті тұрғындар үшін маңызды, олар осындай жобалардың іске қосылуы қаладағы өмір сапасын өзгертетінін нақты көруі тиіс», – деп атап өтті Әлихан Асханұлы.

Содан кейін Әлихан Смайылов жылына 1200 дана өнім шығаратын Qaztehna ЖШС автобус зауытында болды. Кәсіпорында мектеп автобустарын шығару жолға қойылған. Жаңа оқу жылында автобустар Қазақстанның тоғыз облысына жол тартатын болады. Одан бөлек, жыл соңына дейін қоғамдық тасымалдау үшін де автобустар шығару жоспарлануда.

– Qaztehna зауыты өнеркәсіптік корпорацияның бүтін бір қаланы қалпына келтіруге оң ықпал ете алатындығының жарқын көрінісінің бірі. Үкімет отандық автомобиль жасау кәсіпорындарын одан әрі де кешенді түрде қолдайтын болады, – деді Әлихан Смайылов

Премьер-Министр бұдан соң импортты алмастыру жөніндегі бағдарламаны іске асыру шеңберінде іске қосу жоспарланып отырған Meridian Company ЖШС Тұрмыстық техника зауытының болашақ жобасымен танысты. Жоба табысты жүзеге асатын болса, күнделікті тұрмыста қолданатын теледидар, шаңсорғыш, кір жуу машинасы тәрізді бұйымдар өз облысымызда шығатын болады.

Бұдан әрі Әлихан Смайылов жыл соңына дейін пайдалануға беруге жоспарланып отырған РТБ (резеңке техникалық бұйымдар) шағын ауданындағы көпқабатты үйлерді қалпына келтіру барысымен танысты.

Саран қаласының әкімі Ержан Темірханов өткен жылдармен салыстырғанда құрылыс қарқыны өсіп, үй кезегінде тұрғандар санын азайғанын айтады.

Жалпы Саран қаласында тұрғын үй құрылысының қарқыны соңғы үш жылдық кезеңде 260%-ға ұлғайды. 2022 жылы тағы 250 пәтер пайдалануға беріледі деп күтілуде.

«Әкімдік тұрғын үйді іске қосу қарқынын одан әрі ұлғайтуы, сондай-ақ қаланы абаттандырумен белсенді айналысуы қажет» деп атап өтті Премьер-Министр.

Салтанат ІЛИЯШ. 

Басқа материалдар

Back to top button