«Алаң да, алаң, алаң жұрт…»
Соңғы екі жылда екінші рет жарияланған төтенше жағдай. Төбе құйқаң шымырлап, аза бойың қаза болады. Неге? «Орда бұзар» жасына енді келген жас Қазақстан мемлекетінің ордасы ойрандала жаздады. Неге? Бейбіт басталған шеру бейберекет ереуілге ұласты. Неге? Сұрақ – көп. Осынша сұрақтың жауабын құндылықтың қадірін танымау деген жалқы тіркеспен беруге болар еді… Бірақ, олай емес-ау.
«Ақырып теңдік сұрау» – атаның жолы. Дегенмен, артық кетіп қалған жоқпыз ба? Иә, жылдар бойы қордаланған мәселе жоқ емес-тін. Және ол шегіне жетіп те қалған. Халыққа етене жақын билік тармақтарының салғырттығы. Ол да ем қонбас дауасыз дертке айналған. Жіліктің майлы басын ұстаған олигархтардың менмендігі. Бұл жайлы ауызбен айтып, жеткізу тіптен қиын. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық. Оған дауа болмай кеткен.
Осының барлығы жиналып келіп, қоғамдағы аузы бітеу жараға айналған. Жараның бір күні жарылары анық еді… Жарылды. Жоқ, талап – орынды. Алғашында бейбіт түрде айтылды. Дат айтудың далалық һәм даналық үлгісімен айтқанбыз. Билік назар аударды. Бірден шара қолданып, Үкімет доғарысын қабылдау бойынша шешім де қабылданды. Газ бағасын негізсіз қымбаттатқан өндіріс қожайындарына қатысты тергеу басталды. Баға да, бағаны өсіруші тарап та ауыздықталды. Қарапайым халықты ашындырған мәселе бір ғана газ бағасы десек, бесіктегі балаға ертегі айтып алдандырғандай болып кетер едік. Көпті толғандырған мәселе де көп еді… Тарқатып, оқиғаның себебі мен салдарын салмақтап көрелік.
АРЫНДАП КЕЛІП, АРАНДАП ҚАЛДЫҚ
Қай кезде де сананы тұрмыс билеген. Тұрмысы тұралаған жұрт ашынары анық. Ашынудың соңы – ашу. Ал, «ашу – дұшпан». Не керек, ашығын айтамыз деп, ашуға бой алдырды. Артының қайырын берсін…
Алты құрлықтың аңсары ауып, аузының суы құрыған Қазақстан едік қой. Біздегі кемел келісім мен тұғырлы тұрақтылық қасығы мен қаруын қатар ұстаған кейбір елдер үшін арман болатын. Бүгін не болды? Жасыратыны жоқ, Тәуелсіздігімізге өз қолымызбен қауіп төндіріп тұрмыз. Иә, біз үшін ең басты құндылық – Тәуелсіздік. Құндылықтың қадірін бағаламау, қасиетін ұғынбау. Бұдан асқан сорақылық жоқ – білгенге.
Бейбіт түрде арызын айтып, талабын қоюға келген көпшіліктің арасында «қой терісін жамылған қасқырлардың» болғаны енді ғана анықталып жатыр. Олар үшін Қазақстан Тәуелсіздігінің құны көк тиын екені бесенеден белгілі. Сыртқы күштердің ықпалымен бейбіт шерудің берекесін алуға қатысқандар қатаң жазаланатынын айтты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Алайда, «мың күнде емес, бір күнде сынған» шыныдай мөлдір құндылығымызға келген нұқсанның өтеуі бола алар ма бұл жаза?
Біле-білгенге Тәуелсіздік – аманат. Ал, аманатқа қиянат жасаудың жазасын кім кесер? Алаң да, алаң күй кешкен халық ереуілдің алғашқы күнінде-ақ «Ел тыныштығы бұзылмасын!», «Тәуелсіздігіміз баянды болсын!» деген тілектерін жеткізіп, «Арандап қалмайық!», «Әліптің артын бағайық!» деп шерушілерді сабырға шақырды.
Жаңа жылдың 5 қаңтарында осы жағдайға байланысты шұғыл кеңес өткізген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы елде қалыптасып отырған күрделі ахуалға тікелей Үкімет, оның ішінде Энергетика министрлігі, және «ҚазМұнайГаз», «ҚазақГаз» кәсіпорындары кінәлі екендіктерін ашық айтты. Әрине, себебі нақтыланған наразылықтың туындауына кінәлілерді анықтау аса қиын емес. Ал, салдары ше?
Жаппай барлық облыстар мен қалаларда өткен бейбіт мазмұндағы наразылықтардың салдары да ауқымды бола қоймас. Дат айтқан елдің талап-тілегі ресми билік назарына ілініп, шешімін тауып жатыр. Ал, Алматыдағы жағдай ше… Бейбіт күнде оқ атылып, тапа-тал түсте қару таратылып жатты. Бұл жерде тек қана арандатушылардың әрекеті басым сипат алып кеткенін ескеруіміз керек. Бейбітшілік бесігінде тербеліп, берекелі ғұмыр кешіп жатқан Қазақстанды бүліктің ордасына айналдыру әлдебір сыртқы күштерге қажет болды. Аңғал халқым арындап келіп, арандап жатыр… «Ойыннан от шығарып» алғандай, өкініш қамытын киіп отырмыз енді. Бірақ, халықтың мұңы, арыз-талабы ойын емес еді.
Сондықтан, дәл қазіргі уақытта бізге керегі – мемлекетшілдік пен тұрақтылық. Бұл екеуі – тәу етер Тәуелсіздігіміздің тірегі һәм кепілі. Егер, менің бұл пікіріммен келіспесеңіз, бір күнгі бейбіт тірлікке тең келер құндылық тауып беріңіз маған.
Сабырға кел, салиқалы Қазақ Елі!
ДІН САЯСИЛАНСА, ДІҢГЕК ШІРИДІ
Жаппай енгізілген төтенше жағдай режиміне байланысты барлық ақпарат көздері бұғатталды. Отандық телеарналардан дәл осынау күрделі кезеңде хабар таратуға қауқарлы болып қалғаны – жалғыз «24 KZ». Абыржып отырған Алаш жұрты сол арнаға телміріп қалды. Арна тілшілері таратқан ақпаратқа жүгінсек, Алматыда ахуал ушығып тұр. Бірнеше тәртіп сақшылары мен әскерилер қаза тауып, жүздеген адам ауруханаға түскен. Әкімшілік нысандар мен сауда нүктелері қиратылып, халыққа қызмет көрсету орындары жұмысын тоқтатты. Стратегиялық маңызы бар нысандарға күшейтілген күзет қойылды. Ару Алматы – үрей құшағында. Міне, оқиғаның салдары. Десек те, мемлекет тарапынан жүргізілген сындарлы амалдардың арқасында сын сағаттың салмағы жеңілдеп, жағдай тұрақталып келеді.
Барлық қалада өткен шерулер кезінде дәл Алматыдағыдай жаппай тәртіпсіздік белең ала қоймаған. Халық пен билік ашық диалог алаңына шығып, бейбіт тарқасқан-ды. Ал, Алматыдағы ушыққан ахуалдың астарында бүлікшілер қолтаңбасы айқын аңғарылады. Террористер тегеуріні екенін қоғам жазбай танып отыр. Діни экстремизм өкілдерінің астыртын әрекеті екені айқұлақтанып-ақ тұр. Әйтпесе, қала көшелерінде шерушілерге ашықтан-ашық қару тарату басқа кімнің қолынан келуші еді?!
Яғни, жат пиғылдағы діни ұйымдардың да Қазақстандағы тұрақсыздыққа қатысты тіккен бәсі және қызығушылығы бар деген сөз! Жалпы, ислам діні – парасаттың, сабырдың, ауызбірліктің, адамгершіліктің жақтасы. Ар ілімінің тұжырымдамасы саналатын шариғат жолында тыныштықты бұзу, ел арасына іріткі салу, адамды адамға дұшпан ету секілді қарекеттер кешірілмейтінін Сіз де, біз де жақсы білеміз. Алайда, әлем жұртшылығын алаңдатып отырған діни экстремизмнің әрекеті, террористік пиғылы белгілі бір саяси топтардың қолшоқпарына айналғалы қашан. Ал, дін саясиланған жерде мемлекеттің діңгегі шіриді.
Дәл бүгінгі күні ұрымтал сәтті «ұтымды» пайдаланған діни ұйымдардың өрескел әрекеті ел басындағы онсыз да аласапыран ахуалды ұшықтырып отырғанын көріп отырмыз. Ендеше, сақ болып, салтанатымызды сақтап қалуға ғана ниеттенейікші, сабырлы елім!
ҒАЛАМТОР НЕГЕ БҰҒАТТАЛДЫ?
Бүгін – үшінші күн, ақпарат көздерінің қолжетімділігі шектелген. Оның ішінде, әлеуметтік желідегі әңгімені әулиенің болжамындай көріп, бас бармағымызды патшаның мөріндей басып отыратындар үшін тамұқтағы сәттердей ауыр күндер өтіп жатыр. Ренжімеңіздер, аратұра оралымды ой, оқшау пікірімді жариялағаным болмаса, әу бастан-ақ дәл осы әлеуметтік желіні лас алаңға санайтындардың санатынан едім. Ол туралы жазғанмын да… Енді ашығын айтайын, ел ішіндегі ереуілді екілендіріп, шеруді шерлі күнге ұластырған, «отқа май құйып» мәселені ушықтырған – осы әлеужелі. Рас, халықтың арманы да айтылды, ақпараттың жалғаны да көрініс тапты. Ақыры, Жаңаөзен секілді жалқы қалада басталған наразылық акциясы жаппай белең алып, Алматыға жеткенше арандату тізгін бермей кетті.
Ғаламторды, барлық ақпарат көздерін бұғаттау. Бұл – ресми биліктің амалдың жоқтығынан қабылдаған шешімі. Бұл шешім де наразылықты еселеуі екі бастан мүмкін. Десек те, мәселенің мәнісіне байыппен үңілген халық бұл шешімді де сабырмен қабылдап отыр. Жақында әлдебір дерек көздерінен ғаламторды бұғаттау желі операторлары үшін қыруар шығын екенін көзім шалғаны бар еді. Шығын көлемін нақтылап жазайын десем, әлгі ақпаратқа қайта үңілуге ғаламтор жоқ. Әйтеуір, миллиондаған доллар… Ал, ол шығынды ертең біздің мемлекеттік бюджет өтеуі керек болса ше? «Мәссаған, безгелдек» сонда болады.
…Жағдай тұрақталып, ереуіл екпінін басар. Ғаламтор іске қосылар… Сол кезде елбұзар әңгімеге емес, елдестірмек пікірге көшсек, жарады.
Бұрын «екі елі ауызға – бір елі қақпақ» дейтін едік. Қазір шексіз мүмкіндіктер алаңына айналып үлгерген әлеужелінің арнасына өзіміз-ақ шектеу жасай алатынымызға көзіміз жетті, білем. Ғаламтор ғана емес, ұялы байланыс желісіне қойылған шектеудің өзі алаң көңілге едәуір салмақ болды. Алыстағы ағайын, іссапардағы баланың амандығын біле алмай, дағдарып отырмыз. Кеше ғана «Адайлар ерледі! Арғындар, қайдасыңдар?» деп ұрандатып, қоңсы қонған көршіні ерулікке шақырғандай, бір-бірімізді ереуілге үндеп едік, енді отырмыз
«Ел аман ба екен?» деп. Ел аман болсыншы!
Біздің «Орталық» – мінезді басылым. Бұл – өзімізге өзіміз жапсырып алған «атақ, абырой» емес, әдеби орта мойындап, теліген баға. Сонау 1991 жылғы «тамыз бүлігі» кезінде ұлт баспасөзінің баһадүрі, сол кездегі Бас редакторымыз Нұрмахан Оразбеков Одақтағы 15 республика басылымдарының арасында дара шығып, «Иә, бұл – төңкеріс!» деп жазғаны естеріңізде болар. Мен «Төңкеріс» дей алмадым. Екі ауыз дат айтқан ереуіл шығар, шер тарқатқан шеру шығар… Бірақ, осы оқиға кезінде Президент пәрменімен орын алып жатқан кадрлық ауыс-түйіс, қабылданған шешім, бәрі-бәрі ел сеніміне серпін беріп, үмітімізді оятқаны ақиқат. Біздің қоғам газга тұншығып қала жаздаған екен, таза ауаның лебі байқалады. Сәт! Сабыр, ағайын!
Ерсін МҰСАБЕК.