Бас тақырып

Алаң да, алаң, алаң жұрт: Немесе заңсыздықтан зардап шегетін кім?

Әлеуметтік жағдайдың индикаторы ретіндегі баспана – халықтың басты мәселесі. Жиренше шешен айтқандай, «Өз үйің – өлең төсегіңнің» болуы материалдық-қаржылық әлеуетіңе тікелей байланысты. Бірі бар-жиған тергенін жеке секторға салады, екіншісі шағын шаршы метрден үміткер ретінде әлеуметтік баспана кезегіне тұрады. Алайда, әлеуметтік баспанадан гөрі жеке сектор салған баспананың бәсі басым. Тез салымшы жинаса, солай көзді ашып-жұмғанша көпқабатты баспананың қабырғасы тұрғызылады. Бүгінде жеке инвесторлар тарапынан салынып жатқан тұрғын үйлер халықтың басым бөлігі үшін тиімді болып отыр. Ақшаңды саласың, айналдырған бір жылдың ішінде баспаналы боласың. Әрі жаңадан салынған үйлерді түрлі бағдарламалар есебінен төмен пайызбен алуға зор мүмкіндік бар. Дегенмен, бұл пәтерлерге екінің бірінің қолы жете бермейтінін де ескерген жөн.

Баспана бағасын бақылауды тапсырды

Жалпы, елімізде бірыңғай баспана саясатын әзірлеу бастамасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында да ұсынған болатын.

– Негізгі қағидат – тұрғындар, әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар үшін баспананың қолжетімділігін арттыру. Үкімет жүйесіз бағдарламалар қабылдау тәжірибесін тоқтатып, тұрғын үй саясатын жетілдірудің бірыңғай моделін әзірлеуі қажет, – деп тапсырды.

Мемлекет басшысы тұрғын үй нарығында бағалардың өсуіне жол бермеу үшін нақты шараларды қабылдау қажет екендігін, мемлекеттік органдар тұрғындар мен құрылыс компаниялары басшыларына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, нарықтағы алып-сатарлық операцияларға шектеу қою керектігін де тілге тиек етті.

Осы орайда, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Бірыңғай тұрғын үй саясатын жүзеге асыру тапсырмасы аясында баспанаға қол жеткізудің сатылы жүйесі енгізіліп жатыр. Мұнда ең негізгі айқындаушы фактор халықтың табысы болады» деп мәлімдеді.

 

Мемлекеттік қолдау – мардымды

Елімізде 600 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр. Тұрғындар санының көбеюіне байланысты, баспанаға деген қажеттілік те өсуде. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары болғанымен, екінің бірінің қолы жете бермейтіні анық. Дегенмен, «Отбасы банк» арқылы және «7-20-25» бағдарламасы төмен пайыздағы ипотекалық несиелерді рәсімдеуде.

Салып жатқан баспаналардың 90%-ға жуығында инвесторлардың қолтаңбасы бар. Демек, табысты  және тиімді. Бұл баспаналар салымшылар есебінен тұрғызылады. Әрі мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде саудалау салымшыға да, салушыға да  ыңғайлы.

Кейінгі екі жылда Қарағандыда құрылыс қарқынды жүруде. Өткен жылдың статистикалық мәліметіне сүйенсек, құрылыс көлемінің артуы инвестициялық жобалар мен коммерциялық тұрғын үй құрылысы есебінен артқаны белгілі. Жалпы құрылыс көлемі жағынан республикада бесінші орында тұрмыз. Аймақта «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының шеңберінде 2022 жылы 597,2 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 5,2 мың пәтер пайдалануға берілген. Оның 394 мың шаршы метрі – коммерциялық тұрғын үйге тиесілі. Яғни 66%-ы жеке инвесторлардың еншісінде. Аймақтың құрылыс саласы бойынша инвестициялық тартымдылығы жағынан алғашқы бестікте болғаны көңіл қуантады. Алайда, орын алып жатқан олқылықтар да жоқ емес.

 

Заңсыз құрылыстың себебі мен салдары

Бүгінде заңсыз баспанадан зәрезап болған салымшылар саны көп. Басты себеп – құрылыс компаниясының құқық бұзушылығы. Тұрғын үй құрылысын жоспарлағанымен,  жобаның құжаттамалық сараптамадан оң қорытындысын алмай, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына құрылыс монтаждау жұмыстарының басталуы жөнінде хабарламай, жұмысты бастап кетеді. Барлық пәле осы жерден басталады. Салдарынан салымшылар сан соғып, әуре-сарсаңға түседі. Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы Қарағанды қаласында биыл заңсыз салынған оннан астам жаңа көпқабатты тұрғын үй кешенін анықтады. Оның бірқатарының құрылысы сот шешімімен тоқталды. Бүгінде 67 нысан – басқарма бақылауында. 34 нысанның барлық рұқсат беру құжаттары бар.

– Бар мәселе – негізінен сараптама қорытындысының болмауында. Яғни, олар авторлық және техникалық қадағалаусыз құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мониторинг барысында басқарма хабарлау тәртібі бұзылған 13 тұрғын үй кешенін анықтады. Заң бойынша, әрбір құрылыс салушы бізге құрылыстың басталғаны туралы хабарлауы керек. Бұл онлайн режимінде, «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы жүзеге асады. Рұқсат құжаттарынсыз құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізгені үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 314-бабы 1-бөлігі, 321 және 463 баптарының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Атап айтқанда, «T-K Building» ЖШС-нің «Al-Farabi» тұрғын үй кешені, «КапиталСтрой-XXI» ЖШС-нің «Манхэттен», «TT INVEST-2022» ЖШС-нің «Хан», «Leaderstroy KRG» ЖШС-нің «Томирис», «Baspana» ЖШС, «Revival alliance» ЖШС-нің, Ержанов көшесі, 63/2, Есенбаев С. А «5-эт МЖД», «RGB GROUP» ЖШС-нің «Central Park», «Satti Lux Stroy» ЖШС-нің «Нұра», «Sadu Group» ЖШС-нің «Молодежка», «ККК Бетон» ЖШС-нің «Бақытты отбасы», «ТалапСтройГрупп» ЖШС-нің «Аружан», Тілеубеков С.Т «Kungey Village» тұрғын үй кешендерінің сот шешімімен құрылыс-монтаж жұмыстары тоқтатылды, – дейді облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас маманы, мемлекеттік құрылыс инспекторы Гүлбахрам Мұқашева.

Бұл құрылыс заңдылығының орындалу деңгейінің артқандығын көрсетіп отыр. Әуелі салып алайын, сонан кейін ретін тауып заңдастырып аламын деуге жол жоқ. Заңға қайшы келдің бе,  жауапкершіліктен құтылмайсың. Істі бастамас бұрын оның заңдылығын қамдап алуды талап етеді.

– Алдымен құрылыс жүргізетін жер аукцион арқылы сатылады. Бұдан әрі құрылыс салушы жылжымайтын мүлік нысанын салуға бірқатар рұқсат беру құжаттарын, атап айтқанда сәулет-жоспарлау тапсырмасын, «Қарағанды қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі» арқылы эскиздік жоба келісімін алғаннан кейін республикалық сараптамадан өтеді. Бұдан әрі тапсырыс беруші яғни құрылыс салушы облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасынан құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталуы туралы талон алуы тиіс. Егер барлық талаптар сақталса, аталмыш басқарма құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталуына талон береді. Жер учаскесінде құрылыс аяқталғаннан кейін құрылыс салушы нысанды пайдалануға қабылдау актісін ресімдейді және халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы тіркеуге тапсырады.  Содан кейін барып, қалалық сәулет және қала құрылыс бөлімі облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасымен бірлесіп, салыстырып тексеруді жүргізеді. Егер заң бұзушылықтар анықталмаса, нысанды пайдалануға қабылдау актісін есепке алуды жүргізеді, – деп нақтылады Қарағанды қалалық сәулет және қала құрылыс бөлімі мамандары.

Жауапты мемлекеттік органдар жұмыс жүргізгенімен, шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий енгізілгендіктен, бірқатар мәселелерге қол байлау болғандай. Сайып келгенде, бұдан зардап шегетін – үлескерлер.

 

Алданғандар алаңдап жүр

Бейресми деректерге сүйенетін болса, еліміз бойынша заңсыз құрылыс нысандарынан зардап шегіп жүргендер саны 1 млн-нан астам. Бір Қарағанды қаласының өзінде 400-ге жуық. Ақшаны салып қойған, не біткен баспана, не қайтарылған қаражат жоқ.

– Алғаш іргетасы көтерілген уақытта бағасы да арзан болды. Әрі құрылыс компаниясының кеңсесіне барып, жан-жақты таныстым. Осыған дейін құрылыс жүргізіп жүрген іргелі компанияың бірі екен. Баспананың салынып жатқан жері де көңілге қона кетті. Шаршы метрі 270 мың теңгеден болғандықтан, 30 пайызын қолма-қол салып, құрылыс аяқталғанға дейін өздері бекітіп берген максимальді соманы салып отырдым. Желідегі құрылысы тоқтаған құрылыс компаниялар тізімінен өзімнің ақша салған тұрғын үй кешенін көрдім. Төртінші этажға келгенде құрылыс жұмысы тоқтатылды. Мен секілді 80 үлескер алаңдап қалдық. Құрылыс компаниясының кеңсесіне барып, мән-жайды білгенімде олар «құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып, үлескерлерге беріледі. Әзірге сот процесін күтіп отырмыз. Оң шешім болады» дегендей жұбатып шығарып салды. Күткеннен басқа амал жоқ. Бірақ, менің бір түсінбейтінім құрылыс басталғанда неге бұл тексеріс жүргізілмеген? «Екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледінің кері келіп отыр», – дейді аты жөні мен тұрғын үй кешенін атамауымызды өтінген үлескер.

Тура осындай ауада тұрған үйдің бірі – Қарқаралы қаласында. Пайдалануға берілгеніне сегіз жыл болса да Тоқтар Әубәкіров көшесі 135 Б үйдің тұрғындары қолдарына әлі күнге ешқандай құжаттарын ала алмай отыр.

– «Отбасы банкі» АҚ арқылы жас отбасыларға арнап салынған ипотекалық тұрғын үй болған еді. Алғашқы жарнасын салып, кілтті қолға алдық. Бірақ үйіміздің ешқандай құжаты жоқ. Жауапты аудандық мекемелерге бардық, БАҚ арқылы да жағдайымызды айтып, көмек сұрадық. Әлі күнге дейін нәтиже жоқ, – дейді Аяжан Ғосманиян есімді тұрғын.

Бір таңқаларлығы тұрғындар коммуналдық төлемді төлеп отыр.

 

Қағазбастылықтан арылу керек

– Құрылысқа рұқсат беретін мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы. Рұқсаттан бұрын қаншама қағаз жинау керек. Оның бәрін жинағанша, кем дегенде бір жыл өтеді. Үйдің салу мерзімі бір жыл болса, екі жыл қағазын жинайсыз. Құрылыс жұмысына банктен кредит аласың, банк күтіп тұрмайды. Үйді тез салып несиені қайтару керек. Екі жыл қағаз сүйреп жүргенше деп, құрылысты ерте бастап кетеді. Бұл мәселенің алдын алу үшін қағаз жинаудың мерзімін қысқарту керек. Су, жылу, электр энергиясы, жобалаушыларға жеке-жеке барғаннан гөрі, барлық рұқсаттама құжаттарын бір жерден алған дұрыс. Жүгіріс көп. Бәрін бір жерден дайындап беретін мемлекеттік орган болуы керек.

Заңсыз деп айта берсек, Қарағандыдағы кез-келген құрылысты жабу керек. Бәрінен де кемшілік табылады. Бірақ, заң бойынша жұмыс істеу керек дегенмен, құрылыс саласында бәрін 100% орындауға мүмкіндік болмайды. Қазіргі уақытта құрылыс салушылар біздің Ассоциацияға келіп жатыр. Олардың мүддесін қорғауға дайынбыз. Басты ескеретін жағдай, құрылыс салушылар мен жауапты мемлекеттік мекемелер арасында өзара келісім болғаны дұрыс-ақ, – дейді облыстық құрылысшылар Ассоциациясының төрағасы Төлеген Әшімов.

Биыл…

Қала халқының саны күннен күнге өсіп келеді. Жан-жақтан бой көтерген тұрғын үй кешендері көңілге қуаныш ұялатады. Қазіргі таңда жеке құрылыс компаниялары есебінен 70 көппәтерлі тұрғын үй салынуда. Биылғы жылы 608,0 мың шаршы метр тұрғын үйді іске қосу жоспарланып отыр. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда  1,8%-ға өскен. Сонымен қатар, «Қуатты өңірлер – елді дамуының драйвері» ұлттық жобасының міндеттерін іске асыруда жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 1,7 млрд. теңге қаражат көзделген.

Сағыныш ӘБІЛ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button