Руханият

«Ғайып Ерен, Қырық Шілтен» бүгінгі проза туралы бірер сөз

Қарағандыда прозада қалам тербеп жүргендер аз. Терең білімді, парасатты, төзімді, тыңғылықты дайындықты қажет ететін жанрдың толыққанды өкілі, бұл күнде қазақ оқырманын мойындатып үлгерген жалғыз прозашымыз бар. Ол – Серік Сағынтай. Кейінгі өткен шығармашылық кешінде енді поэзиядан кітап шығармайтынын, түбегейлі прозаға бет бұрғанын мәлімдеді. Оның соңынан ерген екі шәкірт бар. Олар – Алмаз Мырзахмет пен Ерзат Ермағанбетов. Қарағандыдағы саусақпен санарлық прозашылардың бірі Ерзат Ермағанбетовтің шығармашылығына бүгін назар аудармақпыз. «Ғайып Ерен, Қырық Шілтен» әңгімесін талдадық.

Сурет toislam.ws

Шығарманың тақырыбынан-ақ бас кейіпкерді қандай да бір пәлекеттерден «Ғайып Ерен, Қырық Шілтен қорғап қалады-ау?!» деп болжайсыз. Бір сөзбен айтқанда: тақырыбының өзі оқырманға барлық картаны ашып тастағандай. Ғайып Ерен, Қырық Шілтен араласса, кейіпкерлердің тағдыры оңды болатынын біліп тұрсыз. Яғни, әңгіменің финалынан ешқандай трагедия күтпейсіз.

Бірақ, шығарма «Сиам» тұқымды мысықпен басталады. Назар соған ауады. Мысық атаулыны мәпелей қоймайтын қазақ үшін тышқан ауламайтын, жатып ішер әншейін үй жануары. Сүйрік есімді кейіпкер қайда барса, сонда барады. Осы тұста, оқырманның ойы лабиринтке түседі. Өйткені, кейіпкерді сақтайтын «Ғайып Ерен, Қырық Шілтен бе, әлде, мысық па?» деген сауалдар шығады алдыңыздан. Бұлай ойлауға толық негіз бар. Себебі, әлгі мысықтан иттер де қорқады. Итті үйшігіне қуып тығатын айбарлы һәм айбатты. Бесіктегі баланы күзеткендей, күні бойы қасында жатады.

Бір сөзбен айтқанда, Сүйріктің де, шақалақтың да қорғаушысы. Күндердің бір күнінде бесікке өрмелеп бара жатқан бұзаубас шаянды да өлтіреді. Оның үстіне, автор мысықтың аңызын баяндайды әңгіме барысында.
Бекен есімді кейіпкердің шахтадағы апаттан шап күретамыры зақымданады. Тәнінің дертті тұсына әлгі мысық жатқаннан кейін Бекмырза айығып кеткенін әңгімелейді. Автор осындай детальдар арқылы шығармасындағы сиам мысығын қорғаушыға айналдырады.

Автор әңгімені Болат есімді маскүнеммен шиеленістіреді. Әлгі маскүнем Бекмырзаның үйге сату үшін әкелген спирті барын білетін болып шығады. Болат басын жазу үшін ештеңеден тайынбайтынын айшықтайды әңгімелеуші. Осы тұста автордың сюжет құрылымын әбден пісірмегенін аңдайсыз. Тақырыбы «Ғайып Ерен, Қырық Шілтен» болса, кейіпкерлердің үйінде жаратылысынан қорғаушы сиам мысығы болса, «екеуінің біреуі бас кейіпкерлерді Болаттан қорғап қалады-ау?!» деп топшылайсыз. Солай болады да.

Түптің-түбінде Болат спиртті ішу үшін есікті сындырып кіреді. Осы оқиға арқылы автор шығармасын шарықтау шегіне жеткізеді. Сиам мысығын осы сәтке әзірлеген екен. Баса көктеп кірген маскүнемге мысық тойтарыс береді.

Ал, сонда, «Ғайып Ерен, Қырық Шілтен» қайда қалды? Тылсым құдіреттің мұнда ешқандай да қатысы болмай шықты. Біздіңше, автор тақырып қоюдан қателескен.

Шығарманың көңіл толтырар тұстарын да айтайық. Мәселен, Болат есімді кейіпкердің портреті шынайы жасалған. Ауған соғысының ардагері. Соғыстан қаны бұзылып келген деседі. Арақ ішіп, селкілдеп жылағанынан ішінде жазылмас дерт барын түсінесіз. Қан-қасап қыр­ғынды көрген адамға өмір оңай болар ма?!

Әңгімедегі кенттің климаты, көрінісі сәтті суреттелген. Бірақ, елдімекеннің нақты атауы келтірілмеген. Тек, кеніш іргесінде екенін мына бір сөйлемдерден аңдайсыз: «Бұндағы кеннен алынған қоспалар соғыс техникасын жабдықтаған металдарға алапат беріктік бергендіктен, Мәскеудің тікелей қарамағында болыпты. Қазір ол кең заман өтсе де, одан қалған қазынасы әлі сарқыла қоймапты.

Елдімекенді соғыс жылдарында тұтқындар салғаны айтылады. Бір ғана елдімекеннің тарихын баяндау арқылы, тұтас ұлттың басынан өткен оқиғалардан хабар береді. Өткенге көз жүгіртеді. Мұндағы күнкөріс көзі – шахта. Болаттың ішімдікке салынуы, Бекмырзаның спирт сатуы, өмірін қатерге тігіп шахтаға түсуі – өтпелі кезеңдегі жұрттың әл-ауқатын суреттеп тұр.

Жамал есімді кейіпкердің мына бір сөзі әңгіменің түйіні секілді. Автордың жеткізгісі келген ойы, нүктесі десек те болады. Жамал «Бесікті бұрындары құба талдан иіп жасаған. Сендер темірден соқтыңдар. Балташы жоқ, ұстасы көп біздің маңда барлығы сөйтеді ғой бірақ», – дейді. Бесікке үкі тақпағандарын да беттеріне басады. Жамалдың сөзімен үкі тағудың мәні мен маңызын тарқатады. Бұл – жұмысшылар ауылының тұтас кескіндемесі. Және салт-дәстүрден, наным-сенімнен ажырап бара жатқан, бесіктің қадір-қасиетін ұмытқан бүгінгі қазақтың сиқы. Әр күні күйбең тірлікпен, жанталаспен өрілген адамдардың арасында тылсым дүниеден хабар үзбеген жалғыз мысық. Бесіктегі шақалақты әлденеден қорғап, іргесінде жатады.

Дегенмен, Ерзат Ермағанбетов заманның, белгілі бір кезеңнің кескіндемесін бір детальға сыйғыза алатын қаламгер екенін аңдадық. Темір бесікке бөленген ұрпақ трагедиясы да бар мұнда.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button