Жаңалықтар

Қайсар рух бейнесі – қойылымда

Қазақ қыранының бойындағы асқақ рух пен алапат күш қайта оралып, Қарағанды аспанына көтерілген күн болды… Кез келген тұлғаның өзінен бұрын есімі жүреді алдында. Әуелі ерлігі мен өрлігі аңыз болып жеткен майдан даласынан. Одан кейін 1980 жылдары Қарағандының қақ ортасына ескерткіші орнаған қазақ қыранының. Енді, міне, қазақтың қыран ұлына арналған спектакль тұңғыш рет сахналанды мұнда. С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының батыр Нұркен ӘБДІРОВТІҢ өшпес ерлігін өнеге еткен қойылымының тұсауы К.Станиславский атындағы облыстық орыс театрында кесілді.

Тарихи оқиға демей көріңіз?! Нұркен Әбдіров ерлігін әйгілеген әлемдегі алғашқы қойылым болуы керек – бұл. Бұл – бір деңіз. Екіншіден – облыс әкімі Ерлан Қошанов спектаклді көріп, тамашалауды жоспарлағанымен, сахнаға шығып сөйлеуі жоспарланбаған екен. Көргендегі көңілде қалған әсер мен жүректегі толқыныстан болуы керек, аймақ басшысы да сахнаға көтеріліп, жүрекжарды лебізін білдірді. Қойылымның қаншалықты әсерлі шыққанын осыдан-ақ бағамдай беріңіз. Бұған дейін бірнеше әдеби туындылардың басты қаһарманына айналып үлгерген батыр рухы сахнада шиыршық атты. Кеше Сағи Жиенбаев поэмасының арқауы болған батыр есімі бүгін сахнада сомдалса, ертең көркем фильмге көшпесіне кім кепіл?! Нұркен десе, жанып тұрған жастық шақтың бет қаратпас жалын ерлігі елестейді. Қайтпас қайсарлық пен қаһармандық қылаң ұрып қоя береді. Аты айтып тұрғандай, «Қыран қазақ» қойылымында спектакль авторлары – Кеңес және Мейрам Жұмабековтер мен режиссері – Қуандық Қасымов батыр Нұркеннің ерлігін өнеге ете отырып, күллі соғыс табиғатының өзегіне бойлаған демеске лаж жоқ. Анасының (әртіс – Н.Жансүгірова) ұлының мүсінімен тілдесуінен басталған қойылым бірте-бірте ширығып, майдан даласына ойысады. Нұркен рөлінде – А.Жұмамұратов болса, қоюшы-суретші – Есенгелді Тұяқов. Соғыстағы сарбаздардың сағынышы мен арман-үміті, елде қалған аналардың ақ тілеуі мен ізгі ниеті, ғашық жардың іңкәр жүрегінің лүпілі – бәрі-бәрі майдан атты от-дауылдың арасында бұрқаған ерлік һәм қаһармандықпен қоса өріліп отырғаны – қандай жүректі болсын қозғары анық. Арыстан жүректі батыр Нұркеннің махаббат алдындағы адалдығы мен жауапкершілігінің өзі неге тұрады?! Қимастық танытқанымен, ғашығына сезімін де білдірмей кетеді… Соғыстан қайту, қайтпауы екіталай. Батыр болса да, ешкімнің жүрегін ауыртқысы жоқ. Қайраты мен қайсарлығы өз алдына, даласындай дархан ердің терең пайымы көрерменді бей-жай қалдырмайды. Арасында азды-көпті аяры мен залымы болғанымен, Тәңірі жаратқан ұлттың жаманы жоқ деген адамзаттық ой қылаң береді қойылым астарынан. «Адамзаттың бәрін сүй – бауырым деп» деген Абай. Гитлер фашист саналғанымен, неміс ұлтын жоққа шығара аламыз ба? «Бір құмалақ бір қарын майды шірітетіні» тағы бар, бірақ.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button