Жаңалықтар

Қайраты бойында, қаламы қолында

Қазақстанның Құрметті журналисі, публицист Серік Сексенұлы – 75 жаста

Сурет автордан

Қабырғалы еліне қарымды қаламгер ретінде танылған Серік Сексенұлы 75 деген «жігіт» жастың желкесіне қонжиды.

Сарыарқа жұртына Секеңді таныстырудың қажеті жоқ: Қазақстанның Құрметті журналисі (2010), облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының иегері (2008), қоғамдық ұйымдар мен өкілетті һәм атқарушы билік тарапынан ондаған Құрмет грамоталарына, Алғыс хаттарға ие болған Серік Сексенұлы 1950 жылы 11 мамырда Қу (қазіргі Қарқаралы) ауданы, Арқалық ауыл кеңесіне (қазіргі Тәттімбет ауыл округі) қарасты Едірей ауылында жарық дүние есігін ашыпты. Тегі жөнінен келгенде, Қаракесектің Айбике-Шаншарының Келдібек атасынан тарайды, әйгілі Ақсақтың алтауының бірі, Қаздауысты Қазыбектің інісі, мөр таңдайлы Балапанның ұрпағы.

Секеңнің ата-анасы, ғұмыр бойы колхоз бен совхоздың жұмысын атқарған әкесі Сексен, анасы Бәтен қақ-соқпен жұмысы жоқ, біртоға адамдар еді. Сексен әкемізге ерекше есім қойылуының өзі дербес әңгіме. Секеңнің атасы 85-ке толғанда туған нәрестеге үлкен адамның жасын берсін деген тілекпен атын Сексенбес деп қойған екен. Кейінірек есімнің кейінгі жартысы түсіп қалып, ауыл-үйдің адамдары Сексен атандырып жіберіпті.

Қу өңірінен шығып, қазіргі таңда қалам ұстап жүргендердің ұстазы Зарқын Тайшыбай осы Сексен әкеміздің аты-жөніне қатысты тағы бір қызықты әңгіме айтады. «Жетпісінші жылдардың басы болатын, – дейді Зақаң, – бұл кезде Егіндібұлақ атауымен қайта құрылған ауданның газеті «Ленин туында» редактордың орынбасарымын, Кәрім (ақын К.Сауғабай) – жауапты хатшы. Түстің қарсаңында үйді-үйімізге тарап жатыр едік, сәл бөгеліп қалған жауапты хатшыға «Арқалық» совхозының партком хатшысы Ғабдолла Смағұлов телефон соғып, жылқышы Сексен Олжабаев қасқыр атып алғанын хабарлайды. Түстіктен оралсақ, Кәкең «Арқалық» совхозында жақсы оқиға болған екен, газеттің кезекті нөміріне салып жіберейік», деп, қолыма парақ қағаз ұстатты. Қарасам, «Оқиға» айдарының астында «Арқалық» совхозының жылқышысы Олжабаев 80 қасқыр атып алды» деген хабар жазылыпты. Сол жерде Кәкеңді қолға алдық. Мен «80 қасқырды қатарлап қойып пулеметпен атты ма екен?» десем, редакторымыз Қабыл Сейфуллин: «Бір совхоздың жерінде 80 қасқыр болса, Арқалық өңірінде биыл мал қалмайтын шығар» дейді. Қызарақтаған Кәкең:

– Қайдан білейін, парторг солай деп хабарлады ғой, – деп ақталады.

Болашақ мамандығын бозбала шақтан айқындап, алдына берік мақсат қойған Серік Сексенұлы 1968 жылы Егіндібұлақтағы мектеп-интернатты бітіріп, сол кездері республикада журналист мамандар даярлайтын жалғыз оқу орны ҚазМУ-ға түсуге талаптанады. Дегенмен, талапқа сай екі жылдық жұмыс өтілі, «сөзін сөйлейтін адамы» жоқ, Арқадан барған бозбалаға ҚазМУ-дың есігі айқара ашыла қоймайды. Талабы кесілсе де, тауы шағылмаған жас жігіт аудан орталығы Егіндібұлаққа оралып, осындағы баспаханада газет басушы болып еңбекке араласады, қалайда газет жұмысына жақын жүру мақсатымен. Осы жерден әскерге алынып, қайтып келген соң еңбек жолын жалғастырады.

Оның тырнақалды туындылары да «Ленин туы» газетінің бетінде жарық көрді. Газет, оның ішінде аудандық басылым ең көп тарайтын бұқаралық ақпарат құралы ол кезде. Өйткені, теледидар жоқ, радио толқыны бір жерде ұстаса, бір жерде ұстамайды. Газет-журнал қолжетімді – арзан, таралымы мол. Оның ішінде, аптасына үш рет шығатын аудандық газеттің жүрмейтін жері, қолданылмайтын мақсаты жоқтың қасы. Өрістегі малшы етігінің қонышында, ет асқан шешелердің аяқ-табағының астында жүре береді. Оқылғаннан тыс қалғандары қол сүртетін майлық, от тұтататын тамызық болады. Осындай құралдардың бірегейі «Ленин туында» басылған Секеңнің заметка, репортаж, суреттемелерін оқыған ауыл жұрты оған үмітпен қарағаны, Арқалық – Айрық өңірі қуаныш білдіргені хақ. Сол кездері мектептің 7-8 сыныптарында оқып жүрген маған «Көк шыбындар мейрамы» деген фельетоны қатты әсер етті. Тіпті, болашақ мамандығымды тап басып айқындауыма ықпал жасаған себептің бірі болуы да ғажап емес.

Табандылықпен мақсатына қол жеткізіп, Қазақтың С.Киров (қазіргі әл-Фараби) атындағы мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдап туған жеріне оралған Серік Сексенұлы 1977-1982 жылдары «Ленин туы» газетінің редакциясында жауапты хатшы болып қызмет атқарды. Содан кейін Қарағандыға қоныс аударып, 1982 жылдан бастап, «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясында еңбек етті. 1985-1987 жылдары Алматының жоғары партия мектебінде оқығанын есепке алмасақ, осы мекемеден табан аудармай, зейнеткерлікке шықты. Қатардағы тілшіден бас редактордың бірінші орынбасарына дейінгі лауазымды иеленді. Ол журналистиканың кез келген жанрында қалам сілтейтін бесаспап қаламгерлер сапынан. Оның шығармалары бірнеше ұжымдық кітап жинақтарында жарық көрді.

Секең құрметті демалысына шығып, тізгін-шылбырын Ғалияш жеңгеміздің қолына тапсырған соң немерелерінің дербес күтуші-жүргізушісіне айналды. Сөйтсе де, баз-базда қолына қалам алып, туған өлкесінің тарихына, онда ғұмыр кешкен белгілі тұлғалардың тағдырына қатысты көкейкесті тақырыпты қозғап қоюды да ұмытпайды. Мысалы, ол соңғы жылдары Шаншар абыз, Бегім шайқы әулие, Жайсақ қажы, т.б. адамдар жайлы тартымды жарияланымдар жарыққа шығарды. Бүгінгі күні «Ай-хой, жиырма бестің!» үшеуін қанжығасына байлаған Серік Сексенұлы – шеберлігі келіскен, қажырлы һәм қалам қайраты бабында жүрген қаламгер. Сондықтан, оқырмандарын әлі де ұзақ уақыт мәні зор, мазмұны терең туындыларымен қуанта береді деген үміттеміз.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері

Басқа материалдар

Back to top button