Қайраткерлер рухына құрмет
Нұра аудандық мәдениет үйінде «Төртеу түгел болса…» атауымен Шоң Телғозыұлының – 200, Қайып Айнабековтің – 140, Сәкен Сейфуллиннің – 130 жылдығы және Бүркіт Ысқақовтың 100 жылдығына арналған салтанатты шара өтті.
Шарада еліміздің руханияты мен өнеріне өлшеусіз үлес қосып, соңына мол мұра қалдырған төрт қайраткердің өмірі мен шығармашылығына байланысты кеңінен мәлімет берілді.
Сонымен қатар, атаулы даталарға орай айтыс ұйымдастырылды. Оған айтыскер ақындар Дидар Қамиев, Тілеген Әділов, Мақсат Аханов және Айтбай Жұмағұлов қатысты.
Ақындар есімдері ұлт тарихына алтын әріппен жазылған қайраткер тұлғалардың ерлігін жырға қосумен қатар, туған өлкенің сұлулығын жырына арқау етті.
Одан бөлек, шарада Мақсат Аханов пен Дидар Қамиев әншілік қырынан танылды.
Ауқымды шара соңында аудан әкімі Бақытжан Мұқанов және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Зарық Мақсұтұлы айтыскер ақындарға алғыс айтып, олардың әрқайсысына ақшалай сертификат табыс етті.
Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz