Қайран, Ардақ ағам-ай…

Асыл ағам, арда ағам, Ардақ ағам-ай…
Қамқор да тілеулес жайдары қалпымен күлімдеп тұратын. Жымиып қана құшағына алып амандығымды сұрайтын. Ауылдасым деп, жан бауырым деп қайда жүрсе мақтанып, мақтап отыратын.
Ешкімге титтей қиянаты жоқ, өз ісін үндемей ғана тындырып елге қызмет етіп жүретін.
Ешкіммен жаға жыртысып, айғай-шуға, дау-дамайға, лас тірлікке араласқан емес.
Жастайымыздан Ардақ ағамның серілігіне, сырбаздығына, сабырлы қалпына еліктеп өсіп едік…
Сұм ажал ортамыздан осылай тез суырып әкетеді деп кім ойлаған…
Төбемнен жай түскендей есеңгіреп, егіліп, ішім удай ашып отыр.
Қолымнан не келеді?
Өмір неге осылай тым қатал еді деп,
Ажал неге аяуды білмейтін, мынау жақсы адам адамзатқа әлі де керек-ау деп ойланбайтын не деген тасжүрек деп.
Бала-шағасының, еңбегінің қызығын енді көретін шағында Ардақ ағам көз жұмыпты.
Сенбеймін десем алдымнан қаралы суреттері шығуда.
Сенейін десем алдымнан Мирасжан деп шыға келетіндей…
Қайран ағам-ай…
Бақұл болыңыз…

Көңілі аппақ көк аршын,
Сен бар кезде жайлау еді жағам шын.
Тіліп ұшты жүрегімді қақ айырып,
Іліп ұшты қанатына ажал-сұм!

Таң қаламын сұм ажалдың оғына,
Екі көзі жоғына.
Көңіл айтам Сарыарқама, егілген,
Қаламдасқа,
«Хабар» микрофонына.

Қош бол аға, сендей аға жоқ енді,
Жеткізуші ең көкке мақтап төбемді.
Сені жоқтап хабарлаған дауыстар,
Отқа апарып лақтырғандай денемді.

Асып қандай уәж айтам тағдырдан,
Бес күн жалған дегеніңіз – жол бұлғаң.
Елге барсам кең құшағын кере ашып,
«Мирасжан!» деп шықпайды енді ол
алдымнан…
Қош аға!

Мирас АСАН

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.