Тұлға

Қайран, Қапан!

  Арқадан Алатауға барып, Алаш әдебиетінің туын көтерген тұлғалар аз болмаған. Солардың бірегейі Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ соңынан заманында қара ермеді деу – ақылға сыймайды ғой. Қасымдарды туған Қарқаралыда дүниеге келіп, оның ізін басқан Қапан САТЫБАЛДИНДІ бүгіндері біреу білсе, біреу біле бермес. Сонымен, әуелгі сөзді Қасым атамыздың «Қапанға» өлеңінен бастайық:

Қан қақтаған жалпақ дала

Жанымдай боп жатты өртеніп,

Кешкі аспан қызыл ала

Төмен түсіп, тұрды төніп.

Оралғандай тұмша бұлтқа

Отырдым мен – бейне құз тас.

Ішкі толқын теуіп сыртқа,

Шашырады көзімнен жас.

Отты желі сағыныштың

Өтті қарпып, шарпып жалап.

Өз жасымды өзім іштім.

Кеуде қаңсып, жан қаталап.

Сол кез, досым, бақыт құсы

Қуырсының малсаң қанға.

Тіршіліктің хабаршысы

Іздеп мені қан майданда.

Жарқ етті де, келді, қонды,

Менің алақаныма кеп.

Әмма сайрағандай болды,

Жайып қанат, үні елжіреп.

Ақ қанатты бақыт құсы –

Ақ қағазға жазылған хат.

Қанды сапар жолаушысы

Хат қадірін білер солдат.

«Хат қадірін білер солдат»

Деген оймен мені ескеріп,

Досым, құрбым, жазыпсың хат,

Жүрегіме болды серік.

Тапты ұя көкірегімнен,

Бір жаңардым, қайта түлеп.

Өршіп, қаулап тірілдім мен,

Қатар соғып екі жүрек (Қасым Аманжолов, «Қапанға». 1944 жыл).

«Қарқаралы – туған жерім, Өзіме ыстық думан белім» дейтін Қапан Сатыбалдин 1917 жылы Қарқаралының Бесоба ауылында дүниеге келген. Өзінен 6 жасқа кіші болса да, Қасым оны «Досым, құрбым» деп құрмет тұтқанынан-ақ біраз жайды аңғаруға болатын сияқты. Қапекең өлеңді жастайынан жазғанға ұқсайды. Абай атындағы Педагогика институтында, Мәскеу мемлекеттік кинематогрофия институтында (1940-1942 ж) оқыған оның алғашқы «Мен жырлаймын» атты өлеңдер жинағы 1938 жылы шыққанда, ақын небары 21 жаста екен. Әдеби ортаға уыздай жас кезінен танылғаны өз алдына, соғыс майданында «Совет жауынгері» газетінде қызмет етеді. Ағасы Қасым жаңағы өлеңінде «Сол кез, досым, бақыт құсы, Қуырсының малсаң қанға. Тіршіліктің хабаршысы, Іздеп мені қан майданда» деуі содан болса керек.

Қарағандының Оңтүстік-Шығысындағы Сатыбалдин көшесінде қанша жүрсек те, оның кім екеніне мән бермеппіз. Тіпті, «Сатыбалдин көшесі» емес, «Сатыбалдина» аталып кеткен бүгінде. Мағаш (Мағауия Сембай) ағамыз айтпаса, бұл мақала да жазылмас еді. «Ілияс Есенберлин, Қабдеш Жұмаділов, тағы басқа ақын-жазушыларға шарапаты тиген» дегенде таңырқап қалғам. Тапсырма берген соң, еңбектерін ақтарып келіп жіберсем, соңында қалған мұралары бақандай 4 том екен. Өлеңдері, әңгімелері мен повестері және пьесалары мен очерк-мақалалары жетерлік. Ақындық күш-қуаты арынды бұл кісі өлеңдерінің биігі – «Әлия» поэмасы. Ақынның жалғыз жоқтаушысы жазушы Қабдеш Жұмаділовтің айтуынша, қазақтың батыр қызы Әлияға алғаш жырдан ескерткіш қойған да осы Қапан Сатыбалдин екен.

«Құлшынып қуған өнер былай қалды,

Дүние көз алдында шыр айналды.

Бұлақтай таудан аққан мөлдір тілек

Соғыстың сойқанымен ылайланды.

Ауыр ой айғыздады қыздың түсін,

Ащы кек андыздаған күйдірді ішін.

Бір тажал көз алдында тұрып алды

Сол қызды жаралғандай жұту үшін» деген жолдарды оқығанда, арқаң шымырлайды.

«Венеция кегі», «Айдан тамған жас», «Махаббат» поэмаларын жазған ақын «Ашылған құпия» поэмасы үшін комсомол сыйлығын иеленген. Бірақ, соғыстан кейін Қапекең өлең жазуды қойып, әдебиеттің басқа жанрларына қалам сілтеген. Соны емеурін еткен Қасым Аманжолов:

«О, Қапан Сатыбалды,

Сатыбалды баласы жатып алды.

Жатып алды, аққудай ақын даңқын

Атып алды, тарихта аты қалды», – деген екен қысқаша. Өлең өлкесінде соғысқа дейін республика көлемінде танылып үлгерген ақынның жыр жазбай кетуінің себебін Қабдеш Жұмаділов «таланттың тапшылығынан емес, заманның таршылығынан іздеген жөн болар» дейді. «Әлеуметтік заказдан, бір сарынды ұран өлеңдер жазудан ақынның жалыққаны байқалады. Жалғыз ұлының есімін Наурызбай – Науан қойған азаматтың көкірегінде не жоқ дейсіз?! Ақын мен уақыт арасында қайшылық туғаны анық».

Қапекең қара өлеңнен алыстағанымен, қаламын қаңтарып қоймаған. Ішкі дерт – сөз өнері тыншу берсін бе?! Тынысын кең алып, арнасын барған сайын ұлғайта түскен. Елуінші жылдары жазған пьесалары – «Ұзақ жол», «Аягөз ару», «Қабаған ит», «Махаббат машақаты» бір төбе де, кинодраматургия саласында жазған сценарилері бойынша «Ән шақырады» атты толық метражды көркем фильм, «Дина Нүрпейісова», «Кеген өңірінің ерлері» атты деректі фильмі түсірілді. «Қабаған ит» спектаклі Әуезов атындағы театрында, ал, «Аягөз ару», «Махаббат машақаты» республикалық жастар театрында қойылған екен.

Шығармаларында кеңестік идеологияның салқыны жатқанымен, тілі кесек, сөйлемдері сылдырап аққан бұлақтай есіліп отырады. Суреттеулерінің артық-кемі жоқ. Қайдағы бір құбылыстарды фотоға түсіріп алғандай, көз алдыңа қаз-қалпында әкеледі де, әрі қарай оқуға асықтырып отырады. Басқа шығармаларын қайдам, біз оқыған «Қараторғай» повесі осындай пікірге байлады. Автордың баяндау тілі, портрет жасау, кейіптеу шеберлігі өз алдына бөлек әңгіме. Кеңестік замандағы шопандар өмірінің көрінісінен басталған шығармада композитор жігіт Досай, оның мінез-құлқы, жайлауға ат арытып келген мақсаты – әнші қыз Айгүлдің шопандар отбасындағы өмір қалпы, Тойбазар атты қойшы жігіттің мінез-құлқы мен іс-әрекеті, Нұралы қарттың қам-қарекеті мен мұң-мұқтажы сияқты мәселелердің мән-жайы бірінен соң бірі өрбіп отырады. Оқиға желісі бір жағдайда Алматыда жалғасып жатады. Әнші қыз Айгүл мұнда көркемөнерпаздар байқауына қатысуға келеді. Ондағы Сазанбайдың сырт бейнесін айнытпай елестетеді: «Ол осылай дегенде залдың әр жерінен шиқылдаған сұйық күлкі шықты. Бірақ онымен Сазанбайдың жұмысы болған жоқ, өзіне-өзі мәз ол суырша томпаңдап сахнадан тайып тұрды».

Теңеулері оқыс, оқшау тұрады. «Көк «Волганың» ешкінің кенейіндей тұлғасы шап-шағын, тарамыс шоферы Медет пен Досай қанша асықтырып, жолақыны үйіп-төккенімен жылдамдықты алпыстан асырған жоқ».

«Шофер жігіт су тиген көндей жіби түсті».

Жазушы Айгүлдің қызығы мен шыжығы қатар жүретін өнер жолына қадам басуын шынайы суреттеген. Өмірдің әртүрлі құбылыстарын көрсете отырып, жедел, жүрдек баяндаулармен бірталай мәселені қамтиды. Жазушы уақыт талабына сай сапалы туындылар жазғанына осы «Қараторғай» повесі дәлел.

Қазақ поэзиясының құбылысы – ақын Жұмекен Нәжімеденовтің Құдайды жоққа шығарған Кеңес үкіметі кезінде «Құдай керек сиынбауға сайтанға, (Құдай жоқ қой, жай, әншейін айтам да)» деп астарлағаны бар. Сол сияқты Қапан Сатыбалдиннің әрі эссе, әрі лирикалық күнделік жанрындағы «Қарсы алдымда қара құдайы» – күні бүгінге дейін құнын жоймаған құмбыл шығарма.

Қапан атамыз тек қалам иесіне сай, лайықты қызметтер атқарғанынан да жазу өнеріне адалдығын байқауға болатын сияқты. «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, «Қазақфильм» киностудиясы директорының орынбасары, “Жұлдыз” журналында бас редактордың орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағында хатшы қызметтерін атқарған. Бұған қаламгерлігін қосыңыз. Небары 52 жыл өмір сүрген қаламгер үшін аз қызмет емес.

«Осы «Қазақ әдебиеті» газетінде редактор болып жүрген кезінде Қапан ағаның студент мені жұмысқа алғанын өмірі ұмытпаймын» деп ағынан жарылады Қабдеш Жұмаділов. Университеттің соңғы курсын оқитын студент кезі екен Қабдеш ағаның. Әрі Алматыда арқасүйері жоқ, жалғызілікті. «Қазақ әдебиеті» газетіне жұмыс сұрап барса, оған дейін 12 үміткер өтініш білдіріп, тіркеліп қойыпты. Қабдекең 13-ші боп тұрады тізімге. Кейін, 10 шақты күннен соң редактор Қапан аға Қабдешті қабылдап тұрып: «Әнекүні айтып едім ғой, сенен бұрын 12 адам тізімде тұр деп. Байқасам, солардың әрқайсының соңында екі-үштен адам жүр. Үйде де, жұмыста да маза жоқ – шырылдаған телефон. Солардың ішінде жанкүйер қолдаушысы жоқ, саяқ жүргені – жалғыз сен екенсің. Содан ойлап-ойлап келдім де, саған тоқтадым», – депті. Естелігінде осыны еске алған Қабдеш аға: «Әрине, Қапекеңнен басқа біреу болса, ол орынды менен гөрі пайдалырақ, қарымта қайтаратын әлдебір ағайынға бұлдап өткізуіне болар еді. Бірақ, Қапан ағамыз ондай пендешілікке бармады. Адалдық, кісілік дегеніміз осындай-ақ болар».

Қабдеш ағаның айтуынша, Қапан атамыз Ілияс Есенберлинмен жан аяспас дос болыпты. Сол 1965-1966 жылдары Ілияс атамыздың «Айқас» романы «Жұлдыз» журналында қатты сынға ұшыраған да, өзі оның алдында қуғындалып, қыспақта жүрген. Дәл сол тұста Қабдеш аға Жұмаділовке мақала жазғызып, Ілекеңді ақтап алған адам – осы Қапекең екен. Оны Қабдеш аға айтады: «Мақала Қапекеңе ұнады. Газеттің келесі нөмірінде бірден басылып шықты. Сол күні түске таман редактор шақырып жатыр дегенге барсам, қасында Есенберлин бар екен. Бүгін оның да мерейі тасып, көңілді жүрген кезі болса керек, қалың еріндері түріле, ырсыңдай күліп, Қапанға бірдеңелерді айтып отыр. Мен сәлем беріп, қастарына таяғанда, редактор басын көтерді де:

– Ілияс, әлгі сен үшін жарғыға түсіп, Қышқашевты (Есенберлинді сынаған сыншы) қысқаштай қысқан Жұмаділов деген қызметкеріміз осы! – деді үнінен әлдебір мақтаныш лебі есіп.

– Айналайын, қанатымен су сепкен қарлығашым сен екенсің ғой! – деп Ілекең де орнынан көтеріле берген. Басында қол беріп амандасты да, оны азырқанды білем, қапсыра құшағына алды. – Рахмет, бауырым! Сенің адал көңіліңе алғыс айтайын деп келдім. Мына Қапан біледі, менің осы жасқа келгенше баспасөз бетінде жылы сөз естігенім осы! – деді ағынан жарылып».

Айта берсе, Қапан Сатыбалдин жайлы әңгіме көп. Әрбір очеркінің тіл ерекшелігі, қисын табудағы шеберлігі – бір-бір мақалаға жүк. Біз сыдыртып қана өттік. Қабдеш аға Жұмаділов бір естелігінде Қапекеңді «Қапастағы бұлбұл» атапты. Кеңес үкіметінің қыспағынан, цензураның ықпалынан бауырын жаза алмай кетті. Әйтпесе, шығармалары төгіліп-ақ тұр. Оқып отырып, Қапан, Қасымның ізбасары дегің келеді.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Бір пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button