Қайнаған құрылыс алаңы
Бұл күндері қала маңындағы Доскей ауылы қайнаған құрылыс алаңына айналғандай. Мұнда бір мезгілде төрт бірдей нысанның құрылысы қатар жүргізіліп жатыр.
– Биыл бізде «Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобасы бойынша, – дейді осы Доскей ауылдық округінің әкімі Ерболат Тоқмырза, – клуб пен жайлы мектеп салынып, кәріз жүйесі тартылып, су құбырлары ауыстырылып, жаңартылады.
Содан ауыл әкімінің бастауымен бірінші барғанымыз салынып жатқан 200 орындық клуб үйінің ғимараты болды. Жобалау-сметалық құны 774,53 миллион теңге тұратын бұл мәдени нысанға тапсырыс беруші Бұқар жырау ауданының құрылыс бөлімі болса, оның бас мердігері – «Astana Кoktem Group» ЖШС, ал, қосалқы мердігері «Строй-Структура-Плюс» ЖШС болып бекітілген.
Біз барғанға дейін құрылысшылар оның қабырғасын көтеріп, төбесін жауып, есік-терезесін орнатып, ішкі-сыртқы сылағын толық аяқтаған екен. Сол сияқты су, жылу, электр желілерін де тартып, жоспарлы жұмыстардың 70 пайызын орындап, енді сыртын сайдингпен қаптап, айналасын абаттандыруға кіріскен. Жоғарыдағы қосалқы мердігер серіктестік шебері Серікхан Жанаев осы қарқындарынан таймай, өткен жылдың сәуір айында басталған клуб құрылысын алдағы тамыз айында аяқтамақ ойлары барын айтады. Сол кезде 5 мыңнан аса доскейлік тұрғын салтанатты сарайдың қызығына кенелері хақ.
Доскейдегі келесі бір маңызды нысан – 300 орындық жайлы мектеп ғимараты. «Самұрық-Қазына» АҚ тапсырысымен бой көтеретін оның бас мердігері тағы да «Аstana Кoktem Group» ЖШС болып табылады. Аталған серіктестіктің прорабы Зейнұр Иваев өткен жылдың желтоқсан айынан бастап жер қазу, іргетасын құю жұмыстарын бітіріп, енді осындағы 50 адам металл конструкцияларын орнатып, қабырға кірпіштерін қалауға кіріскенін мәлімдеді. Таңның атысы, күннің батысы оларда тыным жоқ. Құрылыс материалдары да тоқтаусыз жеткізіліп тұр. Сәтін салса, құрылысшылар білім ордасы ғимаратын биылғы желтоқсан айына дейін салып бітіріп, пайдалануға беруді жоспарлап отыр.
Сол сияқты Доскей ауылында кәріз желілерін қайта жаңғыртуды қолға алған «Сервис НС» ЖШС бұл шаруаны келер жылдың қазан айында тәмамдамақ ойда. Жалпы құны 731,8 миллион теңгелік бұл жоба құрылысының қазірде 25 пайызы орындалған көрінеді.
– Бұрын бізде кәріз жүйесі Орталық көшеде ғана болатын, – дейді ауыл әкімі, – Осыдан былай ауылымыз кәріз желісімен тегіс қамтылады.
Ендігі бір су құбырларын жаңғырту жұмысын «Агропромремстрой» ЖШС атқарып жатыр. Келісімшарт бойынша 1 жарым миллиардқа дейінгі соманың биылғы 1 маусымға дейін 859 миллион теңгедейі игеріліп, біраз шаруа тындырылған. Яғни, серіктестік құрылысшылары осы күзге қарай ауыл ішінде 41 шақырым су құбыры желілерін, 11 600 метр су өткізгіш құбырларды, 6 ұңғыманы, 300 текше метрден 2 резервуарды және 98 гидрантты ауыстырып, орнатады.
Сонымен құрылысы қарқын алып, көркейіп келе жатқан Доскей ауылында бәрі де қаладағыдай болады.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы
Ortalyq.kz