Жаңалықтар

Айна

Қожанасыр бабамыз бір күні кешкісін сүр ет жеп, қатты қаталап шөлдеп, түн жарымда ояныпты. Кемпіріне «су бер» десе, өзін жұмсапты. «Жазған құлда шаршау бар ма?!» Құдыққа өзі барыпты. Бұл «Қарағай басын шортан шалады, сиыр пұл болады, әйел би болады» деген көріпкелдік сөз шығатын кез болса керек. Қожекең қауғаны құдыққа салып жіберіп, тартып көрсе, қауға шықпайтын көрінеді. Еңкейіп қараса, сынық ай су бетінде мөлдіреп тұр екен. Қауғасы айға ілініп қалған екен деп ойлайды Қожекең. Бар күшін жиып, ышқына тартады ғой. Қауға үзіліп кетсе керек, Қожанасыр шалқалай қарақұсымен құлайды. Сүт пісірімдей талып жатыпты. Не десе де, шал керек қой. Кемпірі есін әзер жиғызып алыпты. Шалқасынан жатқан Қожекең зеңгір көктегі сынық айға қарап, «Не болса, ол болсын, Айды аспанға бір шығардым ғой» деген екен жарықтық. «Айды аспанға бір шығардым» деген сөз сол Қожекеңнен қалған.

Адамзат баласы айна, фотосурет шықпай тұрып өз бейнесін, суретін, кескінін мөлдір судан көрген. «Желсіз түнде жарық ай, сәулесі суда дірілдеп» деп Абай атамыз жазған. Бір Алламыз адамға ақыл-ой берген. Содан адам пендеге қажетін де, зиянын да ойлап тапқан. Әрине, айна да, фото да қажет. Айна алғаш қазіргі Түркия жерінен, Мысырдан біздің дәуірге дейінгі 6000 жылы обсидиан деген жылтыр вулкан тасынан жасалған. Одан кейін Венеция мен Голландияны айна отаны дейді. Жалпы металл қай жерде алғаш өндірілсе, сонда жылтыр дүниеден жүзіңді көресің ғой. Бұрынғы сақ, ғұн бабаларымыз алтын сауыт киіп, күмістелген ер-тоқым ерттеп мінгенде айна да жасаған болар. Ал, фотосуретті бертінде француз Л.Ж.М Дагер 1839 жылы күміс тұзын пайдалана отырып, шығарған. Осыдан 180 жыл бұрын.

Бұрын бәрі түзу болған. Айна да, фотоаппарат та. Атамыз қазақ «бетің қисық болса, айнаға өкпелеме» деп сол бір қисаймай, қыңыраймай тұрған заманда айтқан ғой. Бертін келе, өткен ғасырда әуелі айна қисайған. Орыстың балаларға арнап фантастика, ертегі жазатын В.Губарев деген жазушысы «Королевство кривых зеркал» деген ертегі повесть басып шығарған. 1963 жылы сол повестің желісімен М.Горький атындағы киностудия осы аттас фильм түсірген. Айна арқылы жазушы алдаусыратып отырып, коммунистік қоғамның қисайғанын көрсетеді. Оқып көріңіз. Ал, фотомыз әбден қисайып бітті. Әркімнің қолында бір-бір фотокамера. Фотошоппен басқа түгілі басыңды ауыстырып жібереді.

 Сонда кімге өкпелейміз? Айнаға ма? Әлде, өзімізге өзіміз өкпелейміз бе?

Мағауия СЕМБАЙ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button