Ресми

Аймақ тынысы – үкімет назарында

ҮКІМЕТ МҮШЕЛЕРІНІҢ ЖҰМЫС ТОБЫ 17-18 СӘУІРДЕ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНДА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН БОЛДЫ. ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ ГҮЛШАРА ӘБДІҚАЛЫҚОВА БАСТАП КЕЛГЕН ТОПТЫҢ ҚҰРАМЫНДА ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ ЕЛЖАН БІРТАНОВ, БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ КҮЛӘШ ШӘМШИДИНОВА, ҚҰРЫЛЫС КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ МАРХАБАТ ЖАЙЫМБЕТ БАР. САПАРДЫҢ АЛҒАШҚЫ КҮНІ ҮКІМЕТ МҮШЕЛЕРІ ЖЕЗҚАЗҒАН ӨҢІРІНДЕГІ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ АХУАЛҒА ҮҢІЛДІ. ЕКІНШІ КҮНІ МИНИСТРЛЕР ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ БАСЫНДАҒЫ БІРҚАТАР САЛАЛЫҚ НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫ. АЛ, ОБЛЫС ӘКІМДІГІНДЕ ВИЦЕ-ПРЕМЬЕР МЕН ЕҢБЕК МИНИСТРІ ЕҢБЕК ҚАТЫНАСЫ ЖӨНІНДЕГІ ҮШ ЖАҚТЫ КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫН ӨТКІЗДІ. БҰДАН СОҢ АБАЙ ҚАЛАСЫНДА «ӘЛЕУМЕТТІК ҚАМҚОРЛЫҚ» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ БАРЫСЫ ТУРАЛЫ КЕҢЕСКЕ ҚАТЫСТЫ. ҮКІМЕТТІК ТОП АТ БАСЫН БҰРҒАН ҚАРАҒАНДЫ – 12-ШІ ӨҢІР.

ЖЕЗҚАЗҒАН: әлеуметтік мәселеде әріптестік маңызды

Жезқазғандағы жұмыс сапары барысында Премьер-Министрдің орынбасары Медициналық орталық қызметімен танысқаны туралы бұған дейін хабарлағанбыз. Содан соң «Ертөстік» бөбекжайымен, мектеп оқушылары бағдарламалау мен робототехника бойынша білім алатын «IT TECHNOLOGY FOR YOU» білім орталығына барды. «Ютария ltd» өндірістік инновациялық компаниясы IT-сыныптардың ашылуына 38 миллионнан астам теңге жұмсаған.

Сондай-ақ, Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова мен Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрі Бердібек Сапарбаев Жезқазғанда азаматтарды қабылдау өткізді. Тұрғындар кездесуде әлеуметтік сала, білім және денсаулық мәселелеріне қатысты сұрақтарын қойды.

Қабылдауға келушілердің бірі – көпбалалы ана Гүлмира Аманжолова. Оның екі үлкен баласы – студент. ЖОО ақысын төлеу бұл отбасыға қиынға соғуда. Сондықтан, бес баланың анасы университеттегі оқу ақысын 50% жеңілдікпен өтеуге көмектесуді өтінді. Гүлшара Әбдіқалықова бұл мәселені демеушілерді жұмылдыра отырып шешуді Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Бегімовке тапсырды.

Жезқазған тұрғыны Ғазиз Ештанаев жергілікті мектептерде кадрлар тапшылығы мәселесін көтерді. Проблеманы шешу үшін Ө.Байқоңыров атындағы университетте оқитын болашақ педагогтерге арнайы грант бөлуді ұсынды.

 Бұған қоса қабылдауға келушілер мүгедектерге арналған емдік оңалту туралы сұрақтар қойды. Осы сұрақтардың барлығына қатысты Гүлшара Әбдіқалықова жергілікті билік өкілдеріне тапсырмалар берді.

Сапар барысында Жезқазған қаласында жақында мецанаттар арқылы баспаналы болған көпбалалы отбасының тұрмыс-тіршілігіне де үңілді. Сегіз баланың анасы Гүлбану Нұрмағамбетова жүрекжарды лебізін білдірді.

– Мен еліміздің Президентіне, облыс басшыларына, өзім конвейер машинисі болып жұмыс істеп жатқан «Қазақмыс» кәсіпорнының басшылығына рахмет айтқым келеді. Аллаға шүкір, жалақым балаларымды асырауға жетеді. Алайда, өзіміздің баспанамызды армандағанымызбен, біз үшін керемет тосын сый болды. Қуанышымызда шек жоқ. Жаңа пәтеріміз кең, мұнда, тіпті, бізге жөндеу жасап, барлық жиһазды жаңадан алып берді, – дейді.

 БАСТЫ МАҚСАТ – ЖАЛАҚЫ ҚАРЫЗЫНА ЖОЛ БЕРМЕУ

Кейін Гүлшара Наушақызы Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалаларының және Жаңаарқа мен Ұлытау ауданы әкімдерінің, Жезқазған өңірінің ірі кәсіпорын, бизнес құрылымдар мен кәсіподақ ұйымдары жетекшілерінің қатысуымен өткен алқалы жиынға қатысты. Онда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі хақында сөз қозғалды. Облыстың ірі кәсіпорындарының әлеуметтік міндеттері туралы баяндалды. 2008 жылы Жезқазғанда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің бірінші Форумы өткен. Ол кезде Нұрсұлтан Назарбаев осы тақырыпты алғаш рет қозғады және еліміздегі кәсіпорындардың әлеуметтік жауапкершілігін құру бойынша тапсырмалар берді.

– Егер 15-20 жыл бұрын мемлекет шағын бизнеске аяғынан тұруға көмектессе, қазір, керісінше, бизнес мемлекет пен қоғамға көмектесуде. Кәсіпкерлердің инвестициялары өңірлердің әлеуметтік дамуына ықпал етуде. Бұған Елбасының сол кездегі шешімі түрткі болды. Дәл осында, Жезқазғанда он жыл бұрын біздің Тұңғыш Президентіміз бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы мәселені көтерді. Ол кезде Бердібек Мәшбекұлы сол форумның бастамашысы болды, міндеттер мен алғашқы меморандумдардың орындалуын қадағалап, бақылады, алғашқы ұжымдық келісімшарттардың жасалуына ықпал етті, – деді облыс әкімі Ерлан Қошанов.

Облыста бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне, демеушілікке және қайырымдылыққа баса назар аударылады. Биыл әлеуметтік жобалар бойынша ірі компаниялармен 48 меморандумға қол қою жоспарланып отыр. Осы мақсаттар үшін 3 миллиардқа жуық теңге қарастырылған.

– Бизнес өкілдері және жұмыс берушілермен бірге біздің басты мақсатымыз – жұмысшылардың жалақысы бойынша қарыздарға жол бермеу. Екінші мәселе – бұл біртіндеп жалақыны арттыру. Тағы бір маңызды жайт – еңбек қауіпсіздігі. Жезқазған өңірінде ірі кәсіпорындар орналасқан. Оларда лайықты еңбек шарттарын құру қажет. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі – Жезқазған үшін аса маңызды. Себебі, қазір мемлекет әлеуметтік мәселелерге, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға ерекше көңіл бөлуде. Алдағы үш жылда әлеуметтік жобалар мен бағдарламаларға 2,3 млрд теңге бөлінеді. Бизнестің бізді қолдайтынына және бірлесе отырып, мұқтаж жандарға бірлесе көмек беретінімізге сенімдеміз, – деді Гүлшара Әбдіқалықова. Бердібек Сапарбаев өңірдің ірі кәсіпорындарын әлеуметтік жауапкершілікке шақырды. Оның құрамында жұмыскердің барлық құқын сақтаумен ұжымдық келісімшарт жасау да бар. Жұмыссыздықты болдырмау үшін өндіріс орындарында жұмыс орнын сақтап қалу қажет. Көпбалалы, аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатындағы қайырымдылық жобалары да қамтылуы керек

– Біз еліміз бойынша 1000-нан астам ірі кәсіпорындарды зерттедік. Оларда қанша көпбалалы қызметкерлер бар және олардың қаншасында баспана жоқтығын анықтадық. Бұл мәселе Үкімет отырысында қаралды. Кәсіпорындардан осы қызметкерлерді бірінші кезекте баспанамен қамтамасыз етуді сұраймыз. Бала күтіміне байланысты үйде отырған көпбалалы қызметкерлерді, мүгедек балаларды күтуші аналарды қолдауды өтінеміз, – деді министр. Өңірдің шағын және орта бизнес өкілдері жыл сайын көпбалалы отбасыларға, мүгедектерге, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 100 млн. теңгеге жуық қаржыға атаулы әлеуметтік көмек көрсетеді.

ҚАРАҒАНДЫ: үшжақты әріптестік – жауапкершілікті күшейтеді

Жұмыс сапарының екінші күні Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Қарағандыда әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік, еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның көшпелі отырысын өткізді. Мұнда Қарағанды аймағындағы еңбек қатынастарының жағдайы, әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік, еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі салалық және өңірлік комиссиялардың жұмысы, еліміздегі Кәсіподақ федерациясының және Қазақстандық еңбек конфедерациясының қызметтері талқыланды. Бұған жұмыс берушілер, қызметкерлердің бірлестік басшылары, мемлекеттік орган басшылары, республикалық, өңірлік комиссия мүшелері тікелей және бейнебайланыста қатысты.

– Үшжақты комиссияның ең негізгі міндетінің бірі – жұмысшылардың құқын қорғау. Еңбек дауларына, жалақының қарызға айналуына, заңсыз қысқартуға жол бермеу. Бүгінде 1 млрд.400 млн.теңгедей ел бойынша кәсіпорындардың қарызы бар. Қазіргі таңда 321 млн.теңге жалақыдан қарыз болса, мерзімі өтіп кеткен қарыз – 392 млн. Ал, біздің есебіміз бойынша болашақта орын алуы мүмкін қарыз – 370 млн.теңге. Сондықтан, бүгінгі басты міндетіміз – жалақы қарыздарын дер кезінде өтеу. Ол үшін жерілікті билік өкілдері, әлеуметтік әріптестіктермен бірге қарызды қысқартуға жұмыс жасаулары керек, – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев.

Кәсіпорындар тарапынан орын алған осындай қарыздарды өтеу үшін еңбек инспекциясының құзыретін кеңейту және күшейту мақсатында министрлік тарапынан еңбек заңнамасына өзгеріс енгізу туралы ұсыныстар берілген. Сонымен қатар, қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау үшін республикалық Жол картасы әзірленіпті. Аймақтарда дәл осындай карталарды дайындап, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша жұмысты жалғастыру керектігін айтады министр.

Өндіріс орындардында негізсіз және жосықсыз жаппай қысқартулардың орын алуына жол бермеу де комиссия назарында болуы тиіс. Бұл орайда Бердібек Мәшбекұлы 2008 жылдан бастап, жұмыс берушілермен меморандумдар жасалғанын айтып өтті. Бұл үрдістер әлі де жалғасын табуы тиіс.

Шетелдік жұмыс күшін тартуда жыл сайын министрлік бекіткен квотадан аспауы қажеттігін де еске салды. Әсіресе, 3 және 4 деңгейлі жұмыс күшінің сырттан әкелінбеуін қадағалау – жергілікті биліктің міндеті. Десек те, кейбір облыстарда бұл квота сақталмаған. Дәлірек айтқанда, квотадан асқан жұмыс күші Атырау, Алматы облыстарында көрініс берген. Ұжымдық еңбек шартында жұмысқа қабылдау кезінде жұмыс берушінің шарт жасауға құлық білдірмеуі де алаңдатады.

Төменгі жалақыны көтеру ел бойынша қолдау тауып отыр. Жалпы алғанда, 10 пайыз көлемінде жұмыс берушілер жалақыны көтерген. Алдағы жылдары да осы шара жалғасты болуы керектігін нақтылады министр.

АЙМАҚТА ЕҢБЕК КИКІЛЖІҢІ АЗАЙДЫ

 Облыс әкімі Ерлан Қошанов еңбек дауларының шығуына түрткі болатын мәселе – еңбекке лайық емес жалақы екенін ерекше атап, Елбасы тапсырмасына байланысты аймақта жалақының көтерілгенін атады. Атап айтқанда, Елбасы бастамасына облыстың 39 мың кәсіпорыны қолдау көрсетті. Сөйтіп, 298 мың тұрғынның жалақысы орта есеппен 14 пайызға артты. Жалақы бойынша берешекті өтеу жұмысы да жүргізілуде. 2018 жылы жұмыскерлердің арыз-шағымы бойынша 242 млн.теңге берешек анықталып, толығымен өтеліпті. Бүгінгі таңда 9 кәсіпорында 140 млн. теңге көлемінде қарыз белгілі болған.

 – Еңбек даулары жөнінде оң динамика байқалуда. Мысалы, соңғы жеті жылда облыста 10 кикілжің орын алса, 2018 жылы ешбір еңбек дауы тіркелген жоқ. Біз тұрақты мониторинг жүргізудеміз, Күн сайын әлеуметтік шиеленіс ошақтарының картасы жаңартылып, қадағаланады. Осы картаға сәйкес, биылғы жылы біздің облыс жоғары тәуекел аймағынан шықты. Бұған дер кезінде проблемаға ден қою және еңбек дауларын шешу бойынша шаралар қабылдау нәтижесінде қол жеткіздік, – деді облыс әкімі.

 Алайда, әзірге еңбек заңнамасындағы құқықбұзушылықтарды анықтаудың жолы және механизмі еңбек инспекциясына азаматтардың, кәсіподақтардың шағымы болып отыр. Ешбір өтінішсіз еңбек инспекциясының инспекторлары әрекет етіп, мәселені дереу шешу жолдарын қарастыра алмайды. Ерлан Жақанұлының айтуынша, бұл арада себеппен емес, салдармен күресу орын алады. Сол себепті, алдын алу шаралары қажет.

– Бұны қалай жасауға болады? Мұнда жүйелі тәсілдер бар. Біріншіден, тәуекелдерді басқару жүйесін енгізу. Біз бұл жобаны енгізуді бастадық. Аталған жоба бірқатар қала, аудандарда екінші тоқсанда іске қосылады. Бұл жобаның жаңалығы неде? Әкімдіктер кәсіпорындардың коммуналдық, жалақы, міндетті әлеуметтік төлемдер жөнінде қарыздарының бар-жоқтығы бойынша жұмыс жүргізеді. Егер қарыздар болса, яғни, кәсіпорында еңбек кикілжіңі орын алатын алғышарттар бар. Бұдан кейін біздің қызметкерлер кәсіпорындарға барып, мәліметтердің растығын анықтаса, онда құжаттар тексеріс жүргізу туралы шешім қабылдау үшін поркуратураға жолданады, – дейді облыс әкімі.

Сонымен бірге, облыс әкімдігі кәсіпорындарда қарыздарды болдырмаудың, нақтыласақ, мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл алгоритмін де жасапты. Әкімнің айтуынша, облыста жұмыс берушілермен еңбек құқықтарын қамтамасыз ету, жұмыс орындарын сақтауда 4000-ға жуық меморандумға қол қойылған. Облыста кәсіподақтардың рөлін күшейтуде Татуласу орталығы құрылды. Бұған қоса, еңбек ұжымдарында тәлімгерлік институты дамуда.

 Ерлан Қошанов заңнамалық шешімді талап ететін проблемаларға да назар аударды. Аймақ басшысы қызметкерлердің құқығын қорғау үшін аутстаффинг институтын реттеу керек деп есептейді.

 – Әлеуметтік әріптестік саласындағы негізгі міндеттердің бірі әлеуметтік еңбек жанжалдарының туындауының алдын алу болуы тиіс. Әлеуметтік әріптестіктің барлық қатысушыларына өңірлердегі әлеуметтік шиеленістерге мониторинг жүргізу, жалақы бойынша берешектерді болдырмау, өндірістік жарақаттануды төмендету мәселелерін ерекше бақылауға алу қажет. Біз республикалық үшжақты комиссияның жұмыс форматын өзгертеміз. Және өңірлерден осындай белсенді жұмыс күтеміз. Осының барлығы жай ғана қағаз жүзінде қалып қоймауы тиіс, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Вице-премьер әлеуметтік әріптестіктің барлық нысандарын дамытуға, салалық келісімдер мен ұжымдық шарттар бойынша міндеттемелерді орындау бойынша жауапкершілікті күшейтуді тапсырды.

«ӘЛЕУМЕТТІК ҚАМҚОРЛЫҚ» ӘЛЕУЕТТІ КӨТЕРЕДІ

Елбасы «Nur Otan» партиясының ХVІІІ съезінде берген тапсырмалардың орындалысы мен Үкімет деңгейінде жүргізілетін шаралар туралы Үкіметтің жұмыс тобы Абай қаласында өткен келелі кеңесте мәлімдеді.

Облыс әкімі Ерлан Қошанов бұл бағыттағы аймақта атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Бүгінде облыста мемлекеттік көмек пен қолдауға зәру 130 мың тұрғын бар.

– Біз өзекті мәселелерді жүйелі түрде шешуге кірістік. Облыстық бюджеттің барлық мүмкіндіктерін қарастырып, аталған санаттағы азаматтарды қолдау қаражатын 1 жарым есеге, яғни, 12 млрд.теңгеге дейін арттырдық. Сондай-ақ, облыста 12 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Олар үшін де мемлекеттік қолдау шараларының ауқымы кеңейді. 1 мамырдан бастап, балабақшаға баратын көпбалалы отбасыдан шыққан балаға 50 пайыздық жеңілдік жасалады. Секцияларға тегін баруды қамтамасыз етіп отырмыз. Көпбалалы аналарға 1 мамырдан облыс орталығында, Жезқазған, Теміртау қалаларындағы қоғамдық көлікте тегін жүру рұқсат етіледі. 1 маусымнан бастап, тегін лагерь ұйымдастырылып, 1 қыркүйектен ыстық тамақпен 1-4 сынып аралығындағы балалар қамтылады, – деді Ерлан Жақанұлы.

 Өз ісін ашуға ынта білдірген көпбалалы аналарға гранттар да беріледі. Тұрғын үйге келсек, биыл 393 көпбалалы отбасы баспаналы болады. Оның ішінде, 159 отбасы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы жылдық пайызы 2 пайыз мөлшерінде үй алады. Бұған облыстық бюджеттен 1 млрд.теңге бөлінді. 234 отбасы республикалық бюджет есебінен пәтермен қамтылады. Оған 2,7 млрд. теңге көлемінде қаржы қарастырылған.

 «Бақытты отбасы» бағдарламасына құжаттар қабылдануда. Осы бағдарлама арқылы жыл басынан бері 17 пәтер берілген. Аталған санаттағы тұлғалар үшін биыл 256 пәтерлі 13 тұрғын үй құрылысы басталады. Үш жыл ішінде жалпы құны 6 млрд.теңгені құрайтын 750 пәтер салу жоспарда.

 Аймақтың меценаттары да мұқтаж жандарға пәтер алып беру игі ісінен қалыс қалмаған. Өткен екі айдың ішінде олар 10 отбасыға баспана сыйлаған. Тағы да 10 отбасына баспана әперуді көздеуде.

Қазіргі таңда атаулы әлеуметтік көмек беру бойынша жұмыстар күшейтілген. Осы орайда халыққа қызмет көрсету орталықтарының базасынан 226 құжат қабылдау орындары ашылған. Адам көп жиналатын жерлерде кеңес беру бекеттері іске қосылды. Бұдан кейін сөз алған Премьер-Министрдің орынбасары сапар мақсатын баяндады.

– Үкіметтік топ еліміздің барлық облыстарын аралап шығады. Біз тұрғындарға «Әлеуметтік қамқорлық» бағдарламасы туралы түсіндіруді мақсат тұттық. Ол, ең алдымен, аз қамтылған отбасыларды қолдауды қамтиды. Сондай-ақ, денсаулық сақтау және білім беру саласындағы қызметтердің сапасына да ерекше назар аударамыз. Өңірлерді дамыту, жолдарды жақсарту және салу, ауыз сумен қамтамасыз ету бар, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Оның айтуынша, бағдарламаға 2,3 трлн.теңге қаражат бөлініп отыр үш жылға. Сәуірден бастап бағдарлама бастау алды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев жалақының өсуі жөнінде ақпар берді. Сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмек төлеудің жаңа тәртібін түсіндіріп, жәрдемақы мөлшері туралы кеңінен түсіндірді.

  • Ең төменгі жалақы алатын білім, мәдениет, денсаулық сақтау, әлеуметтік саладағы еңбеккерлердің жалақысы орташа есеппен 15 пайыздан 30 пайыз аралығында көтеріледі. Бюджет саласындағы қызметшілердің, аудандық, қалалық әкімдіктерде тікелей халықпен қызмет жасайтын мамандардың да айлығы 25 пайызға көбейеді. Бұл 1 млн. 200 мың адамды қамтыса, ол Қарағанды облысында 47 мың тұрғынға қатысты, – деді Бердібек Сапарбаев.

Екінші мәселе – көпбалалы мен аз қамтылған отбасына қатысты. Қазақстанда мұндай 530 мың отбасы бар. Министр атаулы әлеуметтік көмектің жай-жапсары туралы баяндады. Атаулы әлеуметтік көмек берудегі өзгерістерге байланысты 830 мың қазақстандық бұл шарамен қамтылады деп болжанса, оның 16 мыңға жуығы – қарағандылықтар.

ҮШ ТІЛДІ ОҚЫТУ: АСЫҒЫСТЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ

 Білім министрі Күләш Шамшидинова съезде білім беру ісіне де жауапты міндеттер жүктелгенін тілге тиек етті.

 – Білім саласына да бірқатар тапсырмалар берілді. Соның ішінде, төмен жалақы алатын білім саласы қызметкерлерінің айлығын өсіру де бар. Бұл арада мен бір аса маңызды дерекке баса көңіл аударғым келеді. Бюджеттік қызметкерлердің жалақысын көтеруге бөлінетін барлық қаржының 75 пайызы білім саласындағы қызметкерлердің айлығын өсіруге бағытталады. Елбасы айтқан инфрақұрылым мәселесі де назарда. Бірінші кезекте үш ауысымдағы мектептер проблемасын шешуді жүргізудеміз. Апатты жағдайдағы мектептерді ауыстыру да қолға алынған. Үшінші мәселе – оқушы орнының тапшылығын шешу.

 Тәуелсіздік жылдарында 1672 мектеп тұрғызылса, оның 41-і Қарағанды облысына тиесілі, – деді Білім министрі. Ал, алдағы үш жылда 190 мектеп салынса, оның екеуі Қарағандыда. Білім сапасын арттыру да ұдайы бақылауда. Ол үшін мұғалімдердің біліктілігін арттыру жолға қойылған. Тұңғыш рет психологтар мен сынып жетекшілеріне біліктіліктерін арттыруға жолдама беріледі. Сөйтіп, елдегі 82 мың психолог пен сынып жетекшілері біліктіліктерін көтереді.

Елді алаңдатқан мәселе – үш тілде оқыту мәселесі. Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігі асығыстықты тоқтатып, мұғалімдер дайын болғанда, оқушылардың тілдік білімі белгілі бір деңгейге жеткенде, 10-11 сыныпта ұйымдастыру туралы жұмысты қолға алды. Бүгінгі таңда республиканың 153 мектебінде ағылшын тілінде сабақ беру үрдісі эксперименттік негізде жалғасуда. Алдағы уақытта осы мектептердегі жайттар ескеріліп, басқа мектептерге қолданылады. Мен бүгін Нұрмақов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта болдым. Балалармен тілдестім. Онда бір ауыз қазақша білмей келген балалар қазақша жақсы меңгерген. Сонымен қатар, ағылшын, орыс тілдеріне жетік екенін көрдім. Яғни, балаларымыз ағылшынша оқи алады, бірақ біз бұған асықпай белгілі бір дайындықпен, сабырлы, сапалы қадаммен жетуіміз керек. Осы бағытта жұмыстар жүргізілуде, – дейді министр.

Мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында оқу бағдарламасының өзектілігі туралы да ойын ортаға салды.

– Қазір жаңа мамандықтар 2-3 жыл сайын пайда болады. Сондықтан, бізге өзекті және қажетті мамандықтар бойынша мамандар дайындау маңызды. Ол үшін біз «180 озық колледж, 20 озық ЖОО» бағдарламасын әзірледік. Осы оқу орындарының және 100 жетекші мамандықтың тізімдері айқындалатын болады. Республикалық бюджетте осы жобаны қолдауға 8 миллиард теңге қарастырылған, – деп мәлімдеді Күләш Шамшидинова. Қарағанды техникалық-құрылыс колледжін де атап өтті. Білім министрі оқу орнында әзірлейтін және қолданатын құрал-жабдықтар мен әдістемелерге көңілі толғанын жеткізді.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медициналық қызмет сапасына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, мамандардың тапшылығы әлі де өзекті мәселе болып отыр. Бұған себеп – жас дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің еңбекақысының төмендігі. Ең төменгі жалақыны көтеру арқасында жыл басынан бері 225 мың медицина қызметкерлері бұрыңғысынан көбірек айлық алады.

Кездесу соңында қала тұрғындары министрлерге сауалдарын жолдады. Жергілікті халықты тұрғын үй алу мүмкіндіктері, атаулы әлеуметтік көмек, жұмыссыздарға арналған білім беру бағдарламаларына қатысты ақпарат толғандыратыны байқалды.

Қызғалдақ Айтжан

Басқа материалдар

Back to top button