Ресми

Аймақ тынысы – депутаттар назарында

Облыстық мәслихаттың VII сессиясында депутаттар аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың есебін тыңдады. Әкім халық қалаулыларына атқарылып жатқан және аяқталған жұмыстар һақында баяндады. Одан бөлек, әлеуметтің осал тобына кіретін отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі басты назарға алынды. Мектептер құрылысы мен өңір экономикасының ахуалы да маңыз­дылар қатарында.

Инвестиция – ел игілігіне

Облыстық мәслихаттың төр­ағасы Нұркен Кобжанов сессияда тоқсанаралық қорытынды шығатынын атап өтті. Сол арқылы жұмыстарға талдау жасалатынын жеткізді.

– Бүгін біз жергілікті атқарушы органдардың, депутаттық корпустың және өңіріміздің барлық тұрғындарының ортақ жұмысының нәтижесі болып табылатын тоқсанаралық қорытындыларды шығарамыз. Тыңдалатын есеп бізге атқарылған жұмыстарға талдау жүргізуге, динамиканы атап өтуге, шешілмеген мәселелерге объективті қарауға және өңіріміздің одан әрі даму жолдарын анықтауға мүмкіндік береді, – деді төраға.

Облыс әкімі Ермағанбет Бө­лек­­паев облыс аумағында ау­қым­­ды жұмыстар атқарылып жатқанын атады. Мәселен, экономиканы одан әрі дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу үшін жаңа инвесторларды іздеу мақсатты әрі тұрақты түрде қолға алынған. Соның нәтижесінде кейінгі 8 айда аймаққа тартылған инвестиция көлемі 451 млрд. теңге. Экономикаға «KamaTyresKZ» шина зауыты, «Сарыопан» кен орны, «Шұбаркөл Көмір» АҚ-ның арнаулы кокс өндірісі және тағы басқа жобалар серпін беруде. Бұл орайда құйылған инвестиция­лар көлемі 16,9 пайызға өскен. Соның ішінде, құрылыста – 5,1 пайыз, саудада – 11,3 пайыз, көлік саласы қызметтерінде 13,1 пайыз өсім бар. Сонымен қатар, өнім өндіруде де ілгерілеушілік байқалады. Осылайша, жергілікті бюджетке түсетін түсімдер шамамен 162 млрд. теңге, яғни, жоспарлы көрсеткіштің 111 пайызы.

Кәсіпкерлердің де іскерлік белсенділігі артып келеді. Бүгінде облыс тұрғындарының 45 пайызы шағын және орта бизнесте нәпақа тауып отыр. Бұл – 237 мың тұрғын. Жалпы, аймақта кәсіпкерлікті қолдаудан кемдік жоқ. Осы жылдың 8 айында 32,9 млрд. теңге сомасына 4,6 мың жоба қаржылай қолдау алған. Жыл соңына дейін бизнесті қолдау жобаларының портфелін 5,5 мыңға жеткізу міндеті тұр. Осы айда 3 пайыз мөлшерлемемен шағын және орта бизнес­ке жеңілдетілген несие берудің жаңа бағдарламасы басталған. Облыстық мәслихат депутаттарының қолдауымен бизнес­ке салық жүктемесін төмендету мақсатында біздің аймақ елімізде бірінші болып, бөлшек салық мөлшерлемесін екі есеге төмендетті. Осы өзгерістен кейін өңірімізде салық төлеушілердің саны 4 есеге көбейген екен. Экономиканың тағы бір драйвері – ауыл шаруашылығы. Аймақта бұл салада да ілгерілеу бар.

– Экономиканы дамытудың негізгі драйверлерінің бірі – ауыл шаруашылығы саласы. Мал шаруашылығы өнімдерін өндіруді ұлғайтуда оң динамика байқалады. Ауыл шаруашылығы дақылдары себілетін егіс алқаптары ұлғайды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арзандатылған жанармаймен толық қамтамасыз етілді.
Ұзақ уақытқа созылған нөсер жаңбырға байланысты алынған өнімнің өнімділігі мен сапасына қатысты мәселе туындап, ауыл шаруашылығы тауарын өндіру­ші­лердің қаржылық жағдайының нашарлауына әкелуі мүмкін. Оларды қолдау үшін біз «Бәйтерек» холдингінің «Аграрлық несие корпорациясы» және «ҚазАгроҚаржы» сияқты еншілес ұйымдарының ішкі құжаттарын қайта қарау туралы мәселеге бастамашылық жасадық. Осылайша кейінге қалдыруды пайдаланған шаруалар келесі жылы несие алады. Сондай-ақ, қолда бар үнемделген ақшалай қаражатты ауыл шаруа­шылығы тауарын өндірушілер алдындағы борыштарды өтеуге қосымша қайта бөлу қажет, – деді аймақ басшысы.

Тіршілік түйткілдері: үй, жылу, жол, мектеп

Облыс аумағында кейінгі 8 ай­да шамамен 279 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға бері­ліпті.

– 8 айда халықтың әлеу­мет­­тік осал топтары үшін 78 пәтер сатып алынды, оның іш­ін­де 44 пәтер көпбалалы отбасыларға берілді.
Жыл соңына дейін кезекте тұр­­ғандар үшін бюджет есебінен 1000-ға жуық жалға берілетін пәтер салу және сатып алу міндетін қойып отырмыз. Бүгінде жас мамандарға 55 жеңілдетілген ипотекалық қарыз беріліп, 75 өтінім қаралуда, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Баспана көбейген. Қозғалыс бар. Бірақ, көптің көкейінде – көп­қабатты үйлердегі ескірген жедел сатылардың ахуалы. Биыл 40 лифтті ауыстыру жоспарланған екен. Бүгінде Қарағанды, Балқаш қалаларында 27 лифт орнатылыпты.

Жылыту маусымына белсенді дайындық жүріп жатыр. 22 қазандық пен 14 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталып, тапсырылған. 14 қазандық пен 7 турбинаның жөндеуі әлі өз мәресіне жетпеген. Осы жылы 17 инфрақұрылымдық жоба іске асырылуда. Мұнда жылу желілерін салу және реконструкциялау да қамтылған.

Өңірде 1354 шақырым автомобиль жолдары жаңартылған. «Қарағанды-Балқаш» республикалық автожолының 4 жолағы бойынша жол жабынын төсеуді аяқтау жоспарлануда. «Қарағанды-Қарқаралы» автожолының 4 учаскесіне орташа жөндеу жұмыс­тары жүргізіліп жатыр.

Мектеп санын көбейту де назардан тыс қалмады. Облыс басшысы бұл мәселе басты назарда екенін жеткізді.

– 6 мектепке дейінгі ұйым ашу және жұмыс істеп тұрған жекеменшік ұйымдарды 1 350 орынға кеңейту есебінен балаларды қамту ұлғайтылды. Барлық мектептер оқулықтармен және компьютерлік техникамен толық жабдықталған. Биыл 115 нысанға жөндеу жұмыс­тары жүргізілді. 29 ауылдық мектепті жаңғырту аяқталуда. 7 ірі спорт нысандарының құрылысы мен реконструкциясы жүргізілуде. Қарқаралы ауданының Талды ауылында 200 орындық және Бұқар жырау ауданының Новостройка ауылында 150 орындық мектеп құрылысы жалғасуда, – деді облыс әкімі.

Автобус паркі жаңарады

Әкім өңірдегі автобус паркіне тоқталды. Себебі, бұл сала ерекше көңіл бөлуді қажет етіп тұр. Бірер жыл бұрын қоғамдық көліктердің жартысынан көбі ескірген деп шуласқан едік. Әсіресе, қыс кезінде техника бірінен соң бірі сынып, қаладан қалаға, аялдамадан аялдамаға қатынау қиынға соғатын. Биыл оң өзгеріс көп.

– Автобус паркін жаңартуды мықтап қолға алдық. Биыл 195 жаңа автобус сатып аламыз. Оның 44-і серіктес қалаларға қатынайды. 95 автобус жеткізілді. Жыл соңына дейін тағы 100 автобус жеткізіледі деп күтілуде. Автобустар отандық автоөндіруші «QazTehna» Саран зауытынан сатып алынады. Осы шаралардың арқасында автобустар айтарлықтай жаңарды, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Ермағанбет Бөлекпаев қазіргі уақытта облыста стратегиялық және бюджеттік жоспарлау, бюджетті атқару процестерін цифрландыратын «еАкимат365» ақпараттық жүйесін енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Депутаттарға жүйе таныстырылып, оның нақты елді мекен мысалында қалай жұмыс істейтіні көрсетілді. Оны енгізу – бюджеттік процестерді ашық етеді.

Халық қалаулылары неге алаңдаулы?

Облыс әкімінің есебінен кейін халық қалаулылары сөз алды. Облыстық мәслихаттың депутаты Серғазы Әдекенов ғылым мен инновация негізінде экономиканы дамыту қажеттілігіне баса назар аударды. Инновациялық инфрақұрылымды, бизнес-инкубаторларды, коммерцияландыру орталықтарын, технопарктер мен конструкторлық бюролар құру бойынша жеке бастамаларды қолдаудың декларативті емес, пәрменді шаралары қажет екенін айтты.

– Жобаларға отандық және шетелдік инвесторлардың қызығушылығын арттыру үшін барлық құқықтық және қаржылық мәселелерді шешу қажет. Облыс­тың айтарлықтай ғылыми-техникалық әлеуеті зор. Бізде 6 университет, 5 ғылыми-зерттеу орталығы мен институт жұмыс істеп тұр. Аймақтың университеттері мен ғылыми-зерттеу институттары ғылым, білім және өндірісті интеграциялау саласында айтарлықтай тәжірибеге ие, – деді Серғазы Әдекенов.

Депутат Кадиша Оспанова дуальді білім (теорияны өндіріспен ұштастыра оқыту технологиясы) беруді жетілдіру, жастар кәсіпкерлігін, жаңа секторлардың экономикасын, креативті индустрия мен IT-секторды дамыту, медициналық инфрақұрылымды жақсарту, медициналық кадрлардың біліктілігін арттыру мәселесін көтерді.

– Біз денсаулық сақтау мәселелерін үнемі бақылауда ұстаймыз. Халықтың өз денсаулығына, саламатты өмір салтына деген ортақ жауапкершілігін қалыптастыру бағытында көзқарастарды қайта қарау қажет, – деді Қадиша Оспанова.

Депутаттық корпус облыс әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы есебін назарға алды. Өңірді одан әрі дамыту үшін болашаққа арналған жоспарлар мен ортақ міндеттер белгіленді.

Сессияда жоспарлы мәселелердің қатарында халықты, оның ішінде, әлеуметтік осал топтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі істердің жай-күйі туралы мәселе қаралды. Оны зерделеу үшін облыстық мәслихат төрағасының өкімімен уақытша жұмыс комиссиясы мен жұмыс топтары құрылды. Топтардың құрамына облыстық мәслихат депутаттары, уәкілетті органдардың, әкімдіктердің және аудандық мәслихаттардың өкілдері енгізілді.

– Комиссия жұмысы шеңберінде халықты, оның ішінде әлеуметтік осал топтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі істердің жай-күйі туралы мәселе қалалар мен ауылдық өңірлерде, комиссия­ның кеңейтілген жиындарында және облыстық басқармалардың, әкімдік өкілдерінің, қалалық және аудандық төрағалардың қатысуымен өткен жиындарда егжей-тегжейлі талқыланды, – деді облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Кобжанов.

Депутат Бейбіт Досжанов өңір­дегі тұрғын үй қорын жаңарту және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаттарын белсенді енгізу, құрылыс жұмыстарының сапасын, құрылысшылардың жауапкершілігін арттыру қажеттігіне назар аударды.

– Облыста тұрғын үймен қамтамасыз ету тақырыбы бүгінгі күнге дейін өзекті болып тұр. Екі жыл бұрын өткен шақырылымның депутаттары бұл мәселені көтерген. Пысықтау қорытындысы бойынша негізгі тәуекелдер анықталды. Бұл – сатып алу қабілетінің және құрылыс салушылар үшін кредиттік ресурстардың қолжетімділігінің төмендігі, инфрақұрылым объектілерінің құрылысын қаржыландыруға қаражаттың жетіспеушілігі мен тағы да басқалары.
Құрылыс кезінде әлеуметтік стандарттарды іске асыру үшін қандай шешімдер қажет екендігі туралы ойлану өзекті болып отыр. Осыған байланысты, депутаттық корпус аумақты кешенді салу осындай мүмкіндікті көздейтін әлеуметтік объектілерді қатар іске қосқан жағдайда ғана тұрғын үй салуға рұқсат беру мүмкіндігін қарауды ұсынады. Бұдан басқа, жалға берілетін тұрғын үй нарығын және әлеуметтік жалдау бағдарламалары бойынша ұсынылатын тұрғын үйді дамытуды одан әрі ынталандыру қажет, – деді Бейбіт Досжанов.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button