Аймақтық журналистикаға – айрықша назар

    Өткен аптада Астанадағы «Қазмедиа» орталығында аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының форумы өтті. Алқалы жиын барысында, ақпарат саласының болашағы туралы мәселелер талқыланып, журналистердің біліктілігін арттыру бойынша семинарлар ұйымдастырылды.

Ақпарат өкілдерінің басын қосқан шараға қатысқан Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Ақпараттық саланы айрықша назарда ұстау – әр мемлекеттің басты міндеті» – деп ой түйді. Елбасы саясатын насихаттай отырып, бірлік пен тұрақтылықты нығайтуға елеулі үлес қосып келе жатқан журналистика саласындағы жетістіктер қашанда олардың адал еңбегінің арқасы екендігін атап өтті. Аймақ журналистерінің былтырғы ұсыныстары бойынша Ақпарат және коммуникациялар министрлігі атқарған жұмыстарға тоқталды. Оның ішінде, аймақтық БАҚ альянсы құрылғандығын, мемлекеттік тапсырыс аясында дайындалған өнімдерді аймақтық телеарналарға беру мәселесі шешілгендігін, баспасөзді таратудың механизмін жетілдіру қолға алынғандығын, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында газет сататын дүңгіршектер ашылғандығын тілге тиек етті.

Дәурен АБАЕВ, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

– Жалпы, қоғамдағы өзгерістерге сай көзқарас қалыптастыруда аймақтық медианың атқарар ролі маңызды. Осы орайда, қазіргі аймақтық ақпарат құралдарының алдында үлкен мақсат-міндеттер тұр. Ол – Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан саяси-экономикалық және руxани жаңғыру жөніндегі кешенді реформаларға жұртшылықты жұмылдыру.

Өз кезегінде ақпарат тасқыны жүріп жатқан дəуірде интернет-журналистиканы дамыту, өңірлік БАҚ деңгейін жоғарылатуға күш салу қажеттігін журналистиканың аға буын өкілдері тарқата айтты.

Сауытбек АБДЫРАХМАНОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Өңірлік санада қалып қоймай, ұлттық мәселені қозғау – басты парызымыз. Осыдан біраз жыл бұрын Қарағандыдағы облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің 80 жылдығына барған болатынмын. Сонда ардақты азаматымыз, журналистиканың үлкен тұлғасы, Нұрмахан Оразбеков айтқан еді. «Көптеген мамандықтар, көптеген салаларға жауап береді. Ал, солардың ішіндегі қадірлі мамандық журналист. Өйткені, журналист қоғамға жауап береді» деп. Сол ағамыз айтқандай, журналист – қоғамның қозғаушы күші.  Бүкіл дүние тарының қауызына сыйып кеткен заманда, біздің таңдап алған мамандығымызға деген адалдық, тереңділік, жылдамдық, сауаттылық басты қуатымыз болуға тиісті.

Айта кетейік, Ақпарат және коммуникациялар министрі мұрындық болған  «Astana Media Week» шарасының ауқымы зор. «Astana Digital Forum»-да цифрлық маркетинг, коммуникациялар саласындағы тың жобалар таныстырылды. Оның ішінде мессенджерлер мен чат-боттар, «Telegram» арқылы табыс табу көздері, Қазақстандағы криптовалюталар нарығының дамуына қадамдар жасалды. Электронды БАҚ, әлеуметтік желілер мен блогерлер, интернетте бизнес ашу жолдары да қарастырылды.

Нұрдос КӘРІМ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.