Бас тақырып

Аймақтық комиссия: құрбандарды ақтау және деректер

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының қиындықтарына қарамастан, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі 1993 жылғы 14 сәуірде Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңды қабылдады. Кейіннен 1997 жылды «Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» деп жариялады. Соған орай 1997 жылғы 5 сәуірде «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» белгіленіп, ол жыл сайын 31 мамырда атап өтілетін болды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі сонау 90-жылдарда басталған жұмыстың жаңа кезеңі 2020 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен арнайы «саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия» құрылуымен байланысты.

Сол Жарлық негізінде репрессия құрбандары мен тарих қойнауындағы беймәлім құпияларды зерттейтін мемлекеттік комиссияның аймақтық тобы құрылды. Олардың алдына қойған мақсат-міндеттері анықталып, атқаратын қызметтері қоса белгіленді. Соның бірі – қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі Қарағанды облыстық аймақтық комиссиясы.

Комиссия мүшелері ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы мәліметтерді жинақтау және нақтылау үшін Қарағанды облысының мемлекеттік мұрағаты мен облыстың прокуратурасы жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу орталығының (ЦПСиИ) мұрағаттық құжаттары мен материалдарын жинақтады. Сонымен қатар, әлеуметтік сауалнама жүргізді. Жұмыс тобы үш бағытта жұмыс істеді. Бірінші, бұл облыс мұрағатында сақтаулы тұрған құжаттармен, қорлармен жұмыс. Екінші, саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы ақпарат жинау мақсатында әлеуметтік сауалнама жүргізу. Үшінші бағыт – дала жұмыстары, тарихи орындарды, жерлеу орындарын, қоныстану орындарын, яғни, тарихи маңызы бар нысандары, тоталитарлық режимнің сұмдық оқиғалары анықталды. Сол жұмыстың барысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша 60 мыңнан астам қадағалау өндірісі арнайы сақтау орындарында сақталғаны анықталды.

Айта кетейік, Президенттің 2020 жылғы 24 қарашадағы №456 Жарлығына дейін азаматтарды ақтау қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздерінің немесе туыстарының бастамасымен жүзеге асырылды. Тұңғыш рет Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев құрбандардың барлық санатын толық құқықтық және саяси оңалту міндетін қойды.

Қазір саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары жалғасуда, ғалымдардың бұрын жабылған мұрағаттарға қол жеткізуі қамтамасыз етілді, саяси қуғын-сүргін мәселелерін жанжақты және кеңінен зерттеу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Құжаттармен жұмыс істеу барысында Қазақ халқының тарихында талай қиын кезеңдер өткендігі анық көрінді. Сол құжаттар негізінде мынадай қорытынды жасауға болады. ХХ ғасырдың басындағы ең ауыр кезең 1920-1930-шы жылдардағы ашаршылық және 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін болып саналады. Соңғы кездегі тарихшы-әріптестеріміздің зерттеулерінде 3 миллионға жуық қазақ құрбан болып, 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңнан астамы еш жазықсыз атылып кетті деп беріледі. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бойынша тарихтан есімдері жойылып кеткен әрі толық айтылмай келген мәлім және беймәлім тұлғалардың тағдырын анықтау ақтау жұмыстарының екінші кезеңі жүріп жатыр. Осы орайда ХХ ғасырдың 1920-1930 жылдардағы саяси қуғындалған тұлғаларды ақтау жөніндегі жұмысты жүргізуге Қарағанды облысы бойынша 7 жұмыс тобы құрылған. Соның ішінде, екі топ бірлесіп жұмыс істеуде. Бірінші топ – кеңес үкіметінің саясатына қарсы болған Қазақстандағы 372 көтеріліске қатысқандардың наразылығын басу үшін тексерусіз атылып кеткендер мен сотталғандардың аты-жөнін анықтау, оларды ақтауға ұсыныс беру; екіншісі топ – бай-кулактар, жартылай феодалдардың және шаруалардың мал-мүлкін тәркілеуде жазықсыз кеткендер, сонымен бірге, күштеп жер аударылғандар және арнайы қоныс аударылғандардың арасында әлі ақталмағандардың аты-жөнін анықтап, республикалық ақтау комиссиясына ұсыныс беру.

Ұйымдастыру жұмысының нәтижесінде, архив құжаттарын жинақтап алғаннан кейін, оны сараптап, талдауға мүміндік беретін жұмыс орны ретінде толық техникалық жабдықталған Қарағанды қаласының Достық үйінің 202 кабинеті белгіленді. Жедел желі номері іске қосылды.

Комиссия мүшелеріне тапсырылған жұмыстың проблемасын түсініп, нақтылау үшін тақырып бойынша жарық көрген монографиялар мен ғылыми мақалалармен таныстыру мақсатында методологиялық семинар өткізілді. Ондағы мақсат – жалпы осы мәселені зерттеудің теориялық, методологиялық және негізгі бағыттарын айқындау болды. Сол үшін топ жұмысының бағытын анықтауға мүмкіндік беретін ғалым-тарихшы Т.Алланиязов пен А.Таукенов бірлесіп жазған «Шетская трагедия. Из истории антисоветских вооруженных выступлений в Центральном Казахстане в 1930- 1931 гг.» еңбегі талқыланды. Соған сүйене отырып, комиссия мүшелері Жезқазған қаласындағы Ішкі істер басқармасы архивінің 1 қорындағы істерге сұраныс жіберді. Себебі, онда шаруалар күресін ұйымдастырушылары ретінде айыпталған Еркебек Дүйсенов, Дүйсеке Қыздарбеков (№3872 іс) деген кісілердің тағдырларын анықтау жүргізіліп жатыр. Бұл құжаттарда Шет ауданындағы шаруалар көтерілісінде «бандылар шайқасы» деп көрсетілген 19 адам 59-баптың 3-ші тармағымен айыпталған. Соларды нақтылау жұмыстары басталды. Дәл осындай жұмыс Қарсақпай ауданына қарасты 11 және 10-шы ауылдардың 42 адамның тағдырына байланысты жүргізілуде. Олар 58-ші баптың 2-ші тармағымен айыпталғандар екен.

«ХХІV-ХХХ кітап. Кәмпескеленгендер. Алматы. Республика архиві сөйлейді» деген ғылыми зерттеудің ішінде Абралы, Аягөз, Берікқара, Қарқаралы, Қу, Шет, Шұбартау, Шыңғыстау аудандары бойынша кәмпескеленген адамдардың аты-жөні, олардың тағдырлары туралы фото-деректер, архив қорлары, олардың бүгінгі ұрпақтары туралы және тәркілеу кезіндегі мал басы жайлы нақты құжаттар берілген. Сонымен бірге, статистикалық материалдар, өтініштер, арыздар, анықтамалар бар.

ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы Қазақстандағы байларды тәркілеу мен шаруаларды күштеп ұжымдастыру мәселелері белгілі отандық ғалым Талас Омарбековтің ғылыми зерттеулерінің негізгі объектілерінің қатарына жатады. Сол себепті, ғалымның осы мәселелер бойынша әр жылдары жазған оқу құралдары да жан-жақты қарастырылды. Соның нәтижесінде, отандық тарихнамада аталған проблемалардың деректерінің бүгінге дейін толыққанды зерттелмегені және объективтік бағасы алынбағаны айқындалды.

Бұдан басқа комиссия мүшелері тақырыптың мазмұнын терең түсіну үшін жарық көрген архив құжаттарына да талдау жұмыстарын жүргізді. Мысалы, 2012 жылы жарық көрген «Из истории депортаций. Казахстан 1930-1935гг. Сборник документов» деген жинақ. Осы еңбекте көрсетілген Кеңес үкіметінің ауыл шаруашылығын ұжымдастыру және бай-кулактарды тап ретінде жою саясатына қарсы шаруалардың көтерілісі, оны басып-жаншуға жіберген Қызыл Армияның бөлімдері, ОГПУ-дің анықтамалары, жарлықтар, ҚазРайком, Орталық Атқару комитеті және СНК КАССР өкілдерінің тексеру жұмыстары жайлы ақпараттар талданды.

Себебі, осы құжаттардың ішінде шаруалар көтерілісі туралы ақпараттар бар. Комиссия мүшелері сол ақпараттармен жұмыс істеу үстінде. Сонымен қатар, «Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау мұражайындағы» құжаттарда кездесетін, осы тақырып бойынша материалдарды сараптау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мысалы, жинақтың бірінші томындағы материалдарға сараптама жасалды.

Сонымен қатар, комиссия мүшелері жұмыстың мәнін тереңірек түсіну үшін 2021 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалидың басшылығымен жарық көрген «Ашаршылық. Голод. 1928- 1934. Документальная хроника» атты үштомдық еңбек ашаршылыққа қатысты 1928-1934 жылдар аралығындағы тарихи құжаттар мен деректер негізінде жазылған. Бұл еңбектің жұмысымызға қатысты тарауларына талдау жасалды. Үштомдықта алғаш рет ғылыми айналысқа енгізіліп отырған құжаттар бар. Еңбектің бірінші томында 1928-1929 жылдар аралығы қамтылып, Кеңес үкіметі жылдарындағы қазақ елінің ауыл шаруашылығын модернизациялаудың зардаптарын дәлелдейтін құжаттар бар және бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған жаңа құжаттар енген. Қарағанды облысының мемлекеттік архиві – (ҚОМА). Осындағы Ф.205 – Фонд прокуратуры. – Оп. 1, Оп. 4 – надзорные дела и обращение граждан по реабилитации жертв политических репрессий 1920-1930 гг.; 1990-2000 жж. республикалық комиссияның жұмысы барысында қаралған құжаттарға сараптау жүргізілуде.

ҚОМА-да сақтаулы тұрған Қор 1487 – өлкетанушы Ю.Поповтың жеке қоры. Осы қордағы Кеңес үкіметіне қарсы Орталық Қазақстандағы шаруалар көтерілісі туралы материалдар талдануда.

Комиссия мүшелері жұмыстың барысында архив қорларында сақталған тергеу материалдарын және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының (ОГПУ-дың) әртүрлі сипаттағы (бандылар, контрреволюционерлер, совет үкіметіне қарсылар) шаруалар көтерілісін басудағы іс-әрекеті, хаттамалар, тергеу материалдары арыздар, хаттар, рапорттар, ақпараттық жеделхаттар, партия конференциялары туралы ақпараттардың мол екендігін анықтадық.

Комиссия мүшелері Аманжол Нұрбеков пен Мұрат Талюкенов бірлесіп шығарған «Боқты көтерілісі» зерде кітабын талдау барысында тақырып бойынша ұлттық қауіпсіздік комитетінің құжаттарының бар екендігін көріп, сол құжаттарды нақтылау жұмысымен айналысуды бастадық.

Жоғарыда аталғандардан басқа комиссия мүшелері 2021 жылы жарыққа шыққан зерттеулермен танысуда. Атап айтқанда, ресейлік зерттеуші Д.Верхотуровтың «Казахский геноцид», которого не было» және отандық тарихшы, Азиялық зерттеулер институтының директоры С.Акимбековтің «Казахи между революцией и голодом» атты еңбектері. Екі зерттеуді салыстырып, сыни тұрғыдан қарағанда С.Акимбековтің еңбегі бүгінгі гуманитарлық ғылымның дамуына, жас зерттеуші ғалымдардың ғылыми ізденістеріне методологиялық бағыт беретіні даусыз. Бұндай ұтымды ұстанымдар Д.Верхотуровтың еңбегінде жоқ. Себебі, ресейлік автордың аталған проблеманы тарихи деректерді ғылыми тұрғыдан сараптаудың орнына, эмоцияға берілгендігі байқалады. Біздің пікірімізше, мұндай үстіртін пікірлер тарих ғылымының бұрмалануына тағы да жол ашады. Сондықтан, комиссия мүшелері архив құжаттарын іріктеп, сараптап, жүйелеу барысында кездесетін тұлғалар жайлы ақпараттарды объективтік тұрғыдан қарауды басты ұстаным деп санайды. Сол себепті, жұмыс өте баяу жүруде. Осыған байланысты бірлесіп жұмыс істеп жатқан екі топ құрамындағы университетінің профессорлары мен оқытушыларына ғылыми іс-сапарларға шығуға жағдай жасау керек. Өйткені, басқа да қалалардағы архив құжаттарымен және кітапхана қорларындағы жаңа зерттеулермен жұмыс істеуді қажет етеді. Жинақталған материалдарды басып шығару да – кезек күттірмейтін мәселе.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауды жақсарту үшін Орталық Қазақстанның арнайы қоныстанушыларының электрондық мәліметтер базасын құру, арнайы қоныс аударушылардың жеке істерін зерделеу жөніндегі жұмыс жалғастыру, киноқұжаттарды реанимациялау мүмкіндігін тауып, фотоқұжаттар жинағына сипаттама беріп, жүйелеу және осы материалдар негізінде жеке мұрағаттық қор құру ауадай қажет.

Жаппай саяси қуғын-сүргін жылдарындағы этникалық топтарды күштеп депортациялауды «этникалық депортация» түсінігімен анықтауды, саяси қуғын-сүргін тарихы туралы қоғамның хабардарлығын арттыруды, оны бұқаралық ақпарат құралдары, білім беру арқылы жүзеге асыру қажет.

Қоғамдағы мемлекеттік терроризм құбылысына тұлғаға бағытталған көзқарасты қалыптастыру мақсатында көрнекі материалдардың электрондық деректер банкін құру, саяси қуғын-сүргіннің себептері мен салдарын ашатын заманауи деректі және көркем фильмдер жасау, жастардың назарын аудара алатын телешоулар жасау, көше баннерлеріне ақпаратты орналастыру, үздік халықаралық тәжірибені пайдалана отырып, мұражай экспозицияларын жетілдіру, саяси қуғын-сүргін құрбандарына және соған байланысты оқиғаларға арналған ескерткіштер мен ескерткіш белгілерді орнату жұмыстары шешімін тапса, нұр үстіне нұр болар еді.

Жамбыл ЖҰМАБЕКОВ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры,

Нұрсахан БЕЙСЕНБЕКОВА,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button