Аймақта жазғы дөңгелекпен жүрген жүргізушілерге айыппұл салынады
«Қазгидромет» РМК деректеріне сәйкес ағымдағы жылдың 7-8 қараша аралығында Қарағанды облысының аумағында қар түрінде жауын-шашынмен байланысты ауа-райының нашарлауы және желдің 15-30 м/с дейін күшеюі болжанады, бұл көлік жүргізушілеріне жолдың көрінуін және қозғалысын қиындатады. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады.
– Жол қозғалысы қауіпсіздігі және жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында жазғы шиналарды қысқы шиналарға ауыстыруды, қашықтықты сақтауды, жол және метеорологиялық жағдайларды ескеруді ұсынамыз. Жазғы шиналары бар автокөлікті басқарғаны үшін 18460 теңге айыппұл көлемінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, – деп атап өтті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бағдат Кәкімов.
Сондай-ақ, ауа-райының қолайсыздығы кезінде алыс сапарлар мен елді мекендерден тыс жерлерге шықпау, ауа райы жағдайлары мен көлік қозғалысын шектеу туралы хабарламаларға назар аудару қажеттігін де еске саламыз. Жыл басынан бері 818 жол-көлік оқиғасы орын алып, 151 адам қаза тауып, 1025 адам түрлі дене жарақатын алды.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА