Аймақтағы фермерлер үшін қосымша 30 млрд. теңге бөлінді
Қарағанды облысының шаруаларына жылдық 5 % несие қолжетімді. Аграрлық несие корпорациясының өңірлік филиалы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруды жалғастыруда. Осы мақсаттарға қолда бар 5,9 млрд. теңгеге қосымша 30 млрд. теңге бөлінді, деп хабарлайды Ortalyq.kz agrocredit.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл ҚР Президентінің тапсырмасын орындау аясында, Үкіметтің қолдауымен ұйымдастырылуда. Жалпы еліміз бойынша көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру 300 млрд. теңгеге ұлғайтылды.
– Фермерлерді қаржыландырудың жаңа шарттары бұрынғыдан өзгеше, бұл механизм фермерлер үшін бірқатар маңызды мәселелерді шешеді, – деді АНК.
Біріншіден, қарыз алушылар жылдық 5% деңгейінде жеңілдікті сыйақы мөлшерлемесімен қамтамасыз етілді. Мемлекеттік субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілді. Енді фермер қосымша жұмыстарсыз арзандатылған мөлшерлемені алады.
Екіншіден, кепілмен қамтамасыз ету мәселесін шешу қарастырылған. «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша фермерлердің қарыз сомасының 85 % – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры кепілдік береді.
– Егер бұған дейін несиелер қысқа мерзімге берілсе және оларды 1 желтоқсанға дейін өтеу қажет болса, қазір қаржыландыру орта мерзімді болып табылады. Өтеу мерзімі ұлғайтылды (қазіргі уақытта қарыздардың 50 % өтеу 1 желтоқсанға дейін, қалған 50 % – келесі жылдың 1 наурызына дейін жүзеге асырылады). Бұл фермерлерге егінді неғұрлым тиімді бағамен сатуға мүмкіндік береді, – деп түсіндірді АНК.
Кеңес алу және несиеге өтінім беру үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өңірлік филиалына (Бұқар жырау даңғылы, 53/1) жүгіну қажет.
Байланыс телефондары: 8-701-006-12-38, 8-701-006-18-33.
Қосымша ақпарат сайтта қол жетімді https: https://agrocredit.kz/ және Call-орталықтың нөмірлері бойынша: Kcell, Activ, Beeline абоненттері үшін 5353 және Tele 2, Altel үшін 8-701-006-19-91.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.