Аймақта спорттық инфрақұрылым дамып келеді
Қарағандыдағы Көгілдір тоғандарда келешекте ірі спорт кластері ашылады. Яғни, 67 гектар аумаққа 10 мың адамдық стадион мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді бассейні бар әмбебап спорт кешені бой көтермек. Одан бөлек, жасанды жабыны бар 42 спорт алаңы және 8 көпфункционалды хоккей корты да салынады. Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында біршама жұмыстар атқарылуда. Осы және өзге де жаңалықтар жайында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рустам Қожабеков өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеді.
Рустам Қожабеков сөз басында:
– Өңірде сегіз ірі спорт нысаны салынуда. Оның ішінде, Абай ауданының Топар кенті мен Бұқар жырау ауданының Қарақұдық ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Приозерск қаласында, Ақтас, Сарышаған, Ғ.Мұстафин елді мекендері мен Қарқаралы ауданында стадион салынуда. Инфрақұрылымды жақсарту үшін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қарағайлы кентінде 100 орындықты дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Биыл облыста жасанды жабыны бар 42 спорт алаңы және 8 көпфункционалды хоккей корты орнатылды. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Жүзу, жеңіл атлетика, боча, арба теннисі, 5×5 футбол және бадминтон секциялары ашылды, – деді Рустам Қожабеков.
Басқарма басшысының міндетін атқарушы «Арт-спорт» бағдарламасы аясында жасалып жатқан жұмыстардың ретіне тоқталып кетті.
– Биыл ат спортының 23 түріне тоғыз мыңға жуық бала қатысқан. 2025 жылы қаржыландыруды ұлғайту жоспарлануда. Ал, ол дегеніңіз бағдарлама аясын кеңейтіп, қатысушылар санын 10 200-ге дейін жеткізуге мүмкіндік береді, – деді.
Одан бөлек, қарағандылық спортшылардың жетістіктері жайында да айтып берді.
– 1 145 қарағандылық ұлттық құрама сапына кіреді. Ал, олар ұлттық құрама сапында 14 687 медаль жиынтығын жеңіп алған. Оның 4 693-і – алтын. Облыстың жетекші спортшыларын ынталандыру үшін ай сайынғы ақшалай қаражат қарастырылған. Бүгінгі таңда бұл қолдауды спорттың 30 түрінен 178 спортшы алады. Сондай-ақ, спортшыларға жоғары спорттық жетістіктері үшін облыс әкімінің сыйлығы беріледі, – деді Рустам Қожабеков.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz