Аймақта шегірткемен күрес қарқынды жүруде
Қарағанды облысында шегірткемен күресу шаралары жүргізілуде. 20 мамырдан бастап егіс алқаптарына химиялық өңдеу жүргізілеген болатын, ертеңнен бастап шоғырланып жүретін жәндіктерді жою жұмыстары басталады. Жағдайды бақылау және мониторингілеу үшін жедел штаб жұмыс істейді.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әнуар Төлебековтың айтуынша, облыста 5,4 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлерін зерттеу көзделген.
Ақтоғай ауданының тұрғындары әлеуметтік желілерде зиянкестер қаптап кеткеніне шағымданды. Бұл облыстық штабтың оқиға орнына барып, шегірткемен күрес жұмыстарын бақылауды күшейтуге себеп болды. 21 мамырда ауданда фитосанитариялық диагностика және аумақтық инспекция мамандарының қатысуымен көшпелі кеңес өтті.
– Шаралар қабылданды. Техника дайын, қажетті дәрі-дәрмек қоры бар. Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының облыстық филиалының мамандары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді көктемгі зерттеу жұмыстарын жүргізуде, – деп хабарлады Әнуар Төлебеков.
20 мамырдан бастап итальяндық прус түрлерін қоса алғанда үймелеп жүретін шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілуде.
Жұмыстар тоғыз жер үсті бүріккіш, екі аса жеңіл ұшақ, дельтаплан және төрт агродронның көмегімен жүргізілуде.
Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев барлық жұмыстар облыстық штабтың бақылауында болуы керектігін, сондай-ақ ақпараттық вакуум болмауы үшін тұрғындарды жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар ету қажеттігін атап өтті.
– Біз жедел әрекет еттік. Барлық іс-шаралар кесте бойынша орындалады, жағдай тұрақты режимде бақыланады. Басты міндет – ауыл шаруашылығы өндірушілерінің шаруашылықтарында болуы мүмкін зиянның алдын алу, – деді өңір басшысы.
Материалды әзірлеген: Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.