Аймақта Республика күні қарсаңында кезекте тұрғандар жаңа пәтер кілттерін алды
Қарағанды облысында Республика күні қарсаңында Бұқар жырау және Нұра аудандары мен Приозерск қалаларында үй кезегінде тұрғандарға пәтер кілттері табысталды. Олардың қатарында көп балалы және толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі адамдар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар.
Нұрада әлеуметтік осал санаттағы 15 отбасы жаңа пәтер кілтін алды.
– Республика күні – еліміздің әрбір азаматы үшін маңызды мереке. Мен сіздермен қуанышты оқиғаны бөлісіп, көптен күткен пәтер кілтін тапсырғаныма қуаныштымын. Сіздердің үйлеріңізде әрқашан жылулық, жайлылық, қуаныш пен бақыт болсын, – деп құттықтады Нұра ауданының әкімі Бақытжан Мұқанов.
Ол жыл соңына дейін кезекте тұрғандар үшін тағы да бірнеше үйді тапсыру жоспарланып отырғанын атап өтті.
Бұқар жырау ауданында Жаңақала және Үміткер ауылдарында жаңа үйлер салынды. Сегіз отбасы жаңа қоныстанушылар атанды.
Әлеуметтік педагог, бес баланың анасы Айнұр Әбілғазинова үшін бірнеше жыл жалдамалы пәтерде тұрып келген. Ол 2019 жылдан бері кезекте тұрған.
– Өте ризамыз, балаларым қуанып жүр. Үй жылы, барлық жағдайлар бар. Шаңырағымызды жайлы етіп, жиһазбен жабдықтаймыз. Осындай сыйлық үшін көп рахмет, – дейді көп балалы ана.
3 топтағы мүмкіндігі шектеулі Владимир Путятин апаттық тұрғын үйдің орнына жаңа үй алды. Жұбайы Бағдат Ахметовамен бірге ол 10 бала тәрбиелеп отыр. Ескі үйде отбасы шамамен 40 жыл өмір сүрген.
– Үй апаттық деп танылды. Сыласақ та, жөндесек те, ешнәрсе көмектеспеді. Мүмкіндігімізше үйімізді жақсы жағдайда сақтауға тырыстық. Тұрғын үйге кезекте тұрдық. Бүгін бізге жаңа үйдің кілттері табысталды. Күні бойы қонақтарды қарсы алып жатырмыз. Ауыл тұрғындары біздің қуанышымызды бөлісуге келіп, құттықтап жатыр. Осындай қолдау үшін баршаңызға көп рахмет, – деп бөлісті Владимир Путятин.
Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын тұрғындарды келе жатқан Республика күнімен құттықтай отырып, биыл 24 отбасы жаңа тұрғын үй алғанын, жыл соңына дейін Ботақара кентінде, Доскей және Көкпекті ауылдарында кезекте тұрған тағы 133 адамға пәтер беру жоспарланғанын хабарлады.
Приозерск қаласында мереке қарсаңында төрт отбасы жаңа баспанаға қоныстанды. Олар жаңа көпқабатты үйде пәтер алды.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА