Аймақта 640 педагогке тапшылық бар
Аймақта 2025 жылға дейін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 18 мектеп салынуы қажет.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, өңірдегі оқушы орынының тапшылығы жалпы көлемнің 3,4 пайызын құрайды. Бұл тапшылықты жою мақсатында Қарағанды қаласының Күнгей шағын ауданында 600 орындық мектептің құрылысы басталды, ол пайдалануға келесі жылы беріледі деп жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда Қарағанды қаласының №101 мектеп-лицейі үш ауысымда оқуда. Үш ауысымдылықты жою мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2023 жылға Қарағанды қаласының Гүлдер шағын ауданында 300 оқушыға арналған мектеп құрылысын салу жоспарланған.
Сондай-ақ өңірде апатты жағдайда үш мектеп жұмыс істеп тұр. Олардың орнына Қарқаралы ауданының Талды ауылында 200 орындық және Бұқар жырау ауданының Новостройка ауылында 150 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр. Және тағы біреуі – Қарағанды қаласындағы №44 мектептің ғимаратына бөлшектеу жұмыстары жүргізілуде.
Жаңа оқу жылына 640 педагог тапшылығы бар. Қазіргі уақытта 300-ден аса педагог жұмысқа тұруға тест тапсырып, конкурсқа қатысуға дайын. Бос орындарға конкурстар жүріп жатыр. Сондай-ақ биыл жергілікті бюджет есебінен оқыған студенттер «TeachforQazaqstan» жобасы бойынша жұмысқа қабылданады деп күтіліп отыр. Жыл сайын педагогтерге қажеттілік шамамен 500-600 бірлікті құрайды. Мамандармен қамтамасыз ету көрсеткіші 80-85 пайыз. Сонымен қатар, қалған сағаттар педагогтерге бөлінеді және аз сағаттармен зейнеткерлер тартылмақ.
Айта кетейік, былтыр облыста 728 педагог тапшы болған, 505 маман жұмысқа қабылданды. Барлығы облыс мектептерінде 15 708 мүғалім жұмыс істейді, оның 13 262-сі әйел, 2 446-сы ер адамдар. Ер мұғалімдердің 12-і бастауыш сыныптың мұғалімі.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
ortalyq.kz