Аймақта ірі сүт-тауар фермасы салынады
Осакаров ауданының Родников ауылдық округінде 6 000 басқа арналған заманауи сүт-тауар фермасы салынады. “Eurasia Invest” компаниясы салып жатқан СТФ-ның қуаты – жылына 70 мың тоннаны құрамақ.
Жобаның жүзеге асырылу барысымен аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев Осакаров ауданына барған жұмыс сапарында танысып қайтты.

«Евразия Инвест» ЖШС құрылтайшысы Иван Георгиади жобаның кезең-кезеңімен іске асырылатынын, бірінші кезек биыл іске қосылатынын атап өтті. Оның айтуынша “Голштин-фриз” тұқымды сиырлардың бірінші партиясы сатып алынған.
– Жем-шөп базасы болады. Биылғы маусымда мың гектарға жуық жүгері мен жоңышқа егілді. Ауыл шаруашылығында біз үшінші жыл жұмыс істеп келеміз. Техника сатып алдық, жабдықтарымыз ең заманауи. Суарумен де айналыса бастадық. Мемлекет басшысы мен жергілікті биліктің қолдауының арқасында көптеген нәтижеге қол жеткізіп жатырмыз, – дейді Иван Георгиади.
Кәсіпорын суармалы жерлерінің аумағын 10 мың гектарға дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Жоба бойынша 120 жаңбырлатып суаратын машина орнатылмақ. Бұл өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, 12 мың тоннаға арналған көкөніс қоймасын салу жоспарлануда.
– Бұл өте қажетті және маңызды жоба. Жақында Нұра ауданында 1200 басқа арналған сүт-тауар фермасын аштық. Жаңа бастамаларды ескере отырып, біз сүт зауыттарының отандық шикізатқа деген қажеттілігін толығымен жабамыз. Импорттық тәуелділікті төмендетеміз. Импорттан бас тартып, өз өндірісімізді дамыту Президенттің бізге қойған басты тапсырмасы, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.