Жаңалықтар

Аймақ дамуы –жіті назарда

      Кеше облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтіп, күн тәртібінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге дайындық барысы сөз болды. Сондай-ақ, аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму мәселесі де тілге тиек етілді.

Естеріңізге сала кетсек, биылғы 1 шілдеден бастап елімізде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі» енгізіледі. Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Асылбек Дүйсебаев мәлімет берді. Оның айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізудің барлық жұмыстары ойдағыдай жүргізілуде. Қаражатты игеру бойынша да облысымыз республиканың алдыңғы үштігіне енді. Барлық көрсеткіштерге сәйкес, әлеуметтің де белсенділігі байқалады. Алайда, облыс әкімінің бірінші орынбасары толық мәліметті 15 маусымнан кейін ұсынатынын жеткізді.

Облыс әкімі Жезқазған қаласындағы жол құрылысы мәселесін де айналып өтпеді. Жуырда аталған қалаға іссапармен барған Асылбек Дүйсебаев жол құрылысы жүйелі жүргізіліп жатқандығын алға тартты. Тіпті, жолдардың бірі тәмамдалып қалғанын да айтты. Дегенмен, бақылауды күшейту қажеттігі тағы бар. Бұл туралы аталған қаланың әкімі Батырлан Ахметовке тиісті тапсырмалар берілген. Осы ретте, Ерлан Қошанов Жезқазған қаласының қоқыстан көз ашпай келе жатқандығын да ерекше атап өтті. Тіпті, аталған қаланың әкімімен тікелей байланысқа шығып, қала тазалығы мәселесіне жіті бақылау жасау қажеттігін ескерткенін де жеткізді. Бұған қатысты Асылбек Дүйсебаев аталған кемшіліктердің жойылғанын мәлімдеді. Ал, қаладағы қоқыстан түбегейлі арылудың бір жолы ретінде барлық қоқыс жәшіктерін кейінгі 3 жыл көлемінде кешенді ауыстыру мәселесі қозғалғанын айтты. Сонымен қатар, Асылбек Дүйсебаев мысты өңірдегі көше тазалығын қамтамасыз ету мақсатында жол жиегіне жаяу жүргінші тротуарын салуды ұсынды.

Бұдан бөлек, жарты жылдың қорытындысы бойынша, бюджет қаражатын игеру мәселесіне қатысты облыстың экономика және қаржы басқармасының басшысы Ольга Чернявская баяндама жасады. Басқарма басшысының айтуынша, биыл облыстағы кіріс жоспарының орындалуы 59,1 млрд. теңгені (104,3%) құрады. Ал, бюджеттің шығын көрсеткіші 99,4%-ға жетті. Бюджет қаражатын игерудің ең төменгі көрсеткіші облыстың 3 әкімшілігі мен 5 аймаққа тиесілі. Аталған 3 әкімшіліктің қатарында төтенше жағдайлар жөніндегі аумақтық орган (14%), облыстың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы (76,3%) және облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы (97,2%) бар. Аймақтар бойынша, Приозерск қаласы (96%), Қаражал қаласы (97,6%), Балқаш қаласы (97,7%), Осакаров ауданы (98,4%) және Ұлытау ауданы (98,8%) бюджет қаражатын игеруде белсенділік танытпауда. Өз сөзінде Ольга Чернявская бұл мәселеге қатысты аталған басқарма басшыларымен, қала және аудан әкімдерімен тығыз жұмыс жасап жатқандығын, қаржының игерілмеуіне нақты себептер бар екенін жеткізді. Алайда, бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша барлық мәселелер шешімін табатындығына сендірді. Дегенмен, бұл жауапқа көңілі толмаған аймақ басшысы бірінші жартыжылдыққа дейін бұл мәселелер толықтай шешімін табуы қажеттігін ескертті. Олай болмаған жағдайда, қаржы мәселесіне жетекшілік ететін орынбасарларға қатаң сөгіс жарияланатынын да жасырмады.

Облыс әкімі ерекше тоқталған ендігі мәселе – облыс орталығындағы жолаушылар тасымалы. Аймақ басшысының айтуынша, кейінгі екі апта көлемінде Қарағандыда арнайы топ жұмыс жасады. Мұндағы мақсат – жолаушылар тасымалының жұмысына мониторинг және хронометраж жүргізу еді. Топ жұмысының қорытындысымен танысқан облыс әкімі көптеген келеңсіздікке көз жеткізіпті. Біріншіден, автобустардың бағыттар бойынша қозғалу кестесі жасалмаған. Сондай-ақ, автобустардың бағыттар бойынша жүру уақыты көрсетілмеген. Сонымен бірге, мұндай ақпарат аялдамаларда да орнатылмаған. Екіншіден, қала ішіндегі автобустар саны мәлімделген автобустар санына сәйкес келмейді. Яғни, тендерлік құжатта 17 автобус жолаушылар тасымалдайды деп көрсетілгенімен, шындығында 9-10 автобус қана тұрғындарға қызмет көрсетеді. Соның салдарынан, тұрғындар көптеп мінетін таңғы мерзімде автобустардың көбісі аялдамаға тоқтамай өте шығады. Бұл әсіресе, Майқұдық тұрғындарының басына орнаған жағдай. Төртіншіден, автобус жүргізушілері жол жүру ережелерін сақтамайды. Соның салдарынан, қайғылы оқиғалар да орын алып жатқан кездер аз емес. Бұған қатысты облыс басшысы Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіровке қатаң ескерту жасап, осы мәселеге жауапты орынбасарына әкімшілік жаза қолдануды жүктеді. Ал, облыс орталығындағы жолаушылар тасымалын ретке келтіруге 1 ай көлемінде мерзім берді. Мұндай ескерту облыстың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Абайділдә Санаубаровқа да айтылды.

Облыс көлемінде автомобиль жолдарын салу мен жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Соған байланысты, тас, құм, қиыршық тас сұранысы артуда. Бұл мәселеге қатысты аймақ басшысы пайдалы қазбаларды қазамыз деп, өзен арнасының тарылуына, көктемгі су тасқыны кезінде автомобиль жолдарының шайылуына жол бермеу қажеттігін қатаң ескертті.

Ерлан Қошанов облыстың кәсіпкерлік мәселесін де жіті бақылауда ұстауда. Аймақ басшысының тапсырмасы бойынша, облыстың кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева апта сайын облыс әкімінің алдында есеп беруде. Оның айтуынша, 1 мамырдағы жағдайға сәйкес, облыста жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлер көрсеткішінің өсімі 2%-ды құраса, 100%-дан төмен көрсеткіші бар аймақтар да бар екен. Бұл ретте Нұра, Осакаров және Ұлытау аудандарын айтуға болады.

Жиын соңында облыс әкімі басқарма басшылары мен қала және аудан әкімдеріне тиісті тапсырмалар беріп, жұмысты күшейтуді тапсырды.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Басқа материалдар

Back to top button