Аймақ басшысы саяжай аумақтарын тексеруді тапсырды

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның отырысында саяжай учаскелері бойынша өртке қарсы профилактикалық рейдтер өткізуді тапсырды. Кездесу барысында өрт қауіпті кезеңге және шомылу маусымын қауіпсіз өткізуге дайындық талқыланды.

 

– Саяжай маусымы ашылды. Тұрғындар өз учаскелерін тазалап, егіс жұмыстарын бастады. Көктем-жаз кезеңінде өрттің туындау қаупі едәуір артады, – деп атап өтті отырыс барысында Ермағанбет Бөлекпаев. 

Табиғи өрттерге тосқауыл қою үшін төтенше жағдайлар департаментінде облыстық штаб құрылды. Рейдтік іс-шараларға 58 мобильді топ қатысады.

– Өрт қауіпті кезеңнің тұрақты өтуі ерекше бақылауда. Маусым басталғаннан бері Қарағанды мен Теміртау қалаларындағы саяжай учаскелерінің аумағында құрғақ шөптер мен қоқыстарды жағу кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудың төрт фактісін анықтадық. Кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өрт сөндіру бекеттерін дамыту алдағы уақытта да жалғасатын болады. Ағымдағы жылға арналған жоспарда Ақтоғай, Қарқаралы, Шет аудандарының аумағында тағы үш бекет құру көзделген. Бұдан басқа, Ақтоғай ауданы Сарышаған кентінде өрт сөндіру бекетін қосымша құру жоспарлануда, – деді облыстық ТЖД бастығының м.а. Нұрлан Бекбосынов.

Облыс аумағында табиғи өрттерді жою үшін 45 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді.

Сондай-ақ, отырыс барысында Ермағанбет Бөлекпаев өңірдегі жазғы демалыс маусымы үшін қауіпсіз және тегін жағажайларды жабдықтауды тапсырды. Мұндай орындардың жетіспеушілігі тұрғындарды жабдықталмаған жерлерде шомылуға және өз өмірлеріне қауіп төндіруге итермелейді, деп атап өтті өңір басшысы.

Бүгінгі таңда облыста жаппай демалуға арналған 76 жағалау аймағы бар. Тағы 240 орын қауіпті деп танылды. Шомылу маусымы басталғанға дейін бұл жағажайларда тыйым салу және ескерту белгілері орнатылады.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

ortalyq.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.