Бас тақырып

Аймақ басшысы «Сарыарқа» хоккейшілерін қабылдады

Қарағандылық «Сарыарқа» хоккей клубы осы маусымда ел чемпионатының қола жүлдесін жеңіп, жанкүйерлерге тамаша көңіл күй сыйлады. Қола жүлде үшін «Ақтөбе» клубымен бес мәрте кездесті. Ұмытылмас – эмоция. Қайталанбас сәттер. Жанкүйерлер бұл жүлденің қандай күшпен, еңбекпен келгенін жақсы біледі. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев клуб басшылығы мен ойыншыларын жеке қабылдап, құрмет көрсетті. Шара барысында аймақ басшысы «Қарағанды Арена» және Теміртау «Мұз сарайы» аренасының жөндеу және қалыпқа келтіру жұмыстары үшін 100 млн. теңгеден бөлінетінін атап өтті.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев қатысты. Сонымен қатар, клуб директоры Ержан Садуақасов, клубтың бас жаттықтырушысы  Владимир Князевке және команда ойыншыларына облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.

 – Осы маусымда «Сарыарқа» хоккей клубы керемет ойын көрсетті. Жарқын естеліктерімен жанкүйерлердің есінде қалды. Осы нәтижелеріңіз арқылы елдегі ең мықты клубтың бірі екенін дәлелдей түстіңіздер. Сіздерге қарап, өскелең ұрпақ спорттың осы түріне әуестеніп келеді. Осыдан-ақ Қарағанды хоккей мектебі түлектерінің деңгейінің жоғары екенін білуге болады. Тіпті, әр қалада хоккеймен шұғылданатын жастардың қатары артып келеді. Бұның бәрі сіздердің еңбектеріңіз деп білемін, – деді Ермағанбет Қабдуллаұлы.

Биыл Қарағанды және Теміртаудағы мұз сарайының аренасын жөндеу жұмыстарына және қажетті жабдықтары сатып алуға 100 млн. теңгеден бөлінбек. Алдағы уақытта атқарылатын жөндеу жұмыстарының жобасы әзірленуде. Клуб директоры Ержан Садуақасов жаңа маусымда да клубтың жеңіс тұғырынан түспейтіндігіне сендірді.

– Бұл маусым біз үшін оңайға соқпады. Дегенмен, жанкүйерлердің сенімі әрі облыс басшылығы қолдауының арқасында қола жүлдеге қол жеткіздік. Осы тұста қолдау білдірген баршаңызға алғысымды айтамын. Алдағы маусымда жеңіс тұғырынан көріну үшін бар күш-жігерімізді саламыз, – деді ол.   

Былтыр ғана команда сапына жаңадан қосылған 28 жастағы ресейлік Владимир Никита биылғы маусымда жаман өнер көрсеткен жоқ. «Сарыарқа» жейдесін киіп, алаңда 58 ойын өткізсе, 18 шайба салып, 26 нәтижелі пасс берген. Шабуылшы ел чемпионатының плей-офф кезеңіндегі «Ақтөбе» клубымен өткен соңғы ойында екі шайба салып, командасын жеңіске бастады. Команда басшылығы бұл ойыншыға жаңа келісім шарт ұсынып, команда сапында қалуға ұсыныс жасаған.

– «Алматы» клубы сапында ойнап жүргенімде «Сарыарқадан» ұсыныс түсті. Ұсынысты қабылдамас бұрын бас жаттықтырушымен кездестім. Мәселелерді бірге талқылап, келісімге келдік. Содан кейін ұсынысты қабылдадым. Біз үшін маусым қиынға түсті. Ұпай керек ойында жеңіліп те қалып жаттық. Нәтижесінде, қола жүлдегер атандық. «Ақтөбемен» өткен бірінші ойында жеңіске жеттік. Соңында жеңіспен тәмамдадық. Соңғы ойында қос голдың авторы атандым. Әрине, әріптестерім болмаса, қос голды салмас па едім?! Жаңа жыл қарсаңында командада ауыс-түйіс болды. Біраз уақыт тіл табыса алмадық. Дегенмен, маусым ойдағыдай аяқталды. Енді жаңа келісімшартпен танысу қажет, – деді шабуылшы Никита Баженов.

Ал, бас жаттықтырушысы  Владимир Князев ойыншыларды командада сақтап қалу үшін қаражаттан тапшылық болмау қажеттігін айтады.

– Клубтағы бірнеше ойыншының келісімшарты аяқталады. Олармен келісімшартты созу, созбау – қаржыға келіп тіреледі. Биыл біз жүлделі орынға іліктік. Осы тұста кейбір ойыншының жалақысы артады. Соған сәйкес клубқа бөлінетін қаржы көлемі де ұлайтылуы керек. Әр ойыншымен жеке сөйлесіп, келесі маусымға құрамды бекітеміз, – деді ол.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button