Аймақ басшысы қала көшелерін аралады
Қарағанды қаласының Бұқар жырау даңғылы абаттандырылуда. Қоғамдық орындар ретке келтіріліп жатыр. Яғни, өзгеріс енгізілгенімен, келбеті, стилі, тарихи бейнесі сақталмақ. Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жерлерге барып, бақылап қайтты.
Сонымен қатар, дәл осындай жұмыстар 45-ші орамда да жүргізіледі деп жоспарлануда. Қазіргі уақытта қырлы тас төселуде. Одан бөлек, заманауи орындықтар қойылмақ.
Пичугин көшесіндегі автожолдың жөндеу жұмыстарына жабылғанына да біршама уақыт болды. Ермағанбет Қабдуллаұлы осы жерге арнайы барып, жұмыс барысын бақылап қайтты. Қазіргі уақытта вокзал маңындағы алаңнан Ерубаев көшесіне дейінгі учаскеге қырлы тас төсеу жұмыстары аяқталған. Енді гранитті жиектер, нөсер жүйесі және жарықтандыру тіректері орнатылады.
Одан бөлек, Ерубаев көшесінен Гоголь көпіріне дейінгі аралықтағы жол учаскесін жөндеу жұмыстары басталды. Жол учаскелері кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Аймақ басшысы қаланы аралау барысында Пришахтинсктегі «Шабыт» оқушылар сарайының құрылыс алаңына да барып қайтты. Бүгінде 600 орындықты оқушылар сарайының абаттандыру жұмыстары аяқталып қалған. Енді «1 масым – балаларды қорғау күні» қарсаңында салтанатты түрде ашылып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапасын қатаң қадағалап, нысанды мерзімінде іске қосуды тапсырды.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz