Рухани жаңғыру

Аймақ ажары – айшықты туындыда

    Бейсенбі күні «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалында «Қазақстан Киелі мекен Сарыарқа» атты толықметражды деректі фильмнің тұсауы кесілді. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында қолға алынған игі бастама өңіріміздің Ақтоғай, Қарқаралы, Шет және Ұлытау аудандарының киелі орындарын қамтыпты.

Бес ай көлемінде түсірілген фильм көрермен назарына ұсынылмас бұрын, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәслихаты өтті.

Туынды 5 бөлімнен тұрады. Айшықты туындыда аймағымыздың мәдени ескерткіштері, мұражайлар мен археологиялық қазбалары қамтылып, тартымды табиғатымызға қатысты аңыздар, ел аузында жүрген тың мәліметтер баяндалған.

Баспасөз мәслихатына қатысушылар қатарында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлері қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл, «Нұр Отан» партиясы ҚОФ төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова, «Алтын орда» сән үйінің негізін қалаушы, этнодизайнер Ырза Тұрсынзада, «Адамдардың елеулі жетістіктері» қоғамдық қорының президенті, «Аманат» сыйлығын ұйымдастырушы Зәуре Беисова, С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының артисі Қайрат Кемалов, «Корпоративті әлеуметтік жауапкершілік» агенттігінің директоры Әлия Қадірәлиева болды.

– Азат елдің құт мекеніне айналған Сарыарқа жері деректі туындыға арқау болуы бекер емес. Өйткені, бұл топырақта Алаштың небір айтулы тұлғалары ғұмыр кешті. Бабаларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен аман алып қалған мекенді келешек ұрпаққа таныту, түсіндіру, жеткізу – біздің парызымыз. Осы бағытта әлі де талай істер атқарылуы тиіс. Бұл – тек, бастамасы ғана. Болашақта мұндай жобалар Қазақстанның барлық өңірінде қолға алынады деп сенеміз. Себебі, ата-бабаларымыздың аманатын ұрпаққа жеткізу, насихаттау – біздің парызымыз, – деді Бақытбек Смағұл.

Туынды «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы мен «Адамдардың елеулі жетістіктері» қоғамдық қорының қолдауымен жарық көрді. Ал, фильмді түсіру жұмыстары «Vega Invest Films» продюсерлік орталығына сеніп тапсырылса, оны дыбыстау «Аманат» сыйлығының иегері, актер Қайрат Кемаловқа жүктеліпті.

Әрине, өскелең ұрпағымыз өзі тұрып жатқан өлке һақында білуі тиіс. Себебі, болашақ патриоттарымыз – осы бүгінгі ұрпақ екенін әсте естен шығармауымыз керек. Бұл ретте, көрерменге тартымды, әсерлі етіп түсірілген туындыларды көптеп ұсыну қажет-ақ. Бұл жобаның да басты мақсаты сол. Ел ертеңін ойлайтын азаматтарды ұлттық мұрамызбен, рухани құндылықтарымызбен жақындастыру.

Ал, фильмнің көрсетілімінен түскен қаражат сырқаты ауыр балаларды қолдау орталығына жолданатын болады. Бүгінгі таңда туындының өзге 4 сериясы монтаждалуда. Бұл жұмыстар аяқталған соң, отандастарымыз фильмді қазақстандық арналардан тамашалау мүмкіндігіне ие болады.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button