Жаңалықтар

Айдын ЕСЕНГЕЛДІ, АҚШ-тағы қарағандылық кәсіпкер: «Сауда әлемінде Қазақстанның мүмкіндігі зор»

Қарағандыда туып-өскен Айдын Есенгелді жігіттік жасқа дейін дүниенің төрт бұрышын аралап, бағындырып үлгеріпті. Әлі де болса алға қойғаны – анық, мақсаты – мығым. Қазір Қарағандының қазағы АҚШ-та кәсібін дөңгелетіп жүр. Жігерлі жасты әлеужеліден көріп қалып, газет оқырманына таныстырмақ ниетпен сұхбаттасуға шақырдық. Ол келісе кетті.

– Алты қырдан әрі асып, Америкада кәсібін дөңгелетіп жүрген Айдын қарағандылық екен…

– Иә, мен Қарағанды қаласының тумасымын. Қарапайым отбасында дүниеге келдім.  Қаладағы №66 ЖББ мектепте білім алдым.

Бала кезімде әжем спорт кешеніне жетектеп апарып, дзюдомен айналысуыма ықпал етті. 8-сыныпта ҚР спорт шеберлігіне кандидат болдым. Бірақ, денсаулығыма байланысты Қазақстан құрамасынан шығып қалдым. Мен үшін спорттың бергені де, үйреткені де көп. Әрбір күреске шыққан сайын шынығасың, шыққан сайын батыл болуға тырысасың, ол сені жігерлендіре түседі. Спорт өмір сүруге қажет осы қасиеттерді үйретті. Мектепті бітірген соң, Қарағанды техникалық университетіне «Металлургия» мамандығына грантпен оқуға түстім. Осы кезде өмірімде өзгерістер орын ала бастады.

– Ең алғашқы кәсібіңіз қандай? Қытаймен сауда жасау өміріңізді қаншалықты өзгертті?

Кәсіппен айналысуды 16 жасымда бастадым десе де болады. Өз ақшама балмұздақ, тәтті мақта дайындайтын аппарат сатып алып, саябақтарда маусымдық жұмыс істедім. 10-11 сыныптарда айфон, чехол, гүл, салют, Түркияға саяхат-тур және т.б. заттар сата бастадым. Сол кездерде алғаш рет Қытай саудасы туралы ой келді. ҚарТУ-да оқып жүргенімде студент қатарластарымның машина мініп жүргенін байқайтынмын. Сөйтсем, олар Work and Travel бағдарламасының қатысушылары екен. Мен де солар секілді көп ақша таба алатыныма сенімді болдым. 2017 жылы анама 1 млн теңге несие алғызып, Work and Travel бағдарламасымен АҚШ-қа сапар шегіп, үш айда 15 мың доллар табыс таптым. Елге келген соң, анамның несиесін жаптым. Алдыма үлкен мақсаттар қойып, ағылшын тілін үйрене бастадым. Түрлі вебинар мен шеберлік сыныптарға қатысып, курстар сатып алып, меңгердім. Қытайға бармас бұрын, тіл білмей-ақ, Қытаймен онлайн бизнес жасаудың қыр-сырын үйрендім. Расында бұл білгенім өз жемісін беріп, тіпті өзгелерге тауар алуға қолғабыс еттім. Қарағанды техникалық университетінде оқып жүріп, Қытайдың Гуанджоу қаласындағы Конфуций институтына грант ұттым. 2019 жылы екі дипломның иегері, яғни ҚарТУ мен Конфуций институтының дипломын қатар алдым. Содан соң Қытайдағы Гуанджоу шетелдік зерттеулер университетіне халықаралық бизнес мамандығы бойынша магистратураға түстім. Сонда оқып жүргенімде АҚШ-тың бизнес-визасын алдым.

– Қазір Америкада немен айналысасыз?

Қазір АҚШ-тың Нью-Джерси штатында тұрамын. АҚШ-та «Yes Export LLC» деген атпен өз компаниямды ашып, Қытайдан АҚШ-қа тауар экспорттаумен айналысамын. Трак компаниялары үшін біз: шығын материалдарын, қосалқы бөлшектер мен компоненттерді (сүзгілер, шанақ бөліктері, шиналар, айнымалы ток, TPMS), ал Мувиң компаниялары үшін: жабысқақ ленталар мен тамақ пленкасын жеткіземіз. Сонымен қоса, түрлі косметикаларды экспорттаймыз.
Компанияның «Yes Export LLC» деп аталуы да тегін емес. Бұған дейін Aidyn Yes, Yes Shop, Yes Company, Yes China атты компаниялар болды. Байқаған боларсыз, компания атауларының барлығында «Yes» деген жазу бар. Тегім Есенгелді болған соң, алғашқы әріптерін пайдаланып, өз брэндімді қалыптастыруды көздедім.
АҚШ туралы айтар болсақ, ол мемлекет іс жүзінде Қытайдан №1 өнім импорттаушы. «Амазондағы» тауарлардың басым бөлігі қытай тауарлары. Олар тұтынатын заттардың барлығы қытай өнімдері десе де болады. Сұраныс жоғары болғандықтан, логистикасы да озық. Бұл дегеніңіз Қазақстанға қарағанда АҚШ-пен бизнес жасау әлдеқайда жеңілірек деген сөз. Тауарларды сатып алу қабілеті жоғары болғаннан, табысы да айтарлықтай жақсы.

Тағы да айта кетерлігі – АҚШ-та кез келген салада бизнес ашуға мүмкіндік бар. Біздің елімізде де бар шығар, бірақ жемқорлықты жою керек. Сонда ғана біздің  Қазақстан сауда әлемінде озық елдер сияқты одан әрі дамиды деп ойлаймын.

Қытайлық сауда сарапшысы ретінде бизнес бастауды жоспарлағандарға қандай кеңес бересіз?

Бизнес бастаймын деген адам алғашқыда кішкентай нәрседен бастап көруі керек. Мен бастапқы кезеңде несие алуға қарсымын. Тағы бір маңыздысы – тек бір салаға ғана назар аударып, бір бағытпен қозғалған дұрыс. Бірнеше жеткізушімен (поставщик) жұмыс жасау қажет, осылайша сіз өзіңіздің тәуекелдеріңізді әртараптандырасыз. Ең бастысы, өзіне және өз ісіне сенген адам талай белесті бағындырады.

Білуімізше, төрт тілді еркін меңгергенсіз. Ағылшын, қытай тілдерін қалай үйрендіңіз? Қанша уақыт жұмсадыңыз?

Мен оқыған мектепте ағылшын тілін өте жақсы үйретті. Университетке түскен соң, осы тілді үйренуге ден қойдым. Ағылшын тілін үйрене жүріп, өзіміздің университетте Конфуций институты барын білдім. Онда қытай тілін ағылшынша үйретеді. Жарты жылда қытайша амандасып, қысқа да нұсқа сұрақ қою секілді жеткілікті үшінші деңгейге көтерілдім әрі ағылшын-қытай тілдері мектебін жүргіздім. Америкадан елге келген соң, ағылшын, қытай тілін үйрететін Yes Study білім беру орталығын аштым. Сөйтіп қарағандылық жастардың арасында алғаш дерлік Гуанжоуға жол аштым. Гуанжоуға барған соң тағы жарты жылда 6 деңгейдің бесеуін еңсердім. 2019-2020 жылдары Қазақстанға оралып, диплом қорғадым. Үндістан, Перу, Англия, АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония, Италия, Франция, Ресей, Украина елдерінен келген студенттермен бірге оқыдым, ал топта жалғыз қазақ мен ғана. Оқу күрделенгенде жергілікті қытайлардан қалыспауға тырыстық.

Бұрын ағылшын тілі бірінші орында тұрса, қазір қытай тілі қарқынды дамып келе жатыр. Болашақта аспан асты елінің тілі басып озатыны анық. Айта кетерлігі, ағылшыншаға қарағанда қытай тілін игерген дұрыс па деп түйдім. Еңбек нарығы ағылшын тілін өте жақсы меңгергендерге толы. Бірақ, жалақысы мардымсыз.

– Кездескен қиындықтарды қалай жеңдіңіз? Артыңыздан ерген жастарға не айтасыз?

Кәсіп бастаған кезде қиындықтар кездеседі, әрине. Бірақ оның бәрін шешуге болады. Себебі сенің ақыл-ойың мен аяқ-қолың бар ғой. Барлық қиындық ол – адамның миында. Көп адам жағымсыз ойдың шырмауынан шыға алмайды. Егер ақыл-ойыңда тұрақтылық болмаса, онда сенің кәсібіңде береке жоқ. Аш болсаң, соған жету үшін талпынасың, мақсат қоясың да соны істейсің. Ал тоқ адамға екі дүние де бір. Бұл менің ғана ойым. Артымнан ерген жастарға «мақсат қойсаң, бәріне де жетесің» дер едім.

– Елге оралу ойыңызда бар ма?

Әрине. Мен елімнің патриотымын. Өзге мемлекетте жүріп, өз елімді, туған жерімді сағынамын. Тіпті, топырағына дейін аңсаймын. Қазақстанға табан аударып, үйленіп, анамды қуантсам деймін. Қазақстанның атын әлемге танытып жүргендер өзге елде жүрген мені жігерлендіре түседі. Мектеп кезінде дзюдоға қатысқанымды жоғарыда айттым. Дзюдодан әкемдей болған, тәрбиелеп, баулыған бапкерімнің құрметіне зал салғым келеді. Онда еліміздің жалауын желбіретіп, абыройын асқақтатын, жауапкершілігі мығым, ер дейтін атқа лайық азаматтар тәрбиеленіп шықса деймін.

Сұхбаттасқан Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button