Айдос ҒАЛЫМОВ: «Әнұран ойнағанда көзіме жас келеді»
2011 жылы Ташкентте жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты өткен. Сол жарыста бағым жанып, өз салмағымда қарсыластарымнан басым түсіп, жеңіс тұғырынан көріндім. Финалда қарсыласымды жеңген соң қатты қуанғаным рас. Бірақ, жеңістің тәтті дәмін марапаттау кезінде – Көк Байрағымыз биікке көтерілген және Әнұранымыз орындалған сәтте сезіндім…
Рас, көп жерде ұлттық нышандарымыздың қадіріне жете қоймаймыз. Бірақ, өзге елдің аспанында туды биікке көтеру – үлкен абырой. Әр спортшының арманы. Тіпті, әсерді жеткізу мүмкін емес. Туға қарап тұрып, қолды жүрек тұсына қойып, Әнұранға ұйығанда кеудеңізді мақтаныш сезімі кернейді. «Аллаға шүкір, қандай бақыттымын. Мен Тәуелсіз елдің ұланымын ғой» деген асқақ рух тербейді бойыңызды. Иә, одан кейін де біраз бәсі биік бәсекелерде топ жарып, елдің Туын биікке көтердім. Ал, мен үшін үлкен жеңіс – Ақтөбеде өткен әлем біріншілігінде әлем чемпионы атанғаным. Әлемнің түрлі елінен келген небір балуандарға есе жібермей, өз елімнің аспанында Әнұранымыз ойнап, Туымыз жоғарыға бірінші көтерілгенде көзіме жас келді. Ерекше сезім. Ұлттық құныдылығымыз рәміздеріміз. Қадірін бір ұғынса, спортшылар қауымы ұғынар. Әрине, қазақтың әр саналы азаматы үшін үлкен құнды һәм қасиетті дүниелер ғой. Бірақ, елдің намысын қорғап жүрген саңлақтар қатты жақсы көреді, кие санайды. Мұны нық сеніммен айта аламын. Туымызды биікте желбіретер өрендердің тасы өрге домалай берсін. Алда үлкен дүбірлі дода – Олимпиада. Алла қалап, сол додада да бірнеше рет Әнұранымыз шырқалып, Байрағымыз биікте желбіресін деген тілек айтамын…