Жаңалықтар

Қайғылы жағдай қайталанбасын десек…

Қайғы мен қуаныш қатар жүреді. Өмір бар жерде өлім де бар. Бірақ, адамның қолымен жасалмаса да, адамның араласуымен алдын алуға болатын жайттардың да болатыны өкінішті-ақ. Жұрттың жадынан, көптің көңілінен кетпейтін өкініштер биыл да орын алды. Еске түсе қалғанда, зіл батпан қара тастай өкпемізді жаншып, жанымызды шырқыратқанымен, одан қашып құтыла алмайтынымыз тағы бар.

Сурет: exclusive.kz сайтынан

Жылдың басты өкініші – Костенко атындағы шахтадағы жарылыс. Қарағанды емес, қазақ елінің қабырғасын қайыстырған жарылыстан 46 кенші қаза тауып, 46 отбасы қара жамылды. Тәуелсіздік жылдарында құрбан болғандар саны жағынан ең үлкен апатқа байланысты «Жалпыұлттық аза тұту күні» болып жарияланды.

Бұған дейін биылғы 19 тамызда ғана «Қазақстан» шахтасында болған жарылыста позициялау жүйесінің болмауынан қайтыс болған бес кеншінің денесі әзер табылған. Бұл – көмір үшін өмірін бергендердің отбасыларының ғана емес, Қарағандының қайғысына айналды.

Жыл өкінішінің тағы бірі – Қарағанды-Балқаш тас жолындағы апаттар. Жергілікті полиция қызметі басқармасының дерегінше, биылғы 11 айда «Балқаш-Қарағанды» тас жолында 34 жол-көлік оқиғасы орын алған. Жан күйзелткен апаттан 42 адам қайтыс болса, 46-сы – түрлі жарақат алған.

Жалпы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенер болсақ, Қазақстан жолкөлік оқиғаларында адамның қайтыс болуы бойынша 179 елдің ішінде 107-ші орын алған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жол-көлік оқиғаларындағы өлім-жітімді объективті көрсеткіш деп санайды. Яғни, елдің экономикалық жағдайы, азаматтардың құқықтық сана деңгейі және биліктің жолдардағы тәртіпті сақтауға мүдделі болуына тікелей байланысты. Демек, ешқандай да табиғи апат, болмаса, адамға ырық бермейтін жағдай емес. Ал, аталған жолдағы апат себептерінің бірі – жобаны жүзеге асырудағы мердігердің салғырттығы, екіншісі – жүргізушінің салғырттығы. Өзінің ғана емес, өзгенің де өміріне. Адами фактордың салдарынан болғанының өзіақ өкінішті өртейтін жайт. Өкініш пе, өкініш…

Бұл бір ғана Балқаш-Қарағанды күре жолы ғана емес. Республикалық маңызы бар Қарағанды-Аягөз-Бұғаз автожолында, яғни, Қарағанды-Қарқаралы тас жолы да биыл Балқаш-Қарағанды тас жолын өкшелеп келеді. 28 апатта 16 адам қайтыс болып, 50 адам жарақат алған.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button