Білім

Ахмет ауылының алғашқы ұстазы

1916 жылдың күзінде Сәкен Сейфуллин қазіргі Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Ахмет төре ауылында мектеп ашып, ұстаздық еткен. Қазір сол мектеп Сәкен Сейфуллин атында. Мен ақынның ізі қалған мектепте білім алып жатқанымды мақтан тұтамын. Бұл білім ордасының тарихында қалған Сәкен ұстаздың еңбегі орасан.

 

Сәкен Сейфуллин – қазақ хал­қының зор тұлғасы, болашаққа күндей сәуле шашқан, тарихта мәңгілік із қалдырған ұстаз, жалынды жазушы, дарынды драматург. Ол «тар жол тайғақ кешіп» жүріп артына өшпес мұра қалдыр­ды. Шәкірттерін ерлікке, өнерге, адамгершілік қасиеттерге баулыған, оларға үлгі бола білген. «Сәкен Бұғылы болысындағы подполковник Сұлтантөре Абылайұлының ауылында мектеп ашып, сабақты орыс тілінде жүргізуге кірісті. Көбі кедей балалары. Есейіп қалғандары да бар.

Дүйсенбектің Құбашы, Ержұманның Ақылбегі, Баймағанбеттің Бекіші, әсіресе Жүсіпбектің Хамзесі бұрын молда алдын көргендігінен бе, жоқ орысша оқуға құмарлығынан ба, әйтеуір Сәкеннің қасынан шықпайды», – деп жазады академик Тұрсынбек Кәкішев.

Қазақтың дархан даласында, мектебі жоқ ауылда, өкімет тарапынан балалар біліміне еш көмек берілмесе де, өз ынтасымен, өз күшімен мектеп ашып білім шырағын жаққан. Бала білімін қолына алып, тәлім-тәрбие берген. Әр балаға ерекше көңіл бөле білді, өзінің болашақ еңбекқорлар мен күрескерлерді тәрбиелеп жатқанын жақсы түсінді. Ол жалқау және жауапкершілігі жоқ балалар­ға өте қатал болды. Олардың бі­лімге, оқуға деген құштарлығын оятуға бар күш-жігерін салды. Оған дәлел ретінде Сәкеннің мына «Інішегіме» деген өлең шумағын ұсына аламын.

Ойынды қой, оқы інішегім, алға бас!
Жарқыратып ақ нұрменен көңіліңді аш.
Балалыққа жас миыңды
алдатпа,
Ғылым үйрен, нұрға толсын кеудең жас, – деп шәкірттерін оқуға, ғылым үйренуге шақырды.

Шәкірттерінің Сәкен ұстазға деген махаббаты мен алғысы шек­сіз еді. Сәкенді үлгі тұтып, берген мейірімі мен шапағатын бағалай білді. Ұстазбен бірге жүргенде балалардың әр уақыты өте қызықты өтетін болған. Домбырамен ән айтып берген. Ауыл балаларының бойына ән тарап, ұстазындай өнерлі болғысы келген екен. Мәселен, Сәкеннің шәкірті Қ.Ақжановтың айтқан естелігінде: «Біз «Әупілдек» әні мен «Сары Жайлау» күйін С.Сейфуллиннің орындауында естідік. Оның бізді таң қалдырған, тамсандырған, қайталанбас әдемі дауысы мен әннің әуезділігі есімізде қалып қойды. Біз, ауыл балалары, жылы жүзді, мейірімді, мәдениетті, білімді адамды бірінші рет көрдік. Мұнтаздай таза киім киюі, бізбен қарым-қатынасы, сұлу келбеті, жүріс-тұрысы, барлығы да біздің оған деген сүйіспеншілігімізді тудыратын» дейді.

1964 жылы «Тың өлкесі» газетінде Е.Тәжиннің «Ұстаз» атты мақаласы жарияланған. Осы мақалада Ахмет ауылының тұрғыны С.Сейфуллиннің шәкірті Құбаш Дүйсенбековтің сұхбаты жария­ланған. Онда: «Сәкен Сейфуллин оқушыларға жақсы білім беру үшін әрбір сабағына мұқият, тың­ғылықты дайындалады. Мектептен кейін екі-үш сағат ауыл жанындағы Нұра өзені бойында табиғат аясында сабақты жалғастырады. Қызықты әңгіме-дүкен құрып уақыттың қалай өткенін білмей қалатын едік», – дейді. Бұдан Сәкеннің қандай ұстаз болғандығын, шәкірттерінің пір тұтқандығын көре аламыз.

Сәкен – қазақ халқының тарихында үлкен із қалдырған дара тұлға. Менің ауылымда Сәкеннің мәңгілік ізі қалған. Мен Сәкен ізі қалған мекенімді мақтан тұтамын.

Кәусар МҰСАҒАЛИҚЫЗЫ,
С.Сейфуллин атындағы ЖББ мектебінің 10-сынып оқушысы

Нұра ауданы

Басқа материалдар

Back to top button