Агрокешенге қамқорлық күшеюі тиіс
Мемлекет тірегі, қазақтың алтын бесігі – ауыл. Ел билігі қай уақытта да ауылды назардан тыс қалдырған емес. Себебі, ауылдың гүлденгені – елдің өркендегені.
Сайлау қорытындысын ауыл шаруашылығы еңбеккерлері қуана қабылдады деп ойлаймын. Дән сепкен диқан да, мал баққан шопан да ертеңгі күнге алаңдаулы еді. Күпті көңіл орнына түскендей болды. Жаңа мерзімге сайланған Қасым-Жомарт Кемелұлы ауыл шаруашылығы саласындағы реформаларды, берекелі бағдарламаларды одан әрі жалғастыратынына сенімім кәміл.
Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласына қатысты мемлекет қамқорлығын айқын сезініп, көзбен көріп отырмыз. Ірі қара немесе қой, құс немесе жылқы өсіремін десеңіз, ешкім қолыңыздан қақпайды. Мемлекет түрлі бағдарламалар, субсидиялау тетік тері арқылы қолдау көрсетіп, қолтығыңнан демейді. Кейінгі жылдары Ақтоғай ауданында шаруа қожалықтарының саны көбейіп келе жатқаны – сөзімнің айқын дәлелі. Даңғыл жолға түскен агроөнеркәсіп кешеніндегі бағдарламалар осы қарқынмен жалғасып, келешекте жандана түсуі тиіс деп есептеймін. Президентіміз ауыл шаруашылығы саласына қамқорлықты күшейте беретініне сенемін.
Тәңірберген ҚАСЫМОВ,
«Әлия» шаруа қожалығының жетекшісі
Ақтоғай ауданы