АЭС құрылысына қатысты референдумға 30 елден байқаушы келеді
АЭС құрылысына қатысты референдумды 30 елдің байқаушысы қадағалайды. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман айтты, деп хабарлайды ortalyq.kz Kazinform сайтына сілтеме жасап.
– Биыл 3 қыркүйекте қабылданған қаулы негізінде аккредитация 2024 жылғы 30 қыркүйекте, Астана уақыты бойынша сағат 18.00-де аяқталды. Осылайша, барлығы 177 байқаушы ресми тіркеуден өтті. 30 шет мемлекеттен және 4 халықаралық ұйымның өкілдері бар. Сыртқы істер министрлігі байқауға 5 ірі халықаралық ұйымға, оның ішінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық институттар және адам құқығы жөніндегі бюросына, Тәуелсіз мемлекеттер достастығына, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Түркі мемлекеттерінің ұйымына және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске шақыру жолдады», – деді ол комиссия отырысында.
Оның атап өтуінше, ЕҚЫҰ тарапынан байқаушы болмайды. Өйткені, ұйымның алдағы айларға жоспарланған сайлауларға байланысты іс-шаралары көп. Сондықтан елімізге миссия жібере алмайды.
– Қазіргі таңда байқауға қатысатын халықаралық ұйымдардың қатарында ТМД, ШЫҰ, Түркі мемлекеттерінің ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес бар. Жалпы республикалық референдумға 30 шет мемлекеттің өкілдері қатысады. Олардың ішінде ерекше атап өтетін, 4 орталық сайлау органының төрағалары келеді. Олар: Әзербайжан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Мазаир Панахов, Беларусь Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Игорь Карпенко, Тәжікстан Орталық сайлау және референдум комиссиясының төрағасы Бахтиёр Худоёрзода, Өзбекстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Зийниддин Низамходжаев, – деді Мұхтар Ерман.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА