Тұлға

Адастырмаған ақ арман

Балалық шағында «ақ халат иесі болсам» деген арман жетегіне ерген Роза Сәбитоллақызы 1981 жылы Семейдегі медицина институтын үздік тәмамдап, арнайы жолдамамен Қарағанды қаласындағы Сәкен даңғылы бойында орналасқан №1 емханада терапевт болып еңбек жолын бастады. Осы ұжымдағы Үмітжан Елеусізова, Клара Ерденаева, Галина Махметова сынды тәлімгерлердің бай тәжірибесін бойына сіңірді. Бүкіл ғұмырын №1 емханамен байланыстырған Роза Сәбитоллақызы содан бері облысымыздағы медицина саласындағы барлық өзгерістердің куәсі.

Қайта құру тұсындағы келеңсіздіктерді де, тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы өтпелі кезең қиындықтарын да көрді. Көріп қана қойған жоқ, азаматтық ұстанымына дақ түсірмей, қоғамдағы сол өзгерістердің жуан ортасында жүрді. Қайта құру кезінде «Медет» деп аталатын отбасылықдәрігерлік амбулатория ашып, қызметін жалғастырды. Михайловкада «Медет», «Вита», «Арман» деп аталатын дәрігерлік амбулаториялар мен консультативтік емхананың негізінде 2004 жылы №1 емхана қайта құрылды да, директорлығына Роза Сәбитолла қызы Разиева тағайындалды.

Мереке қарсаңында Роза Сәбитоллақызына арнайы жолығып, суыртпақтап сыр тартқанымда, қысқа қайырып, мынаны айтты:

– №1 емхана сонау 1952 жылы пайдалануға тапсырылған екен. Бүгінде ұжымда бес жүзге жуық адам еңбек етеді. Тоқсан сегіз білікті дәрігер 26 учаскенің тұрғындарына сапалы қызмет көрсетеді. Жедел жәрдем бригадасы бар. Ол қазіргі медицина талабына сай жабдықталған. Бригада мүшелері өзімізде тіркеуде тұрған адамдарға қызмет көрсетеді. Биылғы жылы Ержанов 28/2 көшесінде сол аймақта тұратын тұрғындарға жаңа ғимарат бой көтерді. Ғимарат кейінгі талапқа сәйкес жабдықталған. Емделушілерге барлық мүмкіндіктер жасалған.

Бір қуанарлығы байырғы тамаша дәстүрлерді жалғастырып келе жатқан тәжірибелі мамандар бүгінде аз емес. Олардың қатарында директордың емдеу істері жөніндегі орынбасары Айжан Рысбекованы, балаларды емдеу ісі жөніндегі орынбасары Сәлима Сәулетбекқызын, отбасылық денсаулық орталығының меңгерушісі Светлана Аркадьевнаны, Ержанов көшесіндегі емхана филиалына жетекшілік етіп отырған Индира Қуанышбекқызын, ультрадыбысты аппаратураның білікті маманы Русудан Чучукуевнаны, 1997 жылдан еңбек етіп келе жатқан бөлімше меңгерушісі Баян Мұратқызын, хирург Сәуле Ерғалиқызын, 1983 жылдан бері істеп келе жатқан Елена Андреевнаны, 1979 жылдан бері табан аудармай осында еңбек етіп, абыройға бөленіп жүрген Наталья Алексеевнаны айтуға болады.

– Әрине, – дейді Роза Сәбитоллақызы, – Ардагерлердің институт қабырғасынан кеше ғана шыққан жастарға қарағанда науқастармен қарымқатынас жасау, жан жылуымен бөлісіп, сөзбен емдеу бағытындағы айтар ақыл-кеңестері өлшеусіз. Дегенмен де, әлемдік деңгейдегі медицина саласында күн сайын өзгерістер болып жатқанын ескерген жөн. Сондықтан, жас мамандардың білімін жетілдіруді әркез назарда ұстаймыз. Жастарымыз Алматы, Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларына біліктіліктерін көтеру үшін жылда барады. Соңғы жылдары Кипрге, Кореяға үш адам, Чехия мен Германияға төрт маманнан барып, кәсібиліктерін арттырып қайтты.

Бүгінде әлемнің өзге дамушы мемлекеттері секілді еліміз де дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Бұл Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция дәуірі технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңі» деп атап өткендей, елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта тұрғындарға ақпараттық және электронды көмек көрсету мақсатында «ДамуМед» медициналық ақпараттық жүйесінің мобильді қосымшасы енгізілді.

«ДамуМед» мобильді қосымшасының жеке тұлғалар үшін тигізер пайдасы зор. Қосымша арқылы тұрғындар өз уақыттарын үнемдеп, сапалы медициналық қызмет түрлеріне қол жеткізе алады. Тұрғындар үйден шықпай-ақ дәрігер қабылдауына жазылуға, өзі және отбасы мүшелері үшін кез келген уақытта дәрігерді шақыруға, «Дабыл түймесі» модулі арқылы жедел жәрдем қызметіне жүгіне алады. «Зертханалық зерттеулер» модулінде тапсырылған зерттеулер нәтижелері топтастырылады. Жалпы, «ДамуМед» медициналық ақпараттық жүйенің тұрғындар үшін тиімділігі жоғары

Роза Сәбитоллақызының облыстың медицина саласын дамытуға қосқан үлесі зор. Ол – жоғары санаттағы терапевт дәрігер, әрі жоғары санаттағы білікті ұйымдастырушы. Еңбек жолында ол «ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгісімен және басқа да марапаттаулардың иегері болды.

Роза Сәбитоллақызы жұбайы Болатпен ұл-қыз өсіріп, бүгінде немере тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Роза Сәбитоллақызы сол бақыттың иесі деп айтуға лайық тұлға. Бұл сөзімізге оның бүгінгі күнге дейін жүріп өткен өмір жолы куә.

Тілеуқабыл БАЙТҰРСЫН,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button