Басты тақырып

Адамзатты кім емдейді?

   Жасыратыны жоқ, қазақ етсіз тамақ ішпейді. Жесе тісіне кіретін дәм, жемесе түсіне кіреді. Табиғи және таза өнім. Табиғи екені рас. Себебі, шұрайлы даланың шалғынында өскен түліктің еті – біздің дастарқандағы ет. Мына көршілес Қытайдағыдай емес. Күншығыс елі түліктің төлін пышаққа жылдам қию үшін түрлі екпе жасайды екен. Мысалы, бір бұзауды төрт-бес-ақ айда тайыншадай етеді, семіртеді. Өздерінше «өсіреді». Енді, мұны табиғи өнім деп айтып көріңіз.

Ал, таза өнім дегеніңіз – қай өнім? Оның тазалығына кім кепіл?

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қаладағы қалың ел базардан сатып алады. Етті де, майды да, сүтті де, сүзбені де. Айтпақшы, аула-аулада сүт өнімдерін саудалап отыратын апа-жеңгелерді көзіміз жиі шалады. Соның бірінен өнімнің тазалығы туралы құжат талап етіп тұрған тұтынушыны көрмеппіз. «Қаймағын көріңіз, іркілдеп тұр» дейді сатушы апай. Өнімнің тазалығы жайлы құжатты көрсету ойына кіріп-шықпайды. Тіптен, ара-арасында алыпсатарлары да бар. Олар әлгі өнімді берген малдың дені қаншалықты сау екендігінен бейхабар.

Биылғы Құрбан айтта да талай түлікті «жанның садағасы» еттік. Ауыл-ауылдан ағылған мал тасымалдаушылардың санында шек жоқ. Кейбіреуі марқа мен қойды жүздеп тасыды. Алдын ала тапсырыс қабылдағандары да бар. Біздің облыстың елді мекендерін бері қойғанда, Абыралыдан (Шығыс Қазақстан облысы) қой-ешкі әкелгендерді естідік.

Мейлі. Бірақ, бұлар да малдың екпесі туралы құжатты көрсетіп, бас қатырғылары келмейді. Тура мағынасында. «Таза ғой, таяуда ғана ауруға қарсы екпе егілген» деп, қолды сілтей салуға әуес.

Мұны жазғанымызбен, жергілікті билік тарапынан мал өнімдерінің тазалығына мүлдем бақылау жоқ дегеннен аулақпыз. Жер-жерде арнайы мал сою пункттері, алаңдары жұмыс істеп тұр. Дегенмен, олардың саны әлі де жеткіліксіз.

Өзекті мәселенің «көкесі» бұл емес сияқты. Біріншіден, маман тапшылығы. Мал дәрігерлерінің арасында жас мамандар сирек. Алды алпысты алқымдаған ағайларымыз қасқа сиырдан қан алып жүр. Енді, бес-он жылдағы ахуал қандай болмақ? Малдың саны өсіп келеді. Кеңес уақытындағы көрсеткішке жете алмасақ та, сай-саланы бос жатыр деуге болмас. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы да дала төсі түлікке тола бастады.

Жерасты байлықтарының таусылатыны белгілі. Ауыл шаруашылығы өнімдері болса, баптай білгеннің бақуатын еселейді. Тым құрығанда, мал баққан шаңырақтың өз бетімен нан табуына жолы ашық. Оның үстіне, май шайқап, қазы айналдыруда «гамбургермен» күн көретін елдерге жалтақтамаймыз.

Мыңғыртып мал айдау – қазақтың байырғы кәсібі. Біз де асфальтта туған жоқпыз. Әкеміз 10 жыл совхоздың қойын бақты. Сол кездегі науқандық жұмыстар көзден бұл-бұл ұшса да көңілге түйгеніміз бар. «Зоотехник келді, ветврач келді» дегенді жиі еститінбіз. Құрметтеп, төрге оздыратынбыз.

Ойлап қарасақ, мал дәрігеріне деген құрмет ерекше болған екен. «Болған екен» деп өткен шақты сілтейміз, бірақ.

Заман өзгерген болар, қоғам өзгерген болар. Бензинсіз, газсыз, тоқпен жүретін көліктер құрастырылды. Ал, ас ішпей күн көретін адамды естімеппіз. Олай болмасы да анық.

Облыстың ветеринария басқармасының басшысы Бауыржан Асанов көптеген деректі мысал етті. Жыл басынан бері облыс көлемінде адам мен жануарларға ортақ бірнеше аурулар тіркелгенін жасырмады. 11 адам – күйдіргі, 499 адам – туберкулез, 9 адам – бруцеллез, 30 адам эхинококкоз дертіне шалдыққан. Ойланатын жайт.

Бұл мәселеге біржақты қараған болмас. Ветеринария мамандарының кінәсі деп кесіп айту да артық сияқты. Мысалы, қаражаты бардың қыстақ алып, мал өсіріп жатқанын жиі көріп жүрміз. Басым көпшілігі қалада тұрады, жалдамалы жұмыскер ұстайды. Ол жұмыскер малдың егілуі, тексерілуі мәселесіне «балтырын сыздатпайды». Қысқасы, қадағалау жоқ. Малдың иесі жас төлді тіркету, ветеринардың міндетін талап ету сияқты жұмыстарға мойын бұра бермейді. Ветеринарды шақырмай малды сою, өнімді ветеринарлық анықтамасыз саудалау жиілеп кетті. Өңірде белең алған қауіпті дерттер – соның айғағы.

Жазда жалпақ жұртты дүрліктірген күйдіргі дерті 50-60 жылдан соң да қайта ушыға беретінін оқыдық. 1951 жылы шыққан ветеринарлық энциклопедияда төрт түлік ауруының белгілері, оның алдын алу жолдары егжей-тегжей жазылған. Мәселен, өлексені көму үшін қазылған жердің арнайы стандарты болады. Оның төменгі, жан-жақ және үстіңгі қабаты цемент бетонмен қоршалуы тиіс. Сонда өлген малдың қан-жыны, шіріген өлексесі топыраққа араласпайды. Қарапайым логика.

«Ауру – астан». Атам қазақтың қатердің бірін қаперге салғаны ғой. Әйтпесе, бұйырған дәмнен бас тартпақ жоқ. Ішке ел қонбаса, іске береке қайдан келсін?

«Мал дәрігері» мамандығына сұраныс жоғары. Сонда жас буын бұл мамандықты игеруге неге құлықсыз? Атқа мініп, мал баққан елдің ұрпағы.

«Дәрігер адамды емдейді, мал дәрігері адамзатты емдейді» деуші еді. Білмеймін…

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button