Бас тақырып

«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп»

Қордайдағы қақтығыс… Қордаланған мәселе. Жергілікті биліктің салғырттығы. Құндылықтардың құнсыздануы. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық. Міне, осының барлығы ушыққан жараның аузындай бір-ақ күнде жарылып, тұрмыстық сипатта басталған жанжал ұлтаралық қақтығысқа ұласа жаздады. Абыз Алатау алаңдап, қарт Қаратау қамығып қалған. Абырой болғанда, ресми биліктің пәрменімен қақтығыс дер уағында ауыздықталды. ҚР Президенті Қасым-­Жомарт ТОҚАЕВ осы оқиғаға қатысты жасаған мәлімдемесінде: «…Бейбітшілік пен қоғамдық келісім – біздің мемлекетіміздің берік негізі. Халқымыз қиын-қыстау замандарда өзінің біртұтастығын сақтап қалған. Сондықтан, біз кейбір азаматтарға, соның ішінде арандатушыларға еліміздің басты құндылығын – ынтымақ-бірлігімізді бұзуға жол бермейміз. Бұл еліміздегі барша азаматтарға ортақ тілек деп санаймын», – деді. Жасыратыны жоқ, біз осы құндылықтарды бағалай алмай қалатынымыз бар. Дәл осы Қордай жанжалының да басты себебі – Тәуелсіздігімізге тұғыр болған тұрақтылықтың бағасын білмеуіміз.

«ҚАЗАҚ ОСЫ – ЖАТЫРҚАУДЫ БІЛМЕЙТІН»

 Біз әрбір әрекетіміздің астарында бағзыдағы бабалар аманатының батпандай жүгі жатқанын сезініп жүрміз бе? Мәселе – осында. Әйтпесе,

«Еділ бол да, жайық бол,

 Ешкімменен ұрыспа.

Жолдасыңа жау тисе,

Жаныңды аяп тұрыспа.

Ердің құны болса да,

Алдыңа келіп қалған соң,

Қол қусырып барған соң,

Аса кеш те қоя бер,

Бұрынғыны қуыспа.

…Өлетұғын тай үшін,

Көшетұғын сай үшін,

Желке терің құрысып,

Әркімменен ұрыспа.

Ашу – дұшпан, артынан

Түсіп кетсең қайтесің

Түбі терең қуысқа?!», – деп күңіренген Асан қайғы бабамыздың толғауынан тобықтай болса да ой түйіп, бой түзер едік қой… Елді ырысты ынтымаққа шақырып, бекем бірлікке ұйыстырған бағзыдағы бабалардың аманаты – бұл. Ал, аманат – қасиетті. Мұндай мазмұндағы жыр-толғаулар жырауларымыздың қай-қайсының да мұрасынан табылады. Доспанбет жырау «Қоғалы көлдер, қом сулар кімдерге қоныс болмаған» деп толғанса, Шалкиіз бабамыз «Малыңды бер де, басың қос, Басыңды қос та, бек сыйлас. Күндердің күні болғанда Басың жауда қалар ма?» дейді.

Иә, дүние жаратылғалы бері бірлік, ынтымақ ұғымдары құндылық саналып келеді. Адамдар арасындағы шынайы адами қарым-қатынас та, ұлттар мен ұлыстар арасындағы түсіністік те осы бір қастерлі ұғымдардан бастау алып, ұлы мұраттарға жол ашады. Өкініштісі сол, ұлы достық пенделер арасындағы қарапайым қарым-қатынастан басталатынын түсіне бермейміз. Мәселен, көрші мен көршінің татулығы, әріптестер арасындағы ауызбіршілік, іргелі ұйымдардың серіктестігі – мемлекет тұтастығының негізі. Айналып келгенде, бірлік, тұтастық, тұрақтылық деген ұғымдар бірін-бірі толықтырып, мемлекеттік идеологияны құрайды. Міне, достық, бірлік, татулық ұғымдарының құндылық ретіндегі нәрі осында жатыр.

Қазақ – ұлы халық. Ұлылығы – жүрегінің жылылығында. Әйтпесе, «Үйге кірген жыланның басына ақ құю» үрдісі бізден басқа қай ұлтта бар? Тағдыр тәлкегімен ата қонысынан ауа көшіп, ертелі-кеш қазақ жеріне қоныстанған қай ұлттың, қай ұлыстың баласын жатырқап едік? Бәрін де төрімізге оздырып, құшағымызға бастық. Далаға тән дархандығымыз дарақылыққа баланған кезі жоқ. Бауырмалдықтан жапа шеккен кезіміз болмапты. Шатастырмаңыз, бұл «жалпақ шешейлік» емес. Ұлылық!

 «Кең болсаң, кем болмайсың» дегенді айтқан бабамыз нені меңзеді? Дұшпанына ұлтарақтай жерін бастырмаған өр рухты халықтың бір сәтте «бетегеден биік, жусаннан аласа» бола қалуы қалай деп ойларсыз, бәлкім. Дәл қазіргі уақытта бізге керегі – мемлекетшілдік пен тұрақтылық. Бұл екеуі – тәу етер Тәуелсіздігіміздің тірегі һәм кепілі. Егер, менің бұл пікіріммен келіспесеңіз, бір күнгі бейбіт тірлікке тең келер құндылық тауып беріңіз маған.

Бәрібір, бар ғұмыры «аттың жалы, түйенің қомында» өткен бағзы бабаларымыздан бері тұтастық – тұғыр, бірлік – байрақ болғанын қайталап айтамын.

«Біз – кешегі «Алтын Орданың» мұрагеріміз» дейміз тағы. Сонда сол ұлы қаған іргесін қалап, шаңырағын көтерген Ордамыздың ойран болу салдарына үңілдік пе?

Үңіліп те, оқып та жүрміз. Сыртқы жауға дес бермеген алып мемлекеттің іргесі ішкі араздық салдарынан қақырады емес пе?! Тағдыры «Талас құрылтайында» екшелген «Алтын Орданың» ыдырауына Тоқтамыс пен Едіге арасындағы тақ тартысы себеп болғанын жақсы білеміз. Ал, сол екеуі өз өсиеттері бойынша Ұлытаудағы Едіге шыңында қатар жатқанын неге ұмытуға тиіспіз? Осы орайда Шалкиіз бабаның:

 Саздауға біткен қара ағаш

 Кімдерге сайғақ болмаған.

 Күлелік те, ойналық,

 Киелік те, ішелік,

Мынау жалған дүние

Кімдерден кейін қалмаған, – деген шертолғауы ойға оралады. Бұл да – аманат. Өміршең өсиет!

Сондықтан, жомарттығымен жолдан жығылмаған, кеңдігінен кемдік көрмеген ұлы халықтың ұрпағы болмашыға бордай үгіліп, тарыдай затқа тарылмас болар.

Қадыр Мырза Әлі айтады:

Қазақ осы – қарасың ба, ақсың ба,

Қоңырсың ба, жатырқауды білмейтін, – деп. Бабамның бойына дарымаған жатырқау бізге қайдан жабысып жүр?

АССАМБЛЕЯ – АСЫЛ МҰРАТТАР АЛАҢЫ

 Кешегі елді дүрліктірген Қордай қақтығысы тұсында Ассамблеяны қаралап шыға келдік. Мен айтар едім, сонау Асан қайғыдан басталатын ұлттық поэзияның өзегіне айналған аманат осы Ассамблеяның асыл мұраттарымен астасып жатыр. Бұл – мойындалған ақиқат! Өйткені, Ассамблеяның тұрақтылыққа – тұғыр, келісімге – кепіл бола білген бірегей институт екендігі әлдеқашан дәлелденген. ҚХА тәжірибесіне өзіміз тұрмақ, өзге елдердің сарапшылары арнайы зерттеулер жүргізіп, қызығушылық танытуында зор мән жатыр. Ұлттық саясатымыздың салмағы – осында.

Иә, Ассамблея – асыл мұраттар мен асқақ армандар алаңы. Асыл мұратымыз – ынтымақ, асқақ арманымыз – тұрақтылық пен бейбітшілік. Осы құндылықтар Қазақстанды тарихи Отаны санайтын 130 ұлттың ортақ мүддесіне айналды. Әрине, Елбасының сарабдал саясаты мен Ассамблеяның арқасында. Бұл жерде Елбасы саясаты мен қазақ халқының көнеден керуен тартқан жомарттығының, кең пейілі мен мейірімінің үндестігі небір тарихи тәуекелдерде жеңіске жетуімізге дәнекер болғанын аңғаруға болады. Бұл да – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының тарихи маңызы мен саяси салмағы тек қазақстандықтардың ғана емес, шетелдік сарапшылардың оң пікіріне қозғау болып, лайықты бағасын алды. Ал, мақаланың негізгі аспектісі – рухани құндылық. Тарих қойнауынан тамыр тартқан рухани байлығымызды негізге ала отырып, Қазақстанды мекен еткен әрбір этностың рухани құндылықтарына маңыз береді Елбасы. Міне, Көреген Көшбасшының көшелі саясаты!

…Естеріңізде болар, кешегі Кеңес дәуірінде «азшылық көпшілікке бағынады» деген сыңаржақ қағида болды. Мұның астарында көптің азға көрсетер әлімжеттігі мен үстемдігі тұрғаны белгілі. Алайда, қазаққа бұның қажеті болған жоқ. Тағдыр талайымен Қазақстанға қоныс аударған жүздеген ұлттың жүзін жарқын етуге тырыстық. Бұл біздің қанымызға сіңген дара қасиетіміз еді. Дей тұрғанмен, даралығымызды пұлдап, жат жұрттың баласына ұсынған дәміміз бен шығарған төрімізді құндаған кезіміз болған емес. Дәл осы кеңдігіміз келешегіміздің кемелдігіне негіз болды. Тіпті, жүзі – басқа, жүрегі – бір, тілі – басқа, тілегі – бір отандастарымыздың біздің салт-дәстүрімізге, діліміз бен тілімізге де ген құрметі артып, ықыласы оянды. Сөзіміз дәлелді болу үшін мысалға жүгініп көрелік.

Ұлытау ауданының шалғай бір ауылында неміс отбасы бар. Әлгі әулеттің қазақ халқына деген ықыласында шек болмаған. Тілімізді меңгеріп алғаны – өз алдына, бие байлап, қымыз ішкен. Сол отбасының бір ұлы міндетті әскери қызметке шақырылады. Кеңес дәуірі. Ресейдің бір түкпіріндегі әскери бөлімге түседі. Сөйтіп, ата-анасына сарыла күткен алғашқы хаты да келеді. Сондағы жазғаны: «Әке, апа! Ротаның барлығы – орыс, жалғыз қазақ – менмін. Тіл білмей, қиналып жүрмін» деген екен. Міне, бізде өзгені жатырқамайтын жайсаңдық, ал отандастарымызда бізге деген құрмет сонау Кеңес дәуірінде де болған.

Осы бір игі дәстүр Ассамблея алаңында жарасымды жалғасын тауып келеді. Әйтпесе, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында сындарлы сәт өзге көршілеріміз секілді бізде де болды. Сол кезеңдегі ақпарат құралдарында жарияланған саяси болжамдар біздің елде екі үлкен қауіп бар екенін ескерткен-ді. Бірі – қойнауымыз толған байлығымыз, екіншісі – еліміздің ұлттық құрамындағы жергілікті ұлт (қазақ) үлесінің аздығы. Яғни, көпұлттылықтың өзін «қауіп» санаппыз. Бәрі керісінше болды емес пе?! Қазіргі таңда осы екеуі де – кен байлығымыз бен көпұлттылығымыз қайнарлы қазынамызға баланып отыр.

…Көршілер көшіне көз тігіп көріңіз. Кемсіткеніміз емес, толқулар мен терактіден көз ашпай отыр. Жақында әлеуметтік желіден «Әлемнің 40-қа жуық елінде аштық белең алып тұр» деген жантүршігерлік ақпарат оқыдым. Ал, біз ше? Қазақы мәтелмен мәнерлесек, «бозда ойнап» жүрміз. Бұл – бірлігі бекем елде ғана салтанат құратын құбылыс.

Ендеше, Қордай қақтығысынан тамырлы салдар емес, сабырлы сабақ алуымыз керек. Қордай қақтығысы – ежелгі дұшпандардың егесі емес, қордаланған мәселелердің әшкереленуі.

ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ЖАРҒА СОҒАР

Иә, Қордай қақтығысы кезінде әлеуметтік желідегі ақпараттың айдарынан жел есті. Дәйектісі бар, дәйексізі бар… Арандату, ушықтыру, отқа май бүрку… Көпке топырақ шашқандық емес, арамызда алаулатыпжалаулатқандардың болғаны ақиқат.

 Иә, салдары салмақты оқыс оқиға. Жылдар бойы жылан бауырлап мемлекеттік мекемелердің босаға-төрін жайлап алған жемқорлық, керісінше төрге оза алмай, төрелік айта алмай, қорланған мемлекеттік тілдің мүшкіл халі, ұлттық мәселеге деген бойкүйездік, жат ағымға бой алдырған діни ахуал… Әлгінде өзіміз сөз етіп отырған мемлекеттік мүддеге, Ассамблеяның асыл мұратына, ұлттық құндылықтарымызға деген диаспора өкілдері құрметінің кемшіндігі осы оқиғаға себеп болғанын айтпай қалуға болмайды. Бұл дегеніміз – мемлекеттік саясаттың жергілікті деңгейде дұрыс жүргізілмеуі. Яғни, диаспораның кейінгі буын өкілдері мемлекеттік құндылықты, Тәуелсіздікті жете бағалап тұрған жоқ. Жергілікті билік мемлекеттің тұтастығы, елдің бірлігі үшін ортақ игілік қалыптастыруға енжарлық танытқан. Ішкі саясаттың жұмысындағы іркіліс іріңді жараның жарылуына алып келді.

 Кез келген оқыс оқиғаның салдары болады. Қордай қақтығысының салдарын жіпке тізгендей баяндап жатырмыз. Сарапшылар да салмақтады. Ел Президенті қатаң шара қолдану жөнінде шешім қабылдады. Сананың саңылауына сәуле сіңірердей, салғырттығымызға сабақ болардай түйін жасалды. Бетін аулақ қылсын, егер, жемқорлық деген жегі құрттан арылмайтын болсақ, мұндай оқиға дүнген мен қазақ ортасында ғана емес, таза қазақ ұлты қоныстанған ауылдарда да орын алмасына кім кепіл?! Өйткені, бізде жіктелудің рушылдық деген формасы тағы бар екенін ұмытпауымыз керек.

Дегенмен, әлеуметтік желіні жаулап алған жалған ақпараттың тұрмыстық тұрпатта тұтанған кез-келген жанжалдың басқаша сипатта өрбуіне тұздық боларын естен шығармаған абзал. Ұлттың ұпайы ұрандаумен түгенделмейді. Сабырдың салмағында тұрақтылықтың салтанаты жатыр.

«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» – дейді Хакім Абай. Ұлы ақынның осы сөзі ұлттық идеологияның өзегі болса – игі.

Ерсін МҰСАБЕК

Басқа материалдар

Back to top button