Адамзат айнасы
Ар ілімі – адамзат айнасы. Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің, ғаламдану процесінің ізгілікті қоғам құрудағы кері әсері ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын жүзеге асырудағы тәрбиенің тұжырымдамалық негіздерінде жіктеледі. Бұл мәселелердің барлығы еліміздің келешек тізгінін қолға алатын жас ұрпақты тәрбиелеуді сауатты әрі сапалы іске асыруда кезек күттірмейтін мәселе екені айдан анық.
Демек, ең алдымен, адамның өзінің өзгеруі туралы, адамзатты материалдық игіліктерді тұтыну идеологиясынан рухани өзін-өзі кемелдендіруге қайта бағдарлау жөнінде ойлау қажет. Әңгіме қоғамның әлеуметтік және адамгершілік бағдарларының өзгеруі жайында болып отыр және бұл үдерістегі жетекші роль – білім беру жүйесіне тиесілі.
Заманауи білім беру үлкен көлемдегі ақпараттарды бере отырып, ақылдың қажеттіліктерін артығымен қанағаттандырады. Кейбір дағдыларды дамыту мақсатында қолға да басымдық беріледі. Назардан тыс қалған аймақ – бұл жүрек. Шынайы білім беру жүрек, ақыл және қолды біріктіруі тиіс. Баста пісіп жетілетін ойлар, жүрекпен терең сезінілуі қажет, содан соң дұрыс шешімдерді қолдар жүзеге асыруы тиіс. Шындығында, білім берудің мақсаты – баланы жан-жақты тұтас дамыту.
«…Біз әлдеқашан ұмытып, қаперден шығарып алған ғасырлар бойғы рухани-адамгершілік білімді қайта жаңғырту қажет. Міне, біздің қазіргі қоғамымызға жетісе бермейтін рухани діңгек дәл осы болса керек», – дейді Сара Алпысқызы «Өзін-өзі тану маржандары» атты авторлық жинағында.
Осы орайда, жиырма жылдық тарихы бар «Бөбек» ҰҒПББСО «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру» бағдарламасының осы заманның санасы таза, жалпы адамзаттық құндылықтарға бай, ұлттық құндылықтарды құрметтеуді басты парызы санайтын ұрпақ тәрбелеудегі проблемаларын шешуде маңызды роль атқаратынын айту керек. «Өзін-өзі тану» оқу пәнінің мақсаты – оқушыларды рухани-адамгершілік дамыту, оларға жалпыадамзаттық құндылықтар туралы білімді игерту, оқушылардың әлеуметтік-маңызды тұлғалық қасиеттерін және өмірлік дағдыларын қалыптастыру.
Білім беру үдерісінде бала тұлғасының физикалық және интеллектуалдық аспектілерін ғана дамытып қоймай, ең алдымен баланың жоғары рухани-адамгершілік табиғатын ашу керек. Сол кезде біз академиялық жетістікке ие адамды ғана емес, жетілген мінез-құлықты адамды қалыптастыруға қол жеткіземіз. Ұлы Абайдың «Ғылымды, ақылды сақтай-тұғын мінез деген сауыт бар. Сол мінез бұзылмасын! …Қоярға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың?!» деген өсиетін еске сақтау абзал.
Дидар КАКЕНОВА,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚБАИ
Деңгейлік бағдарламалар орталығының тренері.